мәдени мұра

Президент Н. Назарбаевтың ұсынысымен 2004 ж. қабылданған мемлекеттік бағдарлама. Бұл бағдарлама үш кезеңде – 2004–2006 жж, 2007–2009 жж, 2009–2011 жж. жылдар аралығында жүзеге асырылды. Алғашқы екі кезеңде 51 тарихи және мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, қайта жаңғырту жұмыстары жасалды, еліміздің аумағындағы 39 қалашық пен қорғанда археологиялық зерттеу жүргізілді. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалып, оған 218 нысан енгізілді. ІІІ кезеңде Есік және Берел қорғандарының құрылысы жүргізіліп, Дамаск қаласындағы әл–Фараби кесенесі мен Каирдегі Сұлтан Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылды. Шетелдерден қазақ тарихына қатысты 5000–ға жуық көшірмелер әкелінді. 10–шақты шет елдерде Қазақстан тарихы мен мәдени мұраларының көрмесі өткізілді. Осы мемлекеттік бағдарлама бойыиша ғаламдық ақыл–ой жемісі саналатын 350 шығармалар кітап болып басылды. Қазақшаға аударылды. Онда қоғамдық–саяси сала (философия, тарих, экономика, психология, саясаттану, әлеуметтану, педагогика) бойынша – 124. көркем әдебиет бойынша – 75 кітап түрлері жарық көрді.  Осы бағдарлама аясында 40 археологиялық және 26 ғылыми– қолданбалы зерттеу жүргізілді, Тарихи–мәдени ескерткіштер мен ұлттың талантты перзенттері туралы  оннан астам деректі фильм түсірілді.

«М.м.» бағдарламасының маңызы – ұлттық мәдени мұраларды зерттеудің тұтас жүйесі құрылды және гуманитарлық ғылымның мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын құрайтын қадамдар жасалынды; өткен ұрпақтардың көркем–тарихи ескерткіштері, ауызша–поэтикалық шығармалары, өнердің қолданбалы түрлері жинақталды; халқымыздың өзіндік санасы мен жаңашыл рухының танымдық, саяси, әлеуметтік–психологиялық аясы анықталды; мәдениеттің дәстүрлі ұстанымы мен халқымыздың рухани өмірінің сабақтастығы қалпына келтіріле бастады; «М.м.» білім мен өнердің әр саласында ғылыми айналымға енуде. Сонымен халықтың рухани–мәдени сұранысына жауап беретін бірден–бір жобаға айналды. Онда мәдениетке қатысты фундаменталды, қолданбалы, ұйымдастыру сипаттағы іс–шаралар кешені жүзеге аса бастады.

М.м. адамзаттың тарихи және әлеуметтік–мәдени тәжірибесінің материалы ғана емес, одан адамзат өркениетінің үлгілері мен сабақтастығы табылады. Өркениет ағымы мен ұлттық дәстүрлерден «Біз не істеуіміз керек?», «Қалай өмір сүруіміз керек?», «Қандай таңдау жасағанымыз дұрыс?» деген сауалдарға жауап алуға мүмкіндік туады.

М.м. халқымыздың өсуінің рухани әлеуетіне, ұлттық өзіндік ерекшелікті сақтаудың факторына, ұрпақтар мен ұлттар арасындағы сабақтастықты жалғастырудың дәнекеріне, өмірді ұйымдастырудың және оны басқарудың түріне айналуда. 

М.м. бағдарламасы арқылы мәдениеттегі кеңістік пен өркениет туралы түсініктер кеңейді, түрлі өркениет пен мәдениеттің өзара байланыстары туралы көзқарастар жаңаша қалыптасты.  Өз отанымыздағы халықтардың тарихи байланысы мен тарихи тәжірибесінің, дәстүр–салттар мен құндылық ұстанымдарының сабақтастығы анықталуда. Бұдан әлеуметтік–мәдени тәжірибе мен этникалық бірлестіктің өзара тәуелділігін, халқымыздың өзін–өзі таныту жолдарының әрқалай болғандығын пайымдаймыз. М.м. халқымыз бен еліміздің мәдени және саяси тарихын қалпына келтірудің түрі, мәдени тәжірибені тұжырымдаудың, оның бағдарларын таратудың тетігі. Халықтық мұра ендігі этникалық қарым–қатынасты үйлестірудің, мемлекеттік саясатты рухани жаңғыртудың мәдени мәйегіне айналуда.  Бұдан туындайтын қорытынды: «Мәдениет – ұлттың бет–бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл–ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді–кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» (Н. Назарбаев).

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *