мақал-мәтелдер

бабалардың дана да қанатты, нұсқалы да арнаулы сөздері, шындықтың ширақ көздері, тәрбиеліктің таусылмас тезі, түйінді ойдың көңіл аулайтын мәнді ауқымы; ұрпақ арасында рухани қазына мен құндылықты нақты өрнектеп алмастыратын ыңғайлы әдіс, тартымды құрал; көркемдік қасиеттері, әлеуметтік мәні зор жанр, құндылығы терең құбылыс. М.–м–дер – атам заманнан қорланып, сұрыпталынған фольклордың туындысы;  сөздің құнары, үміттің ұраны, ойдың құралы;  мазмұны жағынан мұраты биік, рухы шымыр, көркемдік мәні зор халық шығармашылығы мен даналығының кең таралған түрі. Бүгінгі күнге дейін іріктеліп жеткен қазақтың асыл қазынасы –мақалды сөз өнері мен көркем мәдени мұрасына жатқызады. «Мақал дегеніміз – өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы. «М–дар халықтың қуанышы мен қайғысын, даналығы мен өмірлік тәжірибесін білдіретін ең кеңінен таралған формасы ғана емес, моральдық нормалардың өзіндік кодексі» деген  түсінікте қалыптасты. М–дағы өмір тәжірибесі татымды, онда сөз өнері «ерлік, ездік, жігер–махаббат, өнеге–ғибрат, ар–намыс тақырыптарының бәрі де өткен күнді қызықтау емес, ертеңгі күн талаптарының биігіне» көтереді (Ғ. Мүсірепов). М–да алғырлықтың үстем болуының түп–тамыры тереңде. Сөз өнері ойды құнарлайды және мәнерлейді десек, онымыз ойлану мәдениетінің өресі мен деңгейінен, ой түйіні мен талғамынан құралады. Өнерді өсіретін қылықтар  әділ де пайдалы сыннан көрініс табады, сырласқандарға жол тапса, онда көпке жағады.

Мәтел дегеніміз – халық арасына көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама–қарсы шендестіруі жоқ, ықшам кестелі халық сөзі» ( М. Әлімбаев). Мамандар қазақ халқының 50 мыңнан аса М.–м–дері жинақталынған, дейді. Оған жеке ойшылдардың қанатты да нақыл сөздері қосылмайды. Жиналмаған рухани қазынамыздың қаншама екені әзірге мәлімсіз. Дегенменде, М.–м.–ге деген сұраныстың халқымызда  кең таралғандығы анық. Оның себебі неде?

Адам ақиқатты ақтау, әділетті жақтау, тәлімдікті баптау, адамдықты сақтау үшін М.–м–ге жүгінеді. Оларды айта отырып, халқымыздың тілдік шұрайын жаямыз, өмірлік тәжірибесімен тілдесеміз, ашық сабағынан тәлім аламыз. М.–м–дер танымдық мән–мағынасы, әлеуметтік қызметі жағынан: – адамды адастырмайтын, досты өзара достастыратын, елді елдестіретін, рухани қазынасын; адам жан дүниесінің, оның белсенділігі мен халық тыныс тіршілігінің айнасын; қоғам дамуының жаңа үрдістеріне сай толығатын, жаңаратын халықтық даналықтың қайнарын; әр дәуірдегі даналықтың халықтық және тұлғалық сипаты мен дәрежесін дәйектейтін ғибратнама. Ғибратнамадағы діттеушілік –  танып–білу, өсиет, ұлағат, тәлім–тәрбие, парасат, ізгілік т.б.. Онда тұтас тірліктің қажетті көріністері іріктелген, белсенді жанның әрекеті дөп бағаланған. Ғибратнаманың қамтитын тақырыптары мен үрдістері алуан. Солардың қатарында:–туған жер, ел–жұрт, ағайын–туыс, халық, отан, бейбітшілік тақырыптары; ерлік, естілік, батырлық, батылдық, қайсарлық, бірлік идеялары; еңбек, еңбекқорлық, ұсталық, кәсіп, байлық, пайда мәселелері; тәлім–тәрбие, мінез–құлық, салт–сана, достық, үлгі өрнектері; ақыл, білім, ғылым, өнер, ақылдылық пен адамгершілік үлгілері;  ынтымақтастық, сыйластық, сақтық, саулық, отбасы сұраныстары; жамандық, жалқаулық, сараңдық, ақымақтық, жарлылық салдары. Осы тұтастық пен тұлғалық, туралық пен тұрақтылық төңірегіндегі, соларға тектес мәселелер туралы түйінді ойлар мен нұсқаулардың жалпыадамзаттық негіздері айқын, ұлттық өрнектері басым. Онда халықтық көрегендік пен кісілік қасиеттер, саналы сезім мен сапалы әрекеттер тоғысады.

Әр ұлттың өмір тәжірибесінен алынған М.–м–дің тұтас мағынасы – көненің өнегелі бітім бейнесі мен ырғағында, ұрпақтардың рухани құндылықтарының  қуатында. Ұғымтал ойдың қуаттылығы халықтың кемеңгер ойынан, сезімтал жүрегінен, қырағы көзінен туындаған. Мұның өзі халықтық мұраның арнасы, біржағы ұқсас, үйлес, түптес, біржағы жүрекке жақын рухани қазына екендігін айқындайды. Оған себеп – ортақ мәселе мен мақсатта, ірі мақсатқа мүдделілігінде.

Халықтың о бастан діттегені – ақиқат жолы, әділдік үрдісі, адамгершілік өнегесі, рух өресі.  Халық өмірдің құнды өлшемдерін дау тудырмас құндылығы үшін, тапқыр мәнділігі үшін, өнеге үйретер тәлімділігі үшін, ықшамды өткірлігі мен уыттылығы үшін қадірлеп–қастерлейді. Қазақ М.–м–дері – рухани ақиқат өрнегі және әлеуметтік–психологиялық сабақтың  өрісі; халықты еңбекке, кәсіпке, бай болуға тәрбилейтін әлеуметтік–философиялық маңызы күшті ұстаным. Қамал бұзар қаһарлы сөз бен тіл қаруын ел: а)  санадағы даналықты қалыптастырады, өмірдегі достық пен махаббатың мәртебесін көтермелейді; ә) адамды жақсы әдет пен әдепке қаратады; б)  елдікке, ерлікке, еркіндікке, естілікке, ептілікке үйретеді деп қабылдады. Рухы биік адам өз шоқтығымен таңырқатты, өз рухын таңдатқызды. Сөз зергерлерінің аузынан шыққан мақал–мәтелдерді үздіксіз пайдаланып, үлгі етіп, ұрпақ тәрбиесіне парықтап пайдалану дәстұрге айналған. М.–м–ң өтімділігі мен өміршеңдігі осында. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *