ғылыми–анықтамалық баспа мекемесі. Әмбебап және тақырыптық (пәндік), салалық энциклопедиялар, анықтамалықтар, сөздіктер, тілашарлар шығарумен, көне қолжазбаларды, басылымдарды, ұлы ғұламалардың еңбектерін қайта басумен, күрделі ғылыми–зерттеулер жариялаумен айналысады.
1968 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің 1967 жылғы 13 қыркүйектегі Қаулысына сәйкес Қазақстан Ғылым Академиясы жанынан «Қазақ Совет Энциклопедиясының» Бас редакциясы болып құрылған.130 адамнан тұратын ұжымның шығармашылық күші 11 ғылыми редакцияға топтастырылды. Қазақтың тұңғыш энциклопедиясының Бас редакциясы жанынан барлық ғылыми салалары бойынша 29 ғылыми–салалық алқалар мен кеңесшілер тобы ұйымдастырылып, оларға 313 ғалым мен маман тартылды. Олардың ішінде Қазақстан Ғылым Академиясының 27 академигі мен корреспондент мүшесі, 84 ғылыми доктор, 189 ғылыми кандидат болды.
Бас редакция қызметтік құрылымы мен ғылыми мекеме мәртебесін сақтай отырып, 1975 жылы Қазақ КСР–і Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттің жүйесіне қосылды. Еліміз егемендік алғаннан кейін 1993 жылы «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы болып өзгерді. 2001 жылы 2 қарашада жабық акционерлік қоғам болып қайта құрылды. «Қ. э.» ұжымы өзінің алғашқы күрделі жұмысы 12 томдық «Қазақ Совет энциклопедиясы» 1972–1978 жылдары аралығында әзірлеп, баспадан шығарды. 1982 жылы осы тұңғыш энциклопедияның әліпбилік пән–есім көрсеткіші жеке кітап болып шықты. Бұған жалғаса «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» анықтамалығы (қазақ, орыс тілдерінде 1980 – 1981) жарық көріп, барлығы 15 томдық топтама шығару ісі жемісті аяқталды. Бас редакция ұжымының ең сүбелі еңбектерінің бірі – әрқайсысы төрт томнан қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақ ССР» атты қысқаша энциклопедиясы (1986 – 1989). Бұл анықтамалыққа, негізінен, қазақ елінің тарихына, әлеуметтік тұрмыс–тіршілігіне, экономикасы мен табиғатына, қазба байлықтары мен жер–су, қоныстарына байланысты мәліметтер енгізілді. Елдегі саяси–әміршілдік жағдайларға орай бұрын аталмай келген халқымыздың асыл азаматтары туралы әділ бағасын берген мақалалар жарияланды. Еліміз егемендік алып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты бірнеше тілашар мен сөздік шығарылды. Жас оқырмандарға арналған «Ол кім, бұл не?» (үш томдық, 1985 – 1987), «Негеш» (1995), «Әлемде талай қызық бар» (екі тілде, 1986–1990) кітаптары жарық көрді.1996–2008 жылдар аралығында Егеменді Қазақстанның 10 томдық «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясын шығарды.
Ұлы тұлғаларға арналған энциклопедиялар: Ш. Уәлиханов шығармаларының академиялық бес томдығын (орыс тілінде, 1984–85);М. Әуезовтің таңдамалы шығармалар жинағын (қазақ, орыс тілдерінде аралас, 1997); «Құрманғазы» (1998); «Қорқыт» (1999): «Ә.Бөкейханов Таңдамалы» (қазақ, орыс тілдерінде аралас, 1995) кітаптарын қайта басып, ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын жеке кітап етіп шығарды (1998, 1995); Абай Құнанбаевтың бүкіл дүние жүзі елдері атап өткен 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абай» энциклопедиясын (1995) әзірлеп, баспадан шығарды; «Хирургтің анықтамалығы» (академик М.Әлиев, 1997); «Қазақстанда инженерлік істің дамуы» (екеуі де орыс тілінде, 2001 жылы жарық көрді) атты көлемді анықтамалықтар да мамандар мен оқырмандардың қажетін өтеген маңызды басылымдар болды.
Облыстарға арналған энциклопедиялар: «Алматы» (1983, 1996), «Қарағанды» (1990), «Ақмола» (1995),»Тараз» (2003), «Сыр елі» (2005), «Оңтүстік Қазақстан» (2005),«Солтүстік Қазақстан облысы» (2006), «Маңғыстау» (2008), «Ақмола облысы» (2009), Халықаралық «Түркістан» энциклопедиясы (2001) шығарылды. Сондай–ақ 2–дүниежүзілік соғыстағы кеңес халықтары жеңісінің 50 жылдығына орай «Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтарға ескерткіш–кітап» деген айдармен әр облыс бойынша 2–7 томнан тұратын «Боздақтар» көп томдығы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Тақырыптық энциклопедиялардың алғашқы легі шағарылды: «Қазақстан табиғаты», 1–2–томы, 2008–2009;«Қазақстан ғылымы», 2 том, 2009–2010.
Қ. э.–ның басшылары: академик М.Қ. Қаратаев (1968–1979), академик М.Қ. Қозыбаев (1980–1986), академик Р.Н. Нұрғалиев (1986–1997), академик Ә.Н. Нысанбаев (1997–2003), профессор Б.Ғ. Аяған (2003–2009). 2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін профессор Б.Ө. Жақып басқарып келеді.