ҚАЗАҚТЫ ҚҰТҚАРАТЫН — АҚ НИЕТ, АДАЛ ПЕЙІЛІ ҒАНА!…

ҚАЗАҚТЫ ҚҰТҚАРАТЫН — АҚ НИЕТ, АДАЛ ПЕЙІЛІ ҒАНА!…

1974-тің жазы. Әкем екеуміз түсте шай ішіп отырмыз. Неден шыққаны есімде жоқ, әкем: «Қазаққа үлкен, өте үлкен ауырпашылық келе жатыр!» деді. Оқымағанмен тоқығаны көп, өте ақылды, ойланбай сөйлемейтін әкемнен: «Аға (кемпірдің баласы болған соң мен әкемді солай атайтынмын), неге бұндай ой түйдіңіз?» дедім. Әкем: «Қазақтың дархан пейілі тарылып барады. Мына кең, тоқшылық заманның орнына қымбатшылық, қиыншылық заман келетін болды» деді. Мен таң қалдым-дағы, тағы сұрақ қойдым: «Оны неден байқадыңыз?» Әкем: «Кәзір ғана Тәжікүлдің асын беріп келдік қой. Содан қалған тамаққа әйелдер таласып жатыр. Әйтпесе, нөпір тамақ артылған жоқ па? Осындай нәрсе көбейіп барады…» деді.
Міне, 30 жыл болды, қымбатшылықтан құтыла алмай келеміз. «Тәуелсіздік келді, қарық боламыз!» деп тақиямызды аспанға атып едік, кеңес кезеңіне зар болып қалдық. «Жұмыссыздық» деген пәле жайлады елді. «Лақтыру», «рэкет» деген сұмдықтар пайда болды. Олар тіпті мәртебелілерге айналды — кешегі рэкеттің бәрі бүгін депутат, кәсіпкер, «құрметті азамат». Қайыршы қазаққа да етіміз үйренді. Бұрын қазақтың қызы қайтып келгені сүйекке таңба еді, бүгін Ажырасуға, әйелдің тірі жесір, баланың тірі жетім болатынына мүлдем мән беруден қалдық. Солай болуы таңның атуы, күннің батуы секілді заңды құбылыстай көрінетін болды.
Айтып тауысу қиын! Соның бәрі неден? Қазақтың пейілінің тарылуынан! Ең бірінші кезекте! Ең жоғарғы басшысынан бастап, ең төменгі қосшысына дейін. Алтын Орда заманында өмір сүрген Құтып есімді ойшыл бабамыз: «Халықтың бай-кедей болуы патшаның пейілінен» деген екен. Біз қалай кедей болмаймыз — айрықша ат беріп, айдар тағып ардақтаған адамымыз індетке патшалық қордан (бұрынғы болса да) — өз қалтасынан емес — 200 млн.теңге ақша шығарса? Жарты млн.долларға да жетпейді ғой.. Бұл оның жиенінің Лондондағы үйінің бағасының 150-ден бір бөлігі ғана!..
Кеше бір құдағимыз қайтыс болып, Бәйдібек ауданына барып келдік, Бізбен қатар тағы бір құдалар келді. Сағат 14 енді болғанына қарамай, дастарханын әлгі үй жиып тастапты… Тіске басар бір түйір ет қоя алмады. (Көрші әйелдер таласа бөліп алған болса керек). Әсіредіншілдер, уағыз айтпай тұра тұрыңыздар!..
Үш күннен бері бір автобустар мен таксилер тасымал бағасын шарықтатып жіберіпті. Бұдан 15 жылдай бұрын Шымкент пен Жамбылдың арасындағы Шақпақ асуы қыстың күні бораннан жабылып, бірталай автобустың жолаушылары 2-3 күн көліктерінің ішінде түнеуге мәжбүр болғанда, сол ауылдың адамдары бір бөлке нанды 500 теңгеден сатқан екен. Ақшаға қарық болғысы келген пайдакүнемнің біреуі өз үйіне жете алмай, адасып, үсіп өлгенін естігенде «қазақ деген аттан садаға кеткірге сауап болыпты!» деп қалай айтқанымды байқамай қалып едім.
Қазағым, пейіліңді кеңге салмасаң, қиыншылық кезеңнен құтыла алмағанымыз құтыла алмаған! Онсыз да 30-жылдық «өтпелі кезеңде» барлық жақсы қасиетінен айрылуға жақындап қалған қазақты әлі де ұстап тұрған жалғыз тұтқа — ежелгі «МАЛЫМДЫ АЛСАҢ АЛ, ПЕЙІЛІМДІ АЛМА!» дейтін ақ пейілі. Одан айрылсақ бәрінен айрылғанымыз! Марқұм Герольд Бельгер ақсақал «соғыс кезіндегі қазақ бүгінгі қазақтан басқа еді» деумен кетті. Алла-Тағала да «мен адамзатқа ниетіне қарап беремін» дейді екен. Ниетіміз — түзу, пейіліміз — адал болсын! Ұлт ретінде аман қалудың басқа жолы жоқ!…………

Өмірзақ Ақжігіт

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *