Әдістемелік кабинеттердің жұмысына көңіліміз толмайды. Тиімділігі жеткіліксіз. Кадрлық әлеуеті де төмен. Біраз өңірлер, мысалы, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Атырау облыстарында әдіскерлер жеткіліксіз болып тұр. Бірізділік те жоқ. Білім бөлімдерін әкімдіктерден алып, облыстық басқармаларға бердік. Енді әдістемелік кабинеттер бойынша да бірізділік жұмысын жүргізу керек. Білім бөлімдері білім басқармаларымен тікелей жұмыс істеп жатыр. Ауылдағы білім бөлімдері жанындағы әдістемелік кабинеттер облыстағы әдістемелік кабинеттермен жұмыс істеу мәселесі әлі де толығымен шешілмеген. Бүгінгі талдау соны көрсетіп отыр, — деді министр.Аймағамбетов бірізділік қажет екенін айта кетті.
Кадр әлеуетін дамытуымыз керек. Айналысатын жұмысын нақты белгілеу қажет. Көбінесе әдістемелік кабинеттер тексеріс жұмысын жүргізгенді жақсы көреді. Тексеріс жүргізіп кетеді. Әдістемелік кабинеттің жұмысы тексеріс жүргізу емес. Тіпті қағаз сұрай бастайды. Кейде білім бөлімінің қағаздарын толтырумен айналысады. Бірақ өзінің негізгі рөлін орындамай отыр, — деді Аймағамбетов өз сөзінде.Бас ұстаз әріптестеріне әдістемелік кабинеттердің немен айналысатынын нақты бекіту керегін тапсырды.
Басқа жұмыстарымен, яғни тексеріс, қағаз толтыру, қағаз сұрату және басқа да қосымша жұмыстармен айналысу әдістемелік кабинеттердің функционалына кірмеуі керек. Оған тыйым салынуы тиіс, — дейді ол.Сонымен қатар әдіскерлерге арналған курстарды өткізу мәселесіне де тоқталды.
Курс өткізу бойынша «Өрлеудің» филиалдары, басқа да ұйымдар бар. Ол қаншалықты керек? Соны да түсініп, шешім қабылдауымыз қажет. Мүмкін саны емес, тек сапасына көңіл аударып, мәселен, облыста 100 емес, 30-50 әдіскерді алып, олардың жалақысын көтеріп, өз пәндерімен ғана жұмыс істесе, жұмыс тиімді болушы еді. Көбінесе санына көңіл аударамыз, кейін олардың жалақысы жетіспей жатады. Осыдан кейін сапа қайдан болады?, – деп атап өтті Білім басшысы аппарат жиналысында.Министрдің айтуынша, енді магистр дәрежесі бар әдіскерлер де қосымша үстемақы алады. Ол айына шамамен 30 мың теңге. Сонымен қатар категория бойынша да үстемақы алуға мүмкіндігі қарастырылған. Егер мектептен жоғары санаты бар маман әдістемелік кабинеттерге барса, онда олардың өз санаты сақталады.