Бауыржан Момышұлы. Қос сөз. Біріккен сөз.

26-сабақ

1. Сабақтың тақырыбы: Бауыржан Момышұлы. Қос сөз. Біріккен сөз.

2. Сағат саны: 2 90 (100%)

3. Сабақ түрі: тәжірибелік

4. Сабақтың мақсаты:
• оқыту: Қос сөз, біріккен сөздер туралы мағлұмат беру. Кейбір сөздер бірнеше түбірлерден құралып, бірігіп жазылатынын мысалдар арқылы түсіндіру. Бауыржан Момышұлы туралы түсіндіру.
• тәрбиелік: Әдемі, таза, сауатты жазуға төселдіру. Ұйымшылдыққа, белсенділікке тәрбиелеу.
• дамыту: Екі түбірдің қосарланып немесе қайталанып айтылуынан жасалатын сөздер қос сөздермен таныстыру, қос сөздердің жасалу жолдарын меңгерту, деңгейлік тапсырмалар беру. Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерін айта отырып білімдерін дамыту.

5. Оқыту әдісі: шағын топпен жұмыс

6. Материалды – техникалық жабдықталуы:
а) техникалық құралдар: мультимедиялық жабдықтар
ә) көрнекі және дидактикалық құралдар: өзіндік жұмыстарға арналған кеспелер, тест тапсырмалары.
б) оқыту орны: қазақ тілі дәрісханасы


7. Әдебиеттер:

1. Негізгі (н)

1. Құрманбаева Ш. Қазақ тілі: денсаулық сақтау саласына арналған оқу-әдістемелік кешені. Алматы: Қазығұрт, 2010ж.
2. Ш. Бектуров, Қазақ тілі: жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық. –Алматы: Білім, 1994.
3. Н. Оразақынов, Н. Әміреев, Н. Сапақов. Қазақ тілі сөз мәдениеті- Алматы: Мектеп 2006
4. Ж. Адамбаева, Ф. Оразбаева, Қ. Оңалбаева. Қазақ тілі- Алмаы: Мектеп, 2006
5. Б. Құлмағанбетова, У. Туребекова, Г. Ибраева. Қазақ тілі – Алматы: Мектеп, 2007
6. Бектұров Ш. Қазақ тілі: ана тілі деңгейінде үйрету құралы. Алматы, Әділет ЖҚМ, 2002
7. Қараев М.Ә. Қазақ тілі: (Фонетика, лексикология, морфология, синтаксис) Алматы, Ана тілі, 1993

2. Қосымша (қ)
1. Қазақ тілі пәні бойынша практикалық сабақтардың 1-курс студенттеріну арналған әдістемелік нұсқаулар жинағы. Шымкент, 2002
2. Н. Беріков. Қазақ тілі сабақтары – Ақтөбе: Ана тілі, 1994
4. Г. Байжанова, А. Маймақова. Іс жүргізу – Астана: Фолиант, 2007
5. В.И. Сакала, Б.В. Сакала, Н.В. Сакала. Қазастан Республикасында іс қағаздарын жүргізу – Алматы: LEM, 2006
6. С. Кенжахметұлы. Жеті қазына – Алматы: Ана тілі, 1997
7. К. Сариева. Қазақ тілі және ел тану – Алматы: Lebiz, 1997
8. А. Нысаналин. Қазақтың мақал-мәтелдері – Алматы: Мектеп, 2004
9. С. Қалиева, М. Оразаев, М. Смайылова. Қазақ халқының салт-дәстүрлері-Алматы: Рауан, 2002
11. Е. Елубаев. Жүз жұмбақ, жүз жаңылтпаш – Алматы: Мектеп, 1999
12. Ә. Хазимова. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу – Алматы, 2004
13. Л. Дүйсебекова. Қазақ ресми іс қағаздары – Алматы. Ана тілі, 2005
14. Н. Оралбаева, Ғ. Мадина, А. Әбілқаев. Қазақ тілі – Алматы: қазақ университеті, 1998
15. К.О. Өмірбаева. Қазақ тілін көпдеңгейлік оқыту – Ақтөбе, 2005


8. Ұйымдастыру кезеңі: 5 мин (6% )
• Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
• Оқытушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
• Сабақтың мақсаты мен міндеті.

9. Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімін тексеру: 14 мин (15 %)

1. Қосымшалардың түрлерін ата.
2. Фонетикалық талдау жасау.

10. Жаңа сабақты түсіндіру: 27 мин (30%)

Бауыржан Момышұлы
(1910-1982)
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жеңімпаз батыр командир ретінде шыққан қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Бауыржан Момышұлы. Соғыс басталған жылы күзгі, қысқы алапат шайқастарда өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шыққан, 5 рет жау қоршауын бұзып, жауынгерлер құрамын аман-есен дивизиясына қайта қоса білген Бауыржанның атағы аз уақыттың ішінде-ақ шартарапқа жайылып үлгерді. Ұлтжандылығы, ержүректігі, ақыл-парасаты, әскери білімділігі мен тактиканы терең білуі отансүйгіштікпен ұштасқан ол майдан даласында жасаған ерліктері арқылы шын мәнінде көзі тірісінде аты аңызға айналған тұлға болды. Қандай жағдайда жүрсе де ұлтжандылығын көрсете білді, ұлттық намысты қорғай білді. Тез арада-ақ аты аңызға айналған Бауыржанның соғыс жүріп жатқан кездің өзінде өмірін, ерлік, істерін арқау еткен А. Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабы жарық көрді. Кейінгі дәуірде де ол туралы Ә. Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз», К. Серікбаев «Менің өмірімдегі Бауыржан Момышұлы» (орыс тілінде) атты кітаптар жазып жариялады.




Біріккен және кіріккен сөздер
Екі немесе одан да көп түбірлердің бірігіп, бір мағына, бір ұғым, бір атау, мезгіл, қимылды т.б. білдіретін сөздерді біріккен сөздер дейміз. Мысалы: отбасы, сексен, әкел, әпер, былтыр т.б.
Қазақ тілінде біріккен сөздер екі түрлі болады. Олардың біреуінде күрделі сөз құрамындағы түбірлердің тұлғалары сақталып, өзгеріске ұшырамайды. Мысалы: әрқашан, ешкім, Темірқазық Көкшетау т.б. Сөздердің ендігі бір тобының құрамындағы түбір сөздер фонетикалық (дыбыстық) жағынан өзгеріске ұшырап, бір-бірімен белгілі бір дәрежеде үндесіп айтылуы негізінде дыбыстық жағынан ықшамдалуы да мүмкін. Бұларды кіріккен сөздер дейміз. Мысалы: бүгін (бұл+күн), әкел (алып+кел), түрегел (тұр+кел) т.б.

Біріккен және кіріккен сөздердің емлесі
1. Біріккен сөздер үнемі бірге жазылады: бағдаршам, кәсіпорын, өнеркәсіп, қарлығаш т.б.
2. Кіріккен сөздер қосылып жазылады: алаңғасар, апар, биыл, былтыр т.б.
3. Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздерімен біріккен есімдіктер мен үстеулер түбір тұлғасын сақтап, бірге жазылады: ешбір, ешкім, әрқалай, кейбір, біркелкі, біржолата т.б.
4. Екі немесе үш түбірден біріккен кісі аттары мен географиялық атаулардың түбірі сақталып, бірге жазылады: Талдықорған, Сарыарқа, Сарыөзек, Әбдіманап т.б.
5. Екі түбірден құралған кейбір кісі аттары айтылу дәстүрін сақтап, түбір тұлғалары өзгеріп жазылады: Торайғыр, Қожахмет, Дәметкен т.б.
6. Екінші сыңары к, қ дыбыстарынан басталатын кейбір кісі аттарын жазу кезінде алдыңғы сөз қатаң дыбысқа аяқталса к,қ алдыңғы дыбыс дауысты немесе ұяң, үнді болса, келесі түбірде алғашқы дыбыс г,ғ дыбыстарымен жазылады: Амангелді, Нұргелді, Ботагөз т.б.
Қос сөздер
Екі түбірдің қосарланып немесе қайталанып айтылуынан жасалған сөздер қос сөздер деп аталады. Мысалы: ауыл-аймақ, ұсақ-түйек, көзбе-көз т.б.
Қос сөздер қайталама және қосарлама қос сөздер деп бөлінеді.
Қос сөздердің жасалу жолдары
1. Бір сөздің ешқандай өзгеріссіз қайталануынан: қора-қора, бара-бара, айта-айта, жазып-жазып т.б.
2. Буындардың қосылуынан: ап-ащы, кіп-кішкене, тіп-тік т.б.
3. Бір дыбыстың өзгеруінен: ет-мет, кемпір-семпір, тарс-түрс, кісі-місі т.б.
4. Мағынасы жағынан жарқын сөздерден немесе мағынасы қарама-қарсылықты білдіретін сөздерден: аспай-саспай, азды-көпті, жатса-тұрса, талан-тараж т.б.
1. Қайталама қос сөздер. Бір түбірдің қайталана айтылуынан жасалған қос сөздің түрін қайталама қос сөз дейді.

Қайталама қос сөздердің жасалу жолдары
1. Қосымшалы, қосымшасыз түбірдің өзгеріссіз қайталануы: өркеш-өркеш, ұзын-ұзын, сай-сай, келе-келе т.б.
2. Бір сыңары қосымшалы, бір сыңары қосымшасыз түбірлердің қайталануынан: үй-үйге, қолма-қол, бес-бестен, сөзбе-сөз, т.б.
3. Алғашқы сыңары өз қалпын сақтап, екінші сыңарының алғашқы дыбысы өзгеруінен: жігіт-мігіт, ет-мет, май-пай т.б.
4. Еліктеу сөздердің қосарлануынан: арс-ұрс, тарс-тұрс, сарт-сұрт т.б.
5. Түбірдің алдынан күшейткіш буын қосылу арқылы: жап-жақсы, ап-анық, қып-қызыл т.б.

2. Қосарлама қос сөздер. Екі түбірдің қосарланып келіп жасалуы қосарлама қос сөздер тобын құрайды.

Қосарлама қос сөздердің жасалу жолдары
1. Қосарлама қос сөздердің құрамындағы сөздердің мағыналары көбіне бір-біріне синонимдес немесе антонимдес болып келеді: тұрған-өскен, қарғап-сілеп, алды-арты, ертелі-кеш, астан-кестен, тоқты-торым т.б.
2. Бір сыңарының мағынасы қазіргі қазақ тілінде анық, екінші сыңарыынң мағынасын лексикалық тарихын зерттеу негізінде ғана анықтауға келетін сөздерден болады: келін-кепшек, абысын-ажын, жоқ-жітік, көрші-қолаң т.б. Бұл сөздердің екінші сыңарыынң мағыналары – тілдің белгілі бір кезеңдерінде дербестігі болған сөздер. Оған дәлел – көбі қазақ тілімен туыстас көптеген түркі тілдерінде (өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, ұйғыр, чуваш т.б.) қазіргі қалпында толық мағынаға ие түбірлер.
3. Екі сыңарының да мағынасы қазіргі тілде күңгірт сөздерден құралады: анда-санда, ың-жың, оқтын-оқтын, жым-жылас т.б.
Қос сөздердің құрамындағы сөздер бір ғана сөз табына қатысты болады. Құрамына көбіне-көп біркелкілік тән. Қос сөздер сөздерді қайталау, қосарлау арқылы жинақтау, болжалдау, мөлшерлеу, топшылау сияқты ұғымдарды береді. Қосарлама қос сөздердің құрамындағы түбірлерді бөліп, сөйлемнің бірыңғай мүшесі ретінде жұмсауға да болады: Әке-шешесі білім алуын қалады.
Қос сөздер дефис (-) арқылы жазылады. Сөз тіркесінде, сөйлемде қосымша қос сөздердің екінші сыңарына жалғанады. Мысалы: ақ-қараны ажырату. Бұл сөз тіркесінде біртұтас ұғымды білдіретін ақ-қара сөзінің екінші сыңарына жалғанған –ны- табыс септік жалғауы екеуіне де ортақ. Мысалы: Үй-үйлеріне тарап кетті. Сөйлемде үйдің көптігімен бірге сол үйлерге тарап кеткен адамдардың, яғни қимыл, әрекет иелерінің көптігі де аңғарылады, -і- иелік ұғым, -не- бағыттық мағынадағы барыс септік жалғауы қос сөздің екі сыңарына да тиесілі.


11. Оқушылардың өз бетінше атқаратын жұмысы: 31 мин (35%)

Мәтінмен жұмыс жасау, жаттығу жұмыстары, тапсырмалар.

12. Жаңа тақырыпты бекіту: 9 мин (10%)

Оқушылардың өз бетінше атқарған жұмысындағы тапсырмаларды талқылау.

13. Сабақты қорытындылау: 2 мин (2%)

1. Бауыржан Момышұлының ерліктерін атаңыздар.
3. Күрделі сөзге мысалдар келтіріңдер.


14. Үйге тапсырма беру: 2 мин (2%)
Бауыржан Момышұлы. Қос сөз. Біріккен сөз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *