Қаржы бақылау жүйесінің тарихы
Қазақстанның қаржы жүйесі өзінің жұмысын 1920 жылғы 19 қазан айынан бастаған. Сол айда Бүкілқырғыздық (Бүкілқазақтық) жұмысшы, шаруалар және қызыл армияшылар кеңестері депутаттары өздерінің Құрылтай съезін шақырып, тұңғыш рет өз үкіметін-Халық Комиссарлары Кеңесін құрған. Бұл Кеңестің құрамына 13 халық комиссары, оның ішінде Қаржы халық комиссары енген болатын.
Қырғыз (Қазақ) Автономиялы социалистік республикасы Одағы Халық комиссарлары кеңесі 1921 жылғы 21 тамыз айында Республиканың Қаржы халық комиссариаты туралы Ережені бекітті. Бұл Ереже республиканың қаржы органдарының құрылуы мен дамуында аса маңызды роль атқарып, халық комиссариатының және оның жергілікті құрылымдарының міндеттері мен мақсаттарын белгілеп берді. Бірінші республикалық Қаржы халық комиссары болып Нестор Григорьевич Калашников тағайындалды.
1923 жыл – ҚАССР Қаржы халық комиссариатында Бақылау-тексеру басқармасы құрылды. Оның функциясы — Халық комиссариаттарының мемлекеттік қаржының жұмсалуы мен бюджеттің орындалуы туралы есептеріне бақылау жүргізу.
1926 жыл, қараша – Бақылау-тексеру басқармасы Мемлекеттік бақылау басқармасы болып қайта құрылды.
1932-1933 жылдары Қаржы-бюджеттік бақылаудың арнайы органдары –Қаржы бюджеттік инспекциясы құрылып, 1935 жылға дейін жұмыс жасады.
1936 жыл, желтоқсан – Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы–Қазақ Советтік Социалистік Республикасы қайта ұйымдастырылуына байланысты республикалық қаржы халық комиссариатының штаты мен құрылымы өзгерді.
1937 жыл, қазан – Қаржы бюджеттік инспекциясының орнына СССР Қаржы халық комиссариатының құрамында Бақылау –тексеру басқармасы құрылды.
Оған республикалық және жергілікті органдардың, халық комиссариаттарының және мекемелердің бюджет құқығы жөнінде заңдылықтардың сақталуын, бюджеттің орындалуын және бюджет қаржысын дұрыс және үнемді пайдалануын, штаттардың сақталуын бақылау міндеттелді.
1938 жыл, мамыр-Одақтық Республикалардағы қаржы халық комиссариаты жанындағы бюджеттік инспекциялар таратылып, функциялары СССР Қаржы халық комиссариатының Бақылау-тексеру басқармасына берілді. Бақылау-тексеру басқармасының жергілікті органдары ретінде Одақтық республикаларда, аймақтарда, облыстарда бас және аға бақылаушы-тексерушілері болды, аппарат мемлекеттік бүкілодақтық бюджеттен қаржыландырылды.
1946 жыл, наурыз–Қазақ ССР қаржы халық комиссариаты Қазақ ССР Қаржы министрлігіне өзгертілді. Кейінгі жылдары Қаржы министрлігі құрылымында бірнеше рет өзгертулер болды.
1948 жыл, маусым-СССР Қаржы министрінің «СССР қаржы министрлігі және оның жергілікті органдарының жұмысын жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» бұйрығы шықты. Онда келесі міндеттемелер белгіленді; алдыңғы жылға бюджеттің жобасы бойынша бюджеттің кірісі мен шығысын тоқсанға бөлу, бюджет қаржысының жұмсалуы қатаң бақылауға алыну, қаржы бұзушылықтарға ықпал ету шаралар жүйесін енгізу.
1956 жыл, мамыр – СССР министрлер кеңесінің 03.05.1956 №583 және Қазақ ССР министрлер кеңесінің 16.07.1956 жылғы қаулыларымен Қазақ ССР Қаржы министрлігінің құрамында Бақылау-тексеру басқармасы құрылды. СССР Қаржы министрлігінің Бақылау-тексеру басқармасының жергілікті органдары Қазақ ССР Қаржы Министрлігінің Бақылау-тексеру басқармасының құрамына берілді.
Бақылау-тексеру басқармасы туралы Ереже бекітілді. Онда мемлекеттік бюджеттің атқарылуы, бюджет қаржысы мен мекемелердің, кәсіпорындардың меншіктік қаржыларының дұрыс және үнемді жұмсалуына, сонымен қатар СССР Қаржы министрлігінің Бақылау-тексеру басқармасының тапсырмаларына сәйкес одақтық бағыныстағы мекемелер мен кәсіпорындардың қаржы-шаруашылығы жағдайына бақылау-тексеру жүргізу басшылыққа алынды.
1964 жыл, наурыз — Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Бақылау-тексеру басқармасының жаңа Ережесін бекітті.
1981 жыл – Бақылау-тексеру басқармасының құрамында ведомстволық бақылау бөлімі ұйымдастырылды.
1992 жыл, 17 наурыз — Республика Президентінің «Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі шаралар туралы» № 684 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің «Министрлер Кабинеті жанындағы Қаржы бақылау Комитеті қызметінің мәселелері туралы» 1992 жылы 15 қазан айындағы № 864 қаулысымен Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Бақылау – тексеру басқармасы негізінде Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанынан Мемлекеттік Қаржы бақылау Комитеті құрылды.
Бұл бойынша қызмет түрлері мен меншік нысандарына қарамастан банкте, кәсіпорында, ұйымда, мекемеде қаржы шаруашылық жағдайды тексеру, бюджеттік қаражаттың пайдалануына тексеріс жүргізу тапсырылды.
1994 жыл, 15 шілде — Ел басшысының №1795 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қаржы бақылау Комитетінің орнына Қаржы бақылау Мемлекеттік Комитеті құрылды.
Бұл басқару органдарының құрылымын жетілдіру және оларды ұстауға жұмсалатын шығынды қысқартуға бағытталған шара еді.
1995 жыл, 19 қазан — Қазақстан Республикасы басшысының №2541 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі жанынан Қаржы – валюталық бақылау Комитеті құрылды.
1998 жыл, қазан — Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік басқару органдарын одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» №3986 Жарлығымен Қаржы министрлігінің Қаржы бақылау Комитетінің функцияларын Қаржы министрлігінің қазынашылық департаменті мен мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне берілді.
1999 жыл, желтоқсан — Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1959 қаулысымен Қаржы министрлігінің Қаржы бақылау Комитеті қайта құрылды.
2004 жыл, қазан — Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1134 қаулысымен Қаржы Министрлігінің Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу Комитеті құрылды.
2008 жыл, 24 сәуір – Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 387 қаулысымен Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті құрылып, аумақтық басқармалардың атауы аумақтық инспекция болып өзгертілді.
Мәліметтер Қызылорда облыстық Қаржы Департаментінің мұрағатынан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларынан алынды.