Қазыбек би (1667 – 1764)
Жоспар:
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
а) Қазыбек Келдібекұлының өмірі мен қызметі
ә) Қазыбек бидің шешімдері
ІІІ. Қорытынды
Қазақ жұрты жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан қиыстыра, төтеннен төге сөйлейтін тапқыр да ақылды бейнелі де беделді, аталы да баталы, нақыл, қанатты ойлары жөнінде өзіміз де, өзгелер де таңдай қағып айтудамыз. Шешендігінің үстіне қазақ халқы – ақын халық. Түйеге мінгеннің төрт ауыз, атқа мінгеннің алты ауыз өлеңі бар демекші, кез-келген үлкен-кіші, әйелі еркек «ауылдың алты ауызынан», «қонақ кәде», «жар-жар», «бет ашар», «той бастарды» домбыраға салып термелей жөнеледі.
Би, шешендер даулы мәселені түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, хабарсыз, ауызша жүзеге асып, бітіп жатқан.
Билер шешендігі біршама толық зерттелген сала. Шешендік өнерді зерттеген ғалымдар, шешендік өнерді билер сөзімен байланыстырып шешен – билердің ұтымды, тапқыр сөздерін көркем сөз ретінде қарастырылып келеді. Көркем де ойлы сөздің иелері шешен-билер мемлекет тағдырына араласып, ұлтының болашағы мен бірлігі жолында халқының тәуелсіздігі мен намысы үшін ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген, сөйтіп қазақ даласында әрірек барсақ көшпенділер сахарасында темірдей тәртіппен ізгіліктің қанат жаюына, демократияның жандануына ат салысқан тұлғалар, қоғам қайраткерлері.
Сондықтан да халық өзінің от ауызды, орақ тілді, қарқынды қақ жара әділ билік айтатын шешен билерін ханнан бетер қадірлеп, сыйлап, олардың айтқан кесімді, бітімді сөздерін жадында сақтап келген. «Түгел сөздің түбі бір түп, атасы Майқы би», «Төле би былай депті», «Қаз дауысты Қазыбек би айтыпты», «Әйтеке би айтқан сөз екен» деп ауыздарынан тастамайды.
Тарихи жазба деректерге қарағанда, кемеңгер Қазыбек би 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген, 97 жасында, яғни 1764 жылы көз жұмған. Қаз дауысты Қазыбектің тегіне, затына сүйегіне зер салсақ, Орта жүздің Арғын тайпасының Қара кесек руынан шыққан. Әйгілі ділмар Шанжар абыздың немересі Бұлбұлдың шөбересі. Ал өз әкесі – Келдібек би. Анасының есімі – Тоқмейіл. Қазыбек биден Бекболат би, бұдан Тіленші би. Тіленші бидің баласы Алшынбай би (Құнанбай Қажының құдасы, Абайдың қайын атасы). Алшынбайдан Бәпи тарайды. Атақты әнші –композитор Мәди Бәпидің ұрпағы.
Қазыбек есімі халыққа қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасына бітімші-бүтінші болған батыл елші, парасатты мәлімгерлер ретінде мәлім. Халық аңызына қарағанда, Қазыбек (он төрт жасында делінеді) Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамында қалмақ ханы Қоңтәжіге барып, батылдығымен әрі сөзге шешендігімен көзге түскен. Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арасында ғана осы сапарда қазақ елшілері теңдікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайырып алып қайтады. Осы жолда Қазыбек «Қаз дауысты Қазыбек» деген құрметті атаққа ие болады. Қаз дауысты Қазыбектің бұл елшілік еңбегін Шоқан Уәлиханов та естіген. Ол «ХYІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» дейтін мақаласында былай дейді: «Үш жүздің батырларынан сіз кімді артық көресіз» деп Абылайдан сұрағанда ол былай деп жауап беріпті: «Бізге дейінгі екі кісіге таң қалуға болады. Олар тоқсан туысын тұтқыннан құтқарып алған қаракесек Қазыбек және тағы да осындай өзінің тұтқында кеткен адамдарын босатып алған Уақ Дербісәлі. Біріншісі Қалданның өзі алдына барып босатып алған, ал соңғысы өз ауылында жатып дұшпаннын қорқытып алдырған».
Қазыбектің қазақтың ұлы көршісі орыс елімен де татулық, достық қатынасты жақтағанын бейнелейтін аңыз әңгімелер мен жазба деректер бар.
Халық шежіресі бойынша, Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет деген бес ұлы, Маңқан есімді бір қызы болған. Қазыбек қайтыс болғанда, осы қызы жоқтау айтқан екен.
Өсиет қылдың қазаққа,
Сарыарқа деген қонысың.
«Қалмақ, сартпен жауласпа,
Болмасын, — дедің, — жұмысың,
Өнерсіз өскен ел едің.
Біреу саған жау болса,
Паналауға жарайды.
Мынау көрші орысың,
Орыспенен жауласпа,
Есіңде болсын бұл ісім».
Қазыбектің шешендік, алғырлық, әзілдік қасиеті жеті жасынан-ақ көзге көріне бастапты дейді бір аңызда. Ас беріп, бәйге жарыс болып жатқанда бір құла қасқа жүздеген аттан озып келеді. Тойханада жүрген бір жігіт:
Мынау менің тай күнінде жоғалтқан бәсірем, — деп, оның шылауына орала кетеді. Бәйгеге қосып тұрған адам:
Өзімнің құла биемнен туған атым, — деп оған жеңіс бермейді. Осы арада дау-жанжал туады.
Көпшілік ол екеуін:
Келдібек биге жүріңдер, — деп ертіп барады. Келдібек екі жағын сұрастыра келіп, не істерін білмей отырып қалады.Сонда әкесінің жанында отырған жеті жасар Қазыбек екі даугерге қарап:
Қандай дәлелдерің бар, айтып көріңдерші? – дейді. Құла қасқаны бәйгеге қосқан кісі:
Енесін бір көрсем, одан туған төлді дәл айта аламын. –дейді .
«Тай күнінде жоғалтқан бәсірем» деген жігіт:
Мал бағып өскен қазақпыз ғой. Енесін көріп төлін, төлін көріп енесін айнытпай табамын.
Олай болса, — дейді Қазыбек бала, — анау көгендеулі тұрған қозы, лақтан екеуің екі қозы ағытып әкеліңдер?! Екі жігіт жарайды деп, көргеннен екі қозы жетектеп келеді.
— Енді, — дейді Қазыбек, — екеуің өріске барып, осы екі қозының енесін танып әкеліңдер?
Екеуі өріске барып, екі саулықты әкелді.
Қозыны енесіне салыңдар, — дейді бала. Атқосқан жігіт қозысын енесіне салса, әлгі әкелген саулығы алмайды. Қозы да жеріп қашады. Ал «тайында жоғалтқан бәсірем» деген жігіт қозысын саулыққа сауса, иіскелеп, қозыны емізіп тұра қалады. Сонда Қазыбек атқа иелік етіп жүрген кісіге:
Ал, ағайын, мына жігіттің мол тапқыштық қасиетіне күмәныңыз бар ма? – деп сұрайды. Ол төмен қарап үндемей қалады. Қазыбек көпшіліке қарап:
Қане, жұртшылық, бұған сіздер қалай қарайсыздар? – дегенде айнала төңіректеп тұрғандар:
Бала дәл шешім айтты, атасына рахмет, бәйге тай күнінде жоғалтқан жігіттікі десіп, тарапты.
* * *
Жантай деген бай малшысымен төбелесіп, сол төбелесте байдың бір күрек тісі сынады. Малшы «сенен шығамын» деп ақысын сұрайды. Бай «тісімді сындырдың, соның төлеуі үшін алдым» деп ақысын бермейді.
Жантай тұрып:
Мынау менің жолшым еді, өзіммен төбелесіп, бір күрек тісімді сындырды.
Бұның құнын сұрасам бермейді
Жалға жүрген ақымды бер деп
Жүр, — дейді. Сонда малшы тұрып:
Мен жалға жүрдім Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айға
Бір асына жарытпады
Мен күшіме жарытпадым
Сонан барып төбелес туды,
Жазым боп күрек тісі сынды.
— Байдың аты бай емес пе, ақымды бермейді, үйінен қуады. Би ата әділдігіңізге жүгінгелі келдім, — деп сөзін аяқтапты. Бұл дауға Қазыбек мынадай билік айтыпты:
— Ас адамның арқауы еді. Жантай асқа жарытпаған соң малшыға күш қайдан дарысын. «Аш кісі ұрысқақ» деген төбелістің шығуына да өзің себепкер болғансың. Сондықтан мынаның ақысын бер, күрек тісің құнсыз. Еркектің қалған тісі аман болса, бір күрек тістен келер кемшілік жоқ. Ал әйелдің күрек тісі, әрі көркі әрі жіп қиятын қаруы, — дейді.
* * *
Қазыбек биге бір адам: «кім жақын, не қымбат, не қиын?» деген үш сұраққа жауап беріңізші деп қиылып отырып алыпты. Сонда Қазыбек былай деп жауап қайтарған екен:
— 1 –
Тату болса ағайын жақын,
Ақылшы болса, ағайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын,
Инабатты болса, келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асың,
Қимас жақын — қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын.
Адал болса, досың жақын,
Еркелейтін немерең жақын.
Жан серігің жас кезеңнен,
Бәрінен де әйелің жақын.
— 2 —
Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт береке — атаң қымбат,
Аймалайтын — анаң қымбат,
Мейірімді — апаң қымбат,
Асқар тауың — әкең қымбат,
Туып-өскен елің қымбат,
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.
— 3 —
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын.
Шанышқылаған сөз қиын.
Дәл осындай жағдайда,
Пана болмас өз үйің.
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын.
Тентек болса ұл қиын,
Не істеріңді біле алмай,
Ашиды сонда бас миың.
Қаз дауысты Қазыбек аталып бүкілі қазақ даласына атағы жайылған. Қазыбек бабамыз 1764 жылдың желтоқсан айында өзінің қыстауы Теректі бұлақ басында 97 жасында дүниеден қайтты. Ел-жұрт бірнеше күн аза тұтқан.
Бұл айтылғандардан қорытынды шығаратын болсақ – Қазыбек Келдібекұлы кезінде қазақ халқын жапсарлас қалмақ, өзбек және орыс елдермен тату көпшілікке шақырған және Қазақстанның Ресейге қосылуына ат салысқан өз заманының озық ойшылы, Қоғам қайраткері болған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Төреқұлов Н., Қазыбеков М. Қазақтың би — шешендері. 1,2 — кітап-Алматы: Жалын 1993. – 400 бет.
2.Үш жүздің билері. (Қазақтың атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерінің шешендік өнері мен нақыл сөздері жайында) Қызылорда қаласы, 1998 жыл.