Шешендік өнердің зерттелуі
Жоспары:
1. А.Байтұрсыновтың зерттеуі
2. Р.Сыздықованың зерттеуі
3. Шешендік сөздерді топтастыру
А.Байтұрсынов шешендік сөздерді бірнеше топқа бөледі.
1.Саясат шешендік сөзі
2.Билік шешендік сөзі
3.Қошемет шешендік сөзі
4.Ділмар шешендік сөзі
5.Молдалардың нақыл сөзі
Қазақ шешендіктану ғылымында шешендік өнер мен шешендік сөздің ұғымдық айырмасын ашып, анықтама берген ғалым – Р.Сыздықова. 1987 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» деп аталатын кітапта шешендік өнердің сөзге шеберлік екендігін ұғындырып, оны шешендік деген атаумен атауды ұсынды. Орыс ғылымында «ораторское искусство, риторика, красноречие» деп жүрген категорияларды білдіретін шешендік атау қалыптасты. Р.Сыздықова қазіргі шешендік сөздерге қойылатын шарттарды санамалап көрсетіп береді: — әлеуметтік мәні бар тақырыпқа құрылуы; — әңгіме өзегінің дәлелі болуы; — тыңдаушыларға әсер ететін эстетикалық қасиеті болуы; — тыңдаушыларын белгілі бір іс-әрекетке ұмтылдыратын сөз болуы; — айқындылығымен түсініктілігі.
Одан әрі ғалым бұрынғы шешендік пен қазіргі шешендіктің айырмасын қолданылар жерлері, тақырыптары, түрлеріне қарай дәлелдеп көрсетеді. Р.Сыздықова бұрынғы шешендіктің ақындыққа, шешендік сөздің поэзияға жақындығын көркемдеу тәсілдерінің ортақтылығынан, екеуінің де әлеуметтік мүддені көздейтіндігінен, екеуінің де тыңдаушыға психологиялық әсер туғызатынын түсіндіреді. Шешендік сөз бен поэзияның арасындағы ортақтықты тап басып көрсетеді. Ертедегі Греция теоретиктерінің риториканы шешендік пен поэзия туралы ғылым деп қарастыруының өзі осындай ортақ белгілерінен еді.
Бірақ Р.Сыздықова шешендік сөз бен поэзияның бірдей еместігін, екеуінің арасында мынадай айырмашылық бар екендігін билер сөзін мысалға келтіріп көрсетеді: шешендер сөздерінің алды-артында, ішінде түсіндірме-баяндау мәтіндер болады, ал поэзияда түсіндірме баяндаулар болмайды, көркем сөз творчествосында тақырыпты ойдан шығару және оқиға өрісін ойша болжау дегендер орын алатын болса, шешен сөзінің өзегі тек қана шындық болмыс, көркемдеу құралдары мен тәсілдер поэзия үшін шарт болса, шешендік сөзде олар иіні келген тұста ғана қолданар құрал, тармақтардың буын саны жағынан біркелкілігі – поэзияға тән белгі, ал шешендік сөзде біркелкі емес, өлеңде ұйқас тәртібі сақталса, шешендік сөзде ұйқас тәртібі сақталмайды.
Мұнымен қоса, Р.Сыздықова шешендік сөздің басқа тілдік қарым-қатынастан өзгешеленетін белгілерін атап көрсетеді, олар: — шаршы топ пен шешеннің тікелей қарым-қатынасы, — шешен мен шаршы топ арасындағы тоғыспалы әсерлер; — шешеннің сөзіне дауыс ырғағы, мимикасы, т.б. қатысуы.
Р.Сыздықова осы кітапта бұрынғы шешендік сөздерді мазмұнына қарай төрт топқа бөлген:
1.Әлеуметтік-саяси мазмұнды шешендік сөз
2.Әлеуметтік- тұрмыстық мазмұнды шешендік сөздер
3.Білім-ғылымдық мазмұнды шешендік сөздер
4.Сотта қолданылатын шешендік сөздер
Қорыта айтқанда, қазақ шешендік өнері ежелден сөзге дәл осындай сипат беріп, оны саяси, әлеуметтік күш ретінде таныды. Біздің бұл еңбегімізде қазақ шешендік өнерінің негіздері етіп ежелгі сақ, ғұндардың шешендігі, көне түркі шешендігі, орта ғасыр түркі шешендігі алынып, қазақ шешендік өнерінің қалыптасу тарихы ақын-жыраулар шешендігі, билер шешендігі, қазіргі шешендік ретінде кезең-кезеңге бөлініп қарастырылады. Осы арқылы ежелгі грек-рим, қытай, үнді шешендігі тәрізді түркі шешендігі болғандығын, қазақ шешендік өнері сол түркі шешендігінің үзілмеген жалғасы екендігі дәлелденеді.
Г.З.Апересян 5 топқа топтаған.
1.Әлеуметтік саяси шешендік сөз
2.Академиялық шешендік сөз
3.Сотта айтылатын шешендік сөз
4.Әлеуметтік тұрмыстық шешендік сөз
5.Діни қызметте қолданылатын шешендік
Шешендік сөздер – ауыз әдебиетінің ең аз зерттелген жанрлық түрлерінің бірі. Мұның себебі кеңестік саясаттың қазақ шешендік өнерінің зерттелуіне тежеу салып келгендігі. Себебі, шешендік сөздерде халықтың ұлттық тарихы мен дүние танымы, азаматтық пен тәуелділікті аңсаған күрескерлік рухы жатты. Сондықтан кеңескерлік тотаритарлық тәртіп тұрғысында шешендік сөздерді жинап, жариялау, зерттеу ісіне шек қойылып отырды. Дегенмен қазақ ауыз әдебиетін алғаш зерттеушілердің бірі- М.Әуезов «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде шешендік сөздерге «Билер айтысы» терминдік атау беріп, оның билер сөзі екенін айтқан еді. Әйтсе де әдебиет зерттеушілері күні бүгінге дейін шешендік сөздерді фольклор қатарына қосып келеді. Бұл орайда, ұлы М.Әуезов пікіріне сүйенсек, билер сөзінің авторы қазақтың даңқты би-шешендері болмай ма? Расында шешендік сөз белгілі бір би-шешеннің атынан айтылатыны мәлім. Ал атақты В.Г.Белинский фольклорда даңқты есімдер болмайтынын алдағы көркем сөз авторы халық екенін көрсеткен. Сонда шешендік сөздерді фольклорға телу кеңістік дәуір тұсында би, шешендер есімін ауызға алудан тайсақтағандықтан ба, әлде фольклор мен авторлы ауыз әдебиетінің ара жігінің ғылыми тұрғыда түпкілікті ажыратылмағандығы ма? Рас, шешендік сөздер ғана емес, белгілі әдебиет зерттеушісі Е.Тұрсыновтың айтуынша жақын уақыттан бері ғана баспасөз авторы шығарма деп танылған және осы күнге дейінгі авторлығы ауызша сақталып келген, қазақ ақын жырауларының бай поэзиясы неге екені беймәлім фольклор қатарына жатқызылып келген. Сондықтан кеңестік дәуір тұсында жазылған еңбектерге жаңаша көзқарас тұрғысынан баға беру ләзім. Осы тұрғыдан келгенде кеңес дәуірінің соңғы кезеңдерінде шешендік сөздерді шұқшия зерттеген Б.Адамбаевтың көзқарастарында да қайшылық аз емес.
Пайдаланылған әдебиет:
1. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы. – Алматы: «Ғылыми» ғылыми баспа орталығы, 2005.-296 бет.
2.Т.Садықов. «Қазақтың шешендік сөздері». Алматы 1997ж
3.А.Нұрпейісова. «Тіл мәдениеті курсы». Талдықорған
4.М.Әлімбаев. «Өрнекті сөз ортақ қазына». Алматы 1977