Шешендік өнердегі отбасы сипаты
Бала өмірдің жалғасы деп қараған халқымыз ұрпағына өнеге үйретіп үлкен азамат етіп өсіруге үнемі көңіл бөлген. Ертедегі қоғамнан бастап баланы еңбек сүйгіш, шынайы қасиеттерге баулыған. Отбасының жеміс берер гүлі, алтын діңгегі – бала. Сондықтан бесіксіз үйде береке жоқ деп түйіндеген.
Отбасының түтіні сөнбеуі үшін өмірдің мәні де, сәні де, жалғасы да бала деп есептелінген. Баланың көп болуын қалаған.
Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,
Көп баласы бардың үйінде шамы бар.
Бала адам болса, мұратыңа жеткенің,
Бала өліп атасы қалса, арманда кеткенің,
Артында қызы бардың көзі бар,
Артында ұлы бардың өзі бар — деп бала дүниеге келмей жатып қамқорлық жасаған. Аяғы ауыр әйелге жүк көтертпеген. Әйелдің жерік асын тауып берген. Жас босанған әйелге мал сойып, қалжа тартып, сорпа ішкізіп, жас еттен қуатты тамақ берген. Атам қазақ:
Балалы үй – базар,
Баласыз үй – қу мазар, — деген.
Нақыл сөз
Нақыл сөз дегеніміз — өнеге-өсиет ретінде айтылатыын аталы сөз. Ерте заманнан келе жатқан нақыл сөздің сыйқырлы күші бар. Нақыл сөзде аурудан айықтыратын, төніп келген бәледен сақтандыратын, қауіп-қатерден құтқаратын қасиет бар. Қазақта батыр көп болған. Шешен аз болған. Ертедегі адамдар билер саусақпен санардай деп деп айтатыны да сондықтан.
Төле бидің: «Батыр деген – Барақ ит: екі долы қатынның бірі табады. Би деген – бір бұлақ:қатынның ілуде біреуі ғана табады, — деген қанатты сөзі бар. Билер шешендік өнердің болмыс-бітімін, дара табиғатын терең таныған. Шешендік өнердің басқа өнер түрлерінен, ғылым салаларынан айырмашылығы – оның пәнінде де, әдісі мен тәсілінде де ешқандай шекара болмайды, қысқа да нұсқа айтылады. Шешендік өнерге қойылатын шекара – ол ақыл-ой, ар-ождан, абырой шекарасы.
Ақыл ойдан тыятын, ар-ожданнан аттайтын, абыройдан ажырататын межеден арғы жерде шешендік өнер де болмайды.
Таза сөйлеу — ой айқындылығының белгісі. Шешендікті қадірлеген халық «Адам аласынан сөз анасы жаман, от шаласынан, сөз шаласы жаман» дегенде, ана тілінің байлығын бағаламай, туған тілінде таза сөйлей алмаған адамдардың қойыртпақ тіліне қарап, қынжылып айтса керек. Тіл тазалығы дейтініміз, — дейді А.Байтұрсынұлы, — ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, ескірген сөздерге жоламау, жергілікті сөздерден қашу».
Шешендік өнерде тіл тазалығы жоғарыдағы айтылғандардан өзгешерек. Әрине, шешендік сөйлеу мәдениетінің талаптарын ескереді, өйткені ол – тіл мәдениетінің жоғарғы формасы. Шешен болып қалыптасу жолында сөйлеуші тіл мәдениеті талаптарын меңгермейінше, оның шешен сөйлеуге төселуі пайым нормаларын сақтай алмаған адам көпшіліктің алдына шығып сөйлеп, береке таппайды.
Тіл мәдениетінде тіл тазалығы оның өзге тілдік элементтерден арылуы деп түсіндірілсе, шешендік сөздердегі тіл тазалығын ойдағы екіұштылыққа жол бермеушілік, сөздерді уәжсіз қолданбаушылық, ойды дәл білдірмейтін «жылтыр» сөздерді қуаламаушылық деп түсінуіміз керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Т.Садықов. «Қазақтың шешендік сөздері». Алматы 1997ж
2.А.Нұрпейісова. «Тіл мәдениеті курсы». Талдықорған
3.М.Әлімбаев. «Өрнекті сөз ортақ қазына». Алматы 1977ж
4.Н.Төреқұлов. «Қазақтың қанатты сөздері». Алматы 1988ж.