Сырым Датұлы (1712-1802)
Сабақтың мақсаты:Студенттерді Сырым шешеннің өмірімен таныстыру, халық алдында өтеген қызметін білгізу. Шешендік өнерін үлгі етіп, практикалық іс-дағдысында қолдануға үйрету.
Тапсырма
Төмендегі Сырым батыр туралы әңгімеге талдау жасаңыз
Сырымның сөздерін жатқа айтыңыз
Сырым Датұлы 1712-1802 жылдары өмір сүрген қазақтың батыры әрі шешен биі. Шыққан тегі Кіші жүздің Байбақты руынан. Байбақты ішінде Әйтімбет, одан Шолан, Шоланнан Түкім, Дат, Есенбай, Балторы, Даттан: Адамбай, Сырым, Амантай, Жомарт, Базарбай, Барлыбай, Жандыбай, Дүнімбай, Қорлыбай, Қалдыбай, Шыбынтай деген он бір ұл тарайды. Туған ауылы Сарыой, Орал облысы, Жымпиты ауданы. Дат шаруа, есті кісі екен. Ал, анасы ауданда бір ауылды сөзімен де, ісімен де билеген ақылды бәйбіше болыпты. Сырым 7-8 жасынан ақ естілігі, сөз тапқыштығымен ел аузына ілігеді. Өсе келе сол өңірдегі билер, шешендер, сұлтандар, хандарды жанай жүріп, олардан шешендік тапқырлықты ел билеу ісін үйренеді. Сол билердің кейбіреуіне іздеп барып, бата, жөн-жосық алады.
Бірде Сырым бала сол өңірге батырлық билік атағы жайылған Малайсарыға сәлем бере барады.
— Уа, қай баласың?
— Даттың баласымын.
— Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туды деп еді, сірә, сол боларсың?
— Болсақ болармыз. Бірақ бір құшақ отыннан бір оқтаулық мүсін шығады деуші еді. Әкем жаман болса, сондай-ақ болар. Өзіңді қазыналы қарт екен десем, қазымыр қарт па едің?
— Бала, әкең нашар болғанмен шешең пысық еді. Күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды ренжітпей атқарушы еді, шешеңе тартқан боларсың.
— Шешем пысық болса, оның несін айып көрдіңіз? Әкем би болмаса да би түсетін үй болыпты. Шешем күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні ренжітпей аттандырса- қырық адам екен, қырықтың бірі қыдыр деген, онда қыдыр дарыған болар. Шал үш түрлі деуші еді. Қазымыр шал, қадырсыз шал, қыдырымпаз шал. Өзіңіз соның қайсысыңыз?
— Балам, сынайын деп айтқан бір-екі ауыз сөзімді көңіліңе алма? Жаманнан жақсы туады — адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады –-бір елтіріге алғысыз. Сен де маған шалдың үш түрін айтып қырсығып қойдың ғой. Кісінің қадірін өзінен сұрамас болар. Қадірсіз десең – халқымнан сұра, қыдырымпаз десең – көршімнен сұра, қызымыр десең — кемпірім өліп, келінге қараған жетім шалмын, келінімнен сұра. Енді келген жұмысыңды айт. Сырымның көңілі сонда жадырап былай депті:
— Ауылымның алдында төбе болса, ертулі тұрған атқа тең, ауылыңда ақылды қарт болса, жазылып қалған хатпен тең деуші еді. Сәлем беріп бата алғалы келдім.
— Жарайды балам! «Кісі болар баланың кісі менен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар», «Ақыл қуып сөз бастайын деген екенсің, атқа мініп ел бастайын деген екенсің», «Ақыл жастан, асыл тастан» шығады деген, алдыңнан жарылқасын. Шиеленген түйінді, шиыршықталған қиынды шешіп, елдің ісін тындыратын, жаудың белін сындыратын әділ би айтушы кісі бол, әумин! – депті Малайсары қария.
Сары би мен Сырым
Тапсырма
Сары бидің Сырымға айтқан сөздеріне талдау жасаңыз
Сары бидің сөзін жатқа айтыңыз
Тама елінің Сары би деген ақылгөй ақсақалы Даттың үйінде түнеп отырған-ды, Сырым баланың әр сөзіне риза боп, оған мынадай өсиет айтыпты:
Балам бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ел алдында беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң, халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады.
Сырым:
Ол қандай сөз еді, ата, айтыңызшы?
Сары би:
Арлы ожданды бол!
Елге деген парызыңды ұмытпа!
Намысыңды жастан сақта!
Халқыңды қаралама!
Жақыныңды жаралама!
Қалысыңды қаралама!
Сары би айтқан осы алты өсиетті Сырым шешен қартайғанша есіңде сақтап келген.
Тапсырма
1. Төмендегі әңгімені оқып мазмұның айтыңыз
Мөңке би мен Сырым
Мөңке бидің үйіне арық құнанын мініп Сырым бала келеді. Баланы көзге ілмеген би бәйбішесіне: «Балаға айран әкел» депті.
Таңертең аулада семіз қызыл тұсақтың үйелеп өліп қалғанына налыған Мөңке:
«Құтты қонақ қонса, қой егіз табады, құтсыз қонақ қонсе, малыңды қырсық шалады» деген, қызыл тұсақ үйелеп өліпті, бала құтсыз қонақ болдың. Енді үйімнен кет! –деп ызғар шашады. Сонда Сырым бала:
Олай болса, биеке, — депті. Құтты қонақ қонса, малы өліп, басы аман қалады, құтсыз қонақ қонса, өзі өліп малы иесіз қалады дейді. Мөңке би баланың бұл сөзіне аң-таң болыпты да:
Рас, айтасың балам, сен шынында құтты қонақ екенсің,- деп оған сый-сияпат көрсетті.
Тапсырма
1. Төмендегі әңгімені мәнерлеп оқыңыз
Алдар би мен Сырым
Сырым үлгі алып, ұстаз тұтқан батырлар мен шешендер үлгілі сөз үйретіп қана қоймай Сырымның тапқырлық сөздерін, өжеттік ерлік істерін, құптап, көтермелеп отырған. Алдар би Сырымның алдынан шығып:
-Қарадан хан болдың,
Айырдан нар болдың,
Жоқтан бар болдың.
Көнеден дәурен озды,
Көндей боп қамқа тозды,
Атадан ұл озды.
Анадан қыз озды – деп тақпақтап қарсы алады. Сонда Сырым:
Қарадан хан болсам,
Халқым қалаған болар.
Айырдан нар болсам,
Атым жараған болар.
Көнеден дәурен озса,
Жасы жеткен болар.
Көндей боп қамқа тозса,
Дәурені өткен болар.
Атадан ұл озса,
Еркіндігі болар.
Анадан қыз озса,
Еркелігі болар- деп жауап береді.
Әрине, Алдардың сөзі – мақтау, оны Сырым жақсы түсінеді. Батыр масайрап бас шұлғымай, шешендік жұмбақтың шешімін тауып өзіне айтылған мадақтауды ел-жұртының атына аударады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Т.Садықов. «Қазақтың шешендік сөздері». Алматы 1997ж
2.А.Нұрпейісова. «Тіл мәдениеті курсы». Талдықорған
3.М.Әлімбаев. «Өрнекті сөз ортақ қазына». Алматы 1977ж
4. Шынбатыров Ә., Жарқынбаев Т. Шешендік сөздер, ақындық толғаулар. Алматы: 1985