Майқы би мен Аяз бидің тіл шеберлігі
Мақсаты: Халық даналығы мен билер сөздерінің сырын ұқтыру.
Тасырма
Мәтіннің мазмұнын айтыныз
Сұрақтарға жауап беріңіз
Сұрақтар
Майқы бидің өмірбаяны және шығармашылығы
Майқы бидің шығармаларынан үзінді келтіріңіз
Аяз бидің сөз шеберлігі туралы айтыңыз
Аяз бидің нақыл сөздерінің мағынасын түсіндіріңіз
Майқы би Мәнұлы біздің дәуірімізге дейінгі 178 жылы туып, 89 жылы дүниеден қайтқан.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін қанатты сөздер арқылы атадан балаға атағы таралып келе жатқан Майқы би бабамыз түйінді аталы, баталы, даналы шешен сөздердің де басы болса керек. Қазақ шежіресінде екі Майқы би болғанға ұқсайды. Оның алғашқысы Ғайса пайғамбардан он екі жыл бұрын билік құрған Мәнұлы Майқы би. Соңғысы Шыңғыс хан заманында ғұмыр кешкен Майқы би Төбейұлы (1105 – 1225 жылдар шамасы). Біздің әңгіме етпегіміз әуелгі Майқы би Мәнұлы қақында. Бұл Майқы би жөніндегі дерек бізге ертедегі шежіреші ғалым, әрі батыр Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» (1993) деген шежіре кітабы арқылы жетіп отыр.
Осы айтылмыш шежіреде Майқы би Мәнұлының ата тегі былай таралған: Ежелгі Елсау биден Нулы, Абыл. Абылдан – Қайыр, Қарғын, Тарғын. Қайырдан – Бақ, Шақ, Асық. Бақтан – Таң, Таңат, Шарт. Таңнан – Пәр, Өрт. Пәрден – Мән, Кен, Кеме, Тоқ. Мәннен – Майқы, Мойыл тараған.
«Майқы Мәнұлы өз заманында бүткіл қазақ атаулыны билеген, билеу үстінде әділдік орнатқан, қара қылды қақ жарған адам болыпты. Жұрт оны сөйлетіп қойып, аузына қарап отырады екен. Майқының заманында «Қарқуардай Майқы» дейді екен. Өйткені ол да шешендігіне байланысты болса керек. Қарқуар деген құс ертеден сайрағаннан талмай түннің бір шамасында сайрауын қояды екен. Содан екі бие сауым ғана дем алып, таң құлан иектене қайта сайрайды деседі. Міне, Майқы атамыз сондай шешен болыпты». Ол кездегі Майқы бидің қол астына шығысы – Тарбағатай, терістік жағы – Көкше теңіздеріне шейін, батысы – Шу алқабы, оңтүстігі – Үйсін тауларына дейінгі кең байтақ дала қараса керек. Бұл елдің орталығы Үш Қараш тауының түбіне орналасқан Шығу шаһары екен.
Майқы би елді бейбітшілік жолымен әділ де адал басқарған. Өзінен бұрын әр тарапқа бытырап кеткен елдердің басын біріктіріп, ұйымшылдыққа, ел бірлігіне үндеген. Майқы өз төңірегіне ақылды, дана кісілерді, батырларды, би, шешендерді, ақын-жазуларды, әнші күйші, өнерпаздарды, балгер, құмалақшы, жауырыншы, зергер ұсталарды көп жинаған. Олармен үнемі бас қосып ақылдасып отырған.
Әлгіде аталған Қазыбек бектің кітабында Майқы би бабамыздың бір топ нақыл, терме, толғауы келтірілген екен. Енді соған назар салайық:
Хас батырда ұйқы жоқ,
Хас сұлуда күлкі жоқ.
Күлкі қайдан болады,
Үйінде тұлдыр мүлкі жоқ.
Тамағынан жақын жоқ,
Өзі қатты сараңдардың,
Ешкімге айтар назы болмас.
Келіні жаман кемпір-шалдың,
Көрер күні жаз болмас.
Жекжат берер бекер пұлдың,
Көбі менен азы болмас.
Құлақ жарар шәңкіл әуен,
Тыңдағандай сазы болмас.
Ұрыс көрген ұл мен қыздың,
Мінезінің мәні болмас.
Еттің бәрі жал болмайды,
Бар сөз білген саз болмайды.
Күйгелектің тез күні өтер,
Ол қартайып шал болмайды.
Жапырақ жайған қызыл мая,
Саялайтын тал болмайды.
Қара көже күбідегі,
Ас болады, бал болмайды.
Түйе түлік шыдамы мол,
Бір шөккен соң мал болмайды.
Науқас билеп кеткен соң,
Шал-шауқанда әл болмайды.
Тұрған іркіт тамақ қырнар,
Тамақ болар, мән болмайды.
Аяз би Жаманұлы – қазақ халқының ежелден елге аты мәшһүр болған, аты аңызға айналып кеткен ақылгөй абыз, шешен, биі. Оның есімі бүгінгі ұрпаққа «Аяз би» ертегісі мен «Аяз биі әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» дейтін қанатты нақыл сөз арқылы сақталып жеткен. Аяз бидің ғұмырнамасы жөнінде әр түрлі деректер бар. Майқы би Мән баласының шежіресін жазған Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» (Жалын 1993ж.) дейтін кітабында Аяз биді және оның серігі Құмырсқа батырды Майқы би дәуірінде өмір сүрген Майқы Мәнұлының оң жағында отыратын сенімді ақылгөй билері еді деп жазады. Сонда бұл дерек бойынша Аяз би хижра жыл санауынан 711 жылы бұрын туып 800 жылы дүниеден өткен, Майқы Мәнұлының замандасы тұстас болып шығады. Ал, зерттеуші Балтабай Адамбайұлының «Алтын Сандық» атты кітабындағы шағын мәліметте Аяз би Хиуа хандығындағы дәуіріндегі өмір сүрген тарихи адам деп оны ХІ-ХІІ ғасырға жатқызады. Бұл әлі тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселе.
Аяз бидің қандай би болғаны, адамгершілік қадір қасиеті жөнінде Қазақ Совет Энциклопедиясында былай жазылған: «Бұрынғы қойшы, кедей Аяз өзінің ақылдылығы, даналығы арқасында уәзір болады. Бұл үшін Мадан ханның бірнеше сынынан өтеді. Оған шөп жаманы-қоға, құс жаманы-сауысқан екенін дәлелдеп береді. Ханның тұлпарының сиырға, өзінің қара халыққа шатыстығын айырады. Шартты жұмбағын шешіп, бай қызы Меңді сұлуға үйленеді, ханның күншіл, ақылсыз қырық уәзірін өлімнен құтқарады. Аяздың даналығын, достыққа адалдығын, сертке беріктігін, қайырымдылығын, әділдігін Мадан мойындап халық қалап, оны хан етіп көтереді».
Майқы би өзінің төңірегінде ақылды, дана, би, шешендерді, батыр, балгер, көріпкел әулелерді көп жинап, олармен ақылдасып отырады. Майқының Әндір, Мәді деген аспан әлемін, жұлдыздар сырын болжайтын білімпаздары болған. Олар аспанға, жұлдыздарға қарап мал-шаруа жайын, егіншілікке қолайлы мерзімді күні бұрын болжап, халыққа пайдасын тигізеді. Ал, Аяз би сияқты дана билеріне өзінің оң жағынан орын береді екен. Аяз бидің Құмырсқа деген әрі би әрі батыр жан серігі болыпты. Қайда барсада екеуі жұбын жазбай жүреді. Ол екеуі Майқы бидің сілтеуімен қазылық құрып, көбінесе елмен ел арасында тіршілік, бітімгершілікпен айналысады. Сондықтан да Майқы би Аяз би мен Құмырсқаға көбінесе арқа сүйеп, оларға сенеді екен. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақылдасып, ой пікір алысып отырады. Кейде дәл жауап айта алмай, шалыс басқан заматта оларға ескерту жасап түзеп, бағыт беріп жібереді екен. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:
Билер бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар,
Айтуға аузының да ебі бар.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзімде болмас бұрыс.
Ақылым алжыған жоқ,
Ондайды болжағам жоқ.
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би басарсың шоқ.
Аяз би әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл.
Ел арасында «Аяз би әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» деген нақыл сөз содан қалса керек.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Дәдебаев Ж. Шешендік сөздер. Алматы: 1993
2. Кәкішов Т., «Билер сөзі». Алматы 1992
3. Б.Адамбаев. «Қазақтың шешендік өнері».1984ж
4. Б.Адамбаев. «Халық даналығы».1976ж