Билердің сөз шеберлігі
Сабақтың мақсаты: Студенттерге шешендік сөз үлгілерін меңгерту, сөздің мағынасын түсінуге, сөзге мән беруге, шебер сөйлеуге баулу.
Тапсырма
Сұрақтар:
Әңгіме не туралы?
Әйтекенің шешендігін қай жерден байқадыңыз?
Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін
Жер дауына байланысты Орта жүзде Ормамбет биге айтқан бір сөзінде Әйтеке: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген.
Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Тамыры суда тұрса да,
Уақтысы жеткенде,
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен қиын сол екен,
Артында жанған шырақ жоқ…» —
деп Әйтеке атынан айтылған нақыл сөз де оның ойы терең, өмірден білген түйгені мол өз заманының ақылгөй екенін аңғартады.
Қысқасы, би – шешендер мұрасы – ұлт, замана, мемлекет тағдырын, өмір, тіршілік, тұрмыс құбылыстарын, адамгершілік дүниесін жан-жақты қозғап, әділ таразылайтын, ғаламат тұжырымды, тұрлаулы пікірлер қорытатын, нәзік талдаулар жасайтын, туған халқының ақыл-ой дәрежесін, рухани болмысын танытатын теңдесі жоқ өмір оқулығы болып табылады.
* * *
Ұлы жүздің жігітіне атастырып қойған Орта жүздің бір қызы өз елінің бір жігітімен қашып кетеді. Соған байланысты Ұлы жүз жағының жігіттері Орта жүз ауылдарынан жылқы айдап алады. Ақыры Ұлы жүздің биі Төле мен Орта жүздің биі Қазыбек айтысады:
Аға болып алдымен туасың,
Алдымнан жылқымды неге қуасың?- дейді Қаз дауысты Қазыбек би.
Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің? – дейді Төле би ашуланып. Сонда екі жағының да сөзін тыңдап отырған Әйтеке би былай депті:
Сабыр етіңдер билер! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле, сен жылқыны қайыр,
Қазыбек сен жесірін қайыр!
Әйтекенің төрелігін екі жағы да қабыл алып, ауысқан адамын, малдарын бір-біріне қайтарып, ел арасы тыныш болыпты-мыс.
Тапсырма
Шешендік дау туралы түсінігіңізді айтыңыз
Ер дауы дегенді қалай түсінесіз?
Бала би мен қарттың сөздеріне талдау жасаңыз
«Мен жастың жайсаңы едім»
Кіші жүз Жарасбай елі Қыпшақ Хангелді батырды өлтіріп, артынан құн даулап неше рет барса да теңдік бермепті. Ол кезде Бала бидің шын аты Ыбырай екен. Қыпшақ елі баршамыз деп тағы да жиналғанда Ыбырай тілек қылып бірге кетеді. Жарасбай елінің Ысмайыл деген егде тартқан қарт биі жұртты сөзден тосып, теңдік бермей жүреді. Ел тағы да сол Ысмайылды алдырыпты. Бас қосқан кезде екі жағынан да үш адамнан шығыпты. Қыпшақ жағынан үштің бірі болып бала Ыбырай шығады. Баланы көріп қарт би былай дейді:
«Баланы мұнда неге әкелдіңдер? Бұл келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құнын, нардың пұлын даулайтын үлгілі би, үнемі жүйрік түсетін, ердің арысы, елдің намысы сөз болатын жер емес пе! Түйенің тайлағы, баланың ойнағы ма бұл?! — дейді.
Сонда Бала би былай деп жауап қайырған екен:
Үш жүздің баласы бас қосқанда Орманбет би: «Ердің құнын жастың жайсаңы даулайды, кәрінің сайтаны даулайды», — деген екен. Сен кәрінің сайтаны едің мен жастың жайсаңы едім. Қартайғанша дауға араласатын нең бар? – депті.
Қарт сөзден тосылып, құн берген екен. Ыбырай содан былай Бала би атанып кетіпті.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Дәдебаев Ж. Шешендік сөздер. Алматы: 1993
2. «Билер сөзі». Кәкішов Т., Алматы1992
3. Б.Адамбаев. «Қазақтың шешендік өнері».1984ж
4. Б.Адамбаев. «Халық даналығы».1976ж