Жануарлар экологиясы – жануартану ғылымының тарабына жататын дербес ғылым. Жануарлар экологиясы негізгі үш бөлімнен тұрады: дарақтар экологиясы, популяциялық экология және қауымдастық экологиясы. Жануарлар экологиясының қағидалары мен деректерінің нәтижесінде сирек және жойылып бара жатқан жануарларды қорғау, экономикалық маңызы зор жануарларды өсіру, мекендестіру, шаруашылыққа және денсаулыққа зиянды жануарлармен күрес жүргізу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік туады.
1-тақырып: Жануарлар экологиясын зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Жоспар:
Экологиялық пәндердің жүйесінде жануарлар экологиясының мәні.
Жануарлар әлемінің шежіресі, жүйесі. Табиғи жүйеде жануарлардың ролі.
Жануарлар экологиясы — жануартану (зоология) ғылымының тарабына жататын дербес ғылым. Ол жануарлар физиологиясымен тығыз байланыста, физиологияның зерттеу әдістерін кеңінен қолдану арқылы көптеген табыстарға қол жеткізді.
Жануарлардың тіршілік ету ерекшеліктері туралы ғылыми деректер біздің дәуірімізге дейінгі табиғат зерттеуші білімгерлердің еңбектерінде айтарлықтай орын алады. Гректік ұлы ғалымы Аристотелдің (б.д.д. 384-322ж.) «Жануарлар тарихы», «Жануарлардың шығу тегі туралы» атты еңбектерінде 500-дей түрлі жануарларды әртүрлі топтарға жіктеп, оларға морфологиялық анықтама берумен қатар солардың көбісінің мінездік ерекшеліктеріне әсіресе балықтар мен жыл құстарының көшіп қоныс аудару, мекен ауыстыру, ұя салу, өзін қорғау үшін жасайтын іс әрекеттеріне сипаттама жасайды. Аристотелдің аса көрегендікпен жасаған жануарларды топтарға бөліп жіктеу жүйесі ешбір түзетусіз ХVIII ғасырға дейін қолданылып келді. Қазіргі замандық жіктеу жүйесінің негізін қалаған К. Линнейдің өзі Аристотельдің жүйесіне айтарлықтай өзгеріс енгізген жоқ.
Біздің дәуірдің 27-79 жылдарында өмір сүрген Плиний «Табиғат тарихы» деп аталатын 37 кітап еңбегінде жануарлардың шығу тегі, жіктелуі, тіршілік етуі және мінездік ерекшеліктеріне қатысты мәліметтер береді.
Орта ғасырлар дәуірінде діни – философиялық ілімдер кең өріс алып, шіркеулер ғылымға басымдық көрсетуіне байланысты табиғатты зерттеу жұмыстары тоқырап қалды. Құдайға құлшылық, дінге сенушіліктің күшті болғаны соншалық 6 аяғы бар шыбынды діни кітаптарда: «шыбында 4 аяқ бар» деп жазылғаны бойынша ғасырлар бойында қайталап жаттай берді. Шыбынның аяғы шынында 4 пе, әлде басқаша ма? — деп ешкім де байқап бір қараған жоқ.
Қайта өрлеу дәуірінде географиялық ірі жаңалықтардың ашылуы, техниканың біртіндеп дамуына байланысты әлемнің әр бөлігіне саяхат жасауға мүмкіндік тууының нәтижесінде биология ғылымының өріс алып дамуына жол ашылды. Әлемдік құрлықтың әр бөлігіндегі өсімдік, жануарлардың айырмашылығы мен ұқсастығын салыстырып, жер – жердің ерекшелігіне ондағы жануарлар қалай үйлескеніне ой жіберіп көз жеткізуге мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде XVI-XVII ғасырдың биолог-ғалымдары (А. Цезальпин, Д. Рей, Ж. Турнефор т.б) өсімдік жануарлардың дене құрылысы, түрлік құрамы т.б. сипаттары олардың мекен орнына байланысты екені туралы дәлелді мысалдар келтірді.
XVIІ-XVIIІ ғасырда ғалымдар жануарлардың әрбір тобын жекелеп зерттей бастайды. А. Реомюре (1734) жәндіктердің экологиялық ерекшелігін, Трамбле (1744) гидраның тіршілігі туралы, П.С. Паллас «Зоогеография» атты іргелі еңбегінде 151 түрлі сүтқоректі жануарлардың, 425 түрлі құстардың тіршілігі, көшіп мекен ауыстыру, қысқы ұйқыға кету, туыстас кейбір түрлердің өзара қарым қатынасы туралы айқын сипаттап көрсетті.
Жануарларға сыртқы ортаның әсер ықпалы туралы француздың табиғат зерттеуші ғалымы Ж. Бюфонның (1707-1788) еңбектерінде баяндалады. Жануарлардың дамып жетілуіне қажетті жылудың мөлшері туралы және аралар өзінің ұясындағы жылылықты реттейтіні туралы Бюффеннің еңбектері қазірге дейін өзінің құндылығын сақтап келеді.
Жануарлар экологиясын зерттеген жұмыстардың жетістіктеріне сүйене отырып француз ғалымы Ж. Ламарк «Зоология философиясы» деген еңбегінде жануарлардың эволюциялық даму дәуірінде оларды қоршаған сыртқы ортаның атқарған рөлін айқын көрсетті.
Орыс елінде экологиялық идеялар алғаш К.Ф. Рульенің еңбектерінде жарық көре бастады. Ол: «Егер біз қандай бір тірі ағза басқа ешбір затпен байланыссыз жеке дара тіршілік етеді деп пайымдасақ, онда ол ағза тыныс алмай, қоректенбей, ешбір қимылдамай және әлемдік тартылыс күшіне, қысым мен булану т.б заңдылықтарға бағынбай өмір сүреді деп оғаш қорытынды жасаған болар едік деп тұжырымдады.
К.Ф.Рульенің ізбасар шәкірті К.А. Северцов (1950) жануарлар тіршілігіндегі мезгілдік оқиғалар мен көріністер туралы, көбею қарқыны мен жас жасау мөлшерінің өзара байланысы туралы және жануарларды тіршілік нысаны бойынша жіктеу туралы ұсынымдар жасады. Ч. Дарвинның «Түрлердің шығу тегі» (1959) атты еңбегіндегі эволюциялық теорияның көптеген деректі қағидалары экологиялық құбылыстарды ғылыми тұрғыда түсінуге мүмкіндік туғызады. Эволюциялық теориядан нәр алған Қ. Мебиус (1877), Бахметьев (1901), Сэтон (1911), Шелфорд (1911) қатарлы көптеген ғалымдар жануарлардың өзара және жануарлар мен сыртқы ортаның факторларының арасындағы байланыстарды егжей-тегжейлі дәлелдей бастады. Экологиялық зерттеу жұмысын теориялық және әдістемелік дұрыс бағытта жүргізуде Д.Н. Кашкаров туындылары орасан зор рөл атқарды. Оның «Орта және қауымдастық» (1933), «Жануарлар экологиясының негіздері» атты жинақтары экологиялық зерттеулердің әрі қарай дамуына үлесін қосты.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан жануарлар экологиясы теориялық мәселелермен қатар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы салаларының практикалық мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешуге өзінің пайдалы ықпалын тигізе бастады. В.А. Догель, Ю.И. Полянскийлер қарапайым жәндіктерді зерттеу (протистология) шеңберінде, К.И. Скрябин тоғышар құрттарды зерттеу саласында (гельминтолгогия) Е.Н. Павловский, В.Н. Беклемишевтер ауыру тудыратын және аурудың қоздырғышын тасымалдап, жұқтырып тарататын жәндіктер туралы кең көлемді зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде табиғи ошақты жұқпалы аурулар туралы ілім жүйесі қалыптасып дамыды. Академик М.С. Гиляровтың еңбектерінің нәтижесінде топырақ жануарларын экологиялық тұрғыдан зерттеу бағыты өріс алып дамыды. Теңіз, мұхит жануарларын зерттеуде Л.А. Зенкевич, балықтардың экологиясын зерттеу бағытында Е.К. Суворов, Г.В. Никольский, құстардың биологиясы мен экологиясын зерттеуде А.В. Михеев, В.Д. Ильичев, И.А. Шиловтар үлкен үлес қосты.
Жалпы жануарларды дарақтық, популяциялық, қауымдастық экология деңгейінде зерттеу мәселелерін жүйелі түрде жинақтап оқулық, оқу құралдарын құрастыру ісіне И.В. Кожанчиков (1961), М.П. Акимов (1959), Б.Г. Иоганзен (1959), Н.П. Наумов (1963), В. В. Яхонтов (1964), И.А. Шилов (1985), А.М. Гиляров (1990), Г.В.Никольский (1974) қатарлы профессор ғалымдар өздерінің еңбегін арнады.
Әдебиеттер: (11,13,18).