Жануарларға жер бедері мен су түбінің әсері
Жер бетінің кедір-бұдырлық сипатының жалпылама атауы жер бедері (рельеф) деп аталады. Бейне-бітіміне қарай дөңес (немесе дұрыс), ойыс (немесе теріс пішінді бедер деп бөлінеді. Жер бедері ішкі (эндогендік) және сыртқы (экзогендік) геологиялық құбылыстардың өзара әсерлесуінің нәтижесінде құрылып қалыптасады. Көлемінің мөлшеріне қарай жер бедерін үш дәрежеге бөледі: макрорельеф, мезорельеф, микрорельеф.
Негізгі тегіс кеңістіктен биіктеген (немесе ойыстаған) айырмашылық мөлшері 20-1000 метрге жететін және одан артылатын бедерлер макрорельефті құрастырады. Бұған таулар, жазықтар, үстірттер, өзен аңғарлары жатады. Биіктік немесе ойыстық айырмашылығы 1-20метрлік бедерлер мезорельефті құрастырады. Бұған ойпаттар, қабақтар, баурайлар, әртүрлі жыралар мен сайлар жатады. Биіктік немесе ойыстық мөлшер бірнеше сантиметрден 1 метрге дейінгі айырмашылықтағы жер бедерлері микрорельефті құрастырады. Бұлар – төмпешіктер, жыралар т.б. жатады. Жер бедерінің жануарларға әсері көп. Таулар желдің күшін бәсеңдетіп, бағытын өзгертеді, жауын өрден ылдыйға, жыра шұңқырларға жиналады, таудың көлеңке жағы салқын, оның теріскей, күңгей және батыс, шығыс жағында жарықтың және жылудың таралуы бірдей емес. Өзен арнасында жер асты суының деңгейі жоғары, ауасы ылғалды болады. Міне осылардың бәрі жануарлардың таралуына, олардың тіршілік етуіне әсерін тигізеді.
Судың түбі су жануарлары үшін тіршілік ететін орта, бекініп орналасатын орын жай, қорегін табатын кеңістік, қозғалып жүруіне төсеніш (субстрат) ретінде рөл атқарады. Судың түбінің ерекшелігіне (құм, саз, ылай, тастақ т.б.), ондағы қоректік заттың мөлшеріне, тағы басқа сипаттарына байланысты су түбінде тіршілік ететін жануарлардың алуантүрлілігі, саны әртүрлі болады: саз балшықты болса жануарлар көп, тастақты суда аз кездеседі.