Экологиялық факторлардың әсер етуінің негізгі заңдылықтары

Экологиялық факторлардың әсер етуінің негізгі заңдылықтары
Қоршаған ортаның факторларының тірі ағзаға тигізетін әсерінің мөлшері фактордың күшіне (сандық көрсеткішіне) байланысты. Әрбір фактордың тірі ағзаға қолайлы әсер ететін, ағзаны қолайсыздандырып жаурататын және ағзаның төзімділігінің шегінен асатын мөлшері бар. Фактордың әсер ету мөлшері қолайлы деңгейде болса ағзаның тіршілік әрекеті қалыпты жағдайда жүріледі. Бұл мөлшер қолайлы белдем делінеді. Фактордың сандық мөлшері қолайлы белдем мөлшерінен азайып, не көбейсе ағзаның тіршілік жағдайы нашарлап мазасызданады, жаурайды. Бұл – беймазалық белдем. Фактордың сандық көрсеткіші өте азайып немесе өте көбейіп кетсе ағза ол фактордың әсеріне одан әрі қарай төзе алмай өлімге ұшырайды. Фактордың әсерінің бұл мөлшерін төзімділіктің шегі деп атайды (1-сурет). Фактордың мөлшері өте аз болуына да, өте көп болуына да ағза төзе алмайды. Бұдан төзімділіктің жоғарғы және төменгі деген екі шегі барын білуге болады. Мысалы тундраның ақтүлкісі +30ºС жылылықта (жоғарғы шек) бастап -55 ºС суықтыққа (төменгі шек) дейін төзе алады. Экологиялық факторлардың сандық мәнінің азайып, көбейіп ауытқуына ағзалардың төзу қабілеті экологиялық валенттілік немесе төзімділік (толеранттыық) деп аталады.

 

 

 

 

 

 

 


1 сурет – Экологиялық фактордың қарқыны мен оның әсер ету нәтижесінің ара байланысы [В.А. Радкевич (1977) бойынша]

Факторлардың төменгі және жоғарғы мәнінің аралық айырмашылығы төзімділік белдемін құрайды. Жоғарыда айтылған ақтүлкінің төзімділік белдемі +30ºС-тан -55ºС аралығында болғандықтан ақтүлкі ортаның температурасының 85ºС–тық ауытқуына төзе алады. Яғни ақтүлкінің температураға төзімділік белдемінің ауқымы кең (85 ºС). Төзімділік белдемінің ауқымы кең ағзалар эврибионттар деп аталады . Егер төзімділік белдемінің ауқымы тар болса стенабионттар тобын құрайды Мысалы жылы суда тіршілік ететін төменгі сатыдағы шаянның бір түрі температураның 6ºС-қа ғана ауытқуына (+23 ºС-тан +29 ºС аралығында) төзе алады.
Температурасының кең ауқымда ауытқуына төзімді ағзалар эвритермділер, тар ауқымда ауытқуына төзімділер – стенотермділер деп аталады. Сол сияқты қысымға байланысты атағанда – эврибат, стенобат; тұздылыққа төзімділігіне байланысты атағанда – эвригалиндер, стеногалиндер делінеді.
Қандай бір түрдің төзімділік шегінен фактордың мәндік деңгейі артылып кетсе (немесе жетпей қалса) ондай фактор шектеуші факторға жатады. Басқа факторлар ағза үшін қолайлы болғанымен бір ғана фактор төзімділіктің төменгі шегінің деңгейіне жетпесе немесе жоғарғы шегінің деңгейінен артылып кетсе ағзаның тіршілік етуін шектей алады. Түрдің географиялық таралу аймағының аумағы шектеуші фактордың әсеріне байланысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *