Жануарлардың өмірінің ұзақтығы мен өміршеңдігінің популяцияға маңызы
Жануарлардың өмірінің ұзақтығы генотиптік және фенотиптік факторларға байланысты әр түрлі. Қандай бір жануардың өмірінің ұзақтық мөлшерін: өмірінің физиологиялық (әлеуеттік) мөлшері, максимал мөлшері, орташа мөлшері деп бөледі.
Физиологиялық яғни әлеуеттік мөлшері деп егер ол жануарға бүкіл өмірінде ешбір шектеуші фактор әсер етпесе оның қанша ұзақ жасауға қабілеттілігін айтады. Өмірінің әлеуеттік мөлшері әрбір организмнің физиологиялық (генетикалық) мүмкіншілігін көрсетеді. Бұл теориялық тұрғыдан мүмкін болғанымен нақты өмірде іске аспайды, өйткені ешбір шектеуші факторға кездеспей өмір сүру мүмкін емес. Өмір сүрудің максимал мөлшері бұл нақтылы табиғи жағдайда өмірінің ең ұзаққа созылу (ұзақ жасау) мөлшері. Қандай бір түрлі жануардың популяциясының ішінен азғантай ғана бөлігі ең ұзақ өмір сүру шегіне жетіп жасайды. Әдетте ірі денелі жануарлар ұзақ өмір сүруге ықтималдығы басым болғанымен кейде ірі жануарлардан ұзақ өмір сүретін ұсақ жануарлар да кездеседі. Мысалы жарғанат 30 шақты жыл жасайды, ал аю одан аз жасайды. Популяциядағы барлық дарақтардың өмір сүру уақытының арифметикалық орташа көрсеткіші өмірінің орташа мөлшері деп аталады.
Популяцияның бастабында болған дарақтардан белгілі бір уақыттан соң тірі қалған дарақтардың саны немесе оның пайыздық мөлшері сол популяцияның өміршеңдігін көрсетеді. Өміршеңдік Z = n / N 100% формуласы арқылы есептеледі. Z — өміршеңдік, %; n – тірі қалған дарақтардың саны; N – популяцияның бастапқы саны.
Популяцияның санының ауытқып өзгеруі ондағы дарақтардың жастық құрылымына байланысты екенін өміршеңдік сызбасынан айқын көруге болады (23-сурет). Популяцияның саны келешекте қандай бағытта өзгеретінін болжап бағалау үшін өміршеңдік сызбасының маңызы зор. Жануарлар популяциясының өміршеңдігі алуантүрлі. Бірақ оларды биологиялық, экологиялық мәніне сәйкес негізгі 3 топқа бөледі.
Бірінші топ: өмірінің соңына дейін өлім – жітімі аз, бірақ өмірінің соңында дарақтарының өлімі күрт молаятын популяциялар. Бұған жұмыртқа салғаннан кейін өлетін жәндіктер (м: біркүндік, жұпсыз жібек көбелегі т.б), кейбір ірі сүтқоректілердің және адам популяциясы жатады (23-сурет I).
Екінші топ: бұл топқа популяциядағы дарақтардың өмірінің барлық кезеңдерінде өлім – жітім деңгейі біркелкі болатын түрлер жатады. Гидраның жас мөлшеріне қарай өлім – жітімге ұшырау деңгейі бұған мысал бола алады (23-сурет II). Құстар, бауырымен жорғалаушылар да негізінде осы топқа жатады.
Үшінші топ: өмірінің бастапқы кезеңінде саны өте мол (туған ұрпағының саны өте көп) болғанымен жас ұрпақтарының өлім – жітімі де көп болатындықтан популяцияның саны күрт төмендейтін, ересек дарақтардың өлімі аз кездесетіндіктен ересейгеннен бастап популяцияның саны тұрақтанатын жануарлар бұл топты құрайды. Мысал ретінде балықтың көптеген түрлері, омыртқасыз жануарлардың басым көпшілігін атауға болады. Олар ұрпақтарының өсіп жетілуіне қамқорлық жасамайтындықтан жас ұрпақтары өлім жітімге жиі ұшырайды (23-сурет III).
23 сурет — Өміршеңдік сызбасының негізгі түрлері (I – III). А.М.Гиляров (1990) үлгісі бойынша: түсіндірмесін мәтіннен оқыңыз