Далалық белдем жануарларының экологиялық сипаты

 Далалық белдем жануарларының экологиялық сипаты

Европа, Азия, Солтүстік Америка құрлықтарының ішкі байтақ өлкелерінің, Оңтүстік Американың оңтүстігін, Австралия құрлығын дерлік түгелдей далалық белдем иеленіп жатыр. Дала белдемі құрлықтың әлемдік мұхиттардан алыс жатқан, ішкі қуаң бөліктерінде қалыптасады.

Дала белдемінің жаз маусымы ыстық: шілденің орташа температурасы +21-23°С. Көктем мен жазда құрғақ желді күндер жиі болып тұрады. Евразия бөлігінде даланың қысы суық: қаңтардың орташа температурасы -18-20 °С . Қыста қар аз түсетіндіктен жердің беті терең қатады. Жылына жауатын жауын-шашынның мөлшері 200-500мм. Жер бетінен буланатын ылғалдың мөлшері жауатын жауын-шашынның мөлшерінен 2-3 есе артық. Сондықтан топырағы мен өсімдігі ылғал тапшылығына жиі ұшырап тұрады. Дала белдемінің Солтүстік бөлігінде шіріндісі мол, құнарлы қаратопырақ жамылғысы дамыған. Оңтүстікке қарай ол шіріндісі аз қарақоңыр топыраққа ауысады.

Дала белдемінің өсімдік жамылғысында көпжылдық шым қабатты астық тұқымдас ксерофиль өсімдіктер басым орын иеленеді. Астық тұқымдастардың жапырағы мен сабағы жіңішке болғандықтан және күндізгі ыстықта жапырағының лептесіктері (тыныс саңылаулары) жабылып, не кішірейіп булануды шектейтіндіктен олар далалық аймақтардың өсімдік қауымдастығында басымдық көрсетеді. Сонымен қатар астық тұқымдас өсімдіктердің шашақ тамырлары топырақта жан-жаққа таралатындықтан ылғал жинау қабілеті басқа өсімдіктерден артық. Олардың тамыры өте жақсы дамыған, жер бетіндегі жасыл тұлғасының салмағынан тамырының салмағы бірнеше есе артық болады.

Еуразиялық дала белдемінде селеу (Stipa), бетеге (Festuca), шисабақ (Koeleria) туысына жататын көп жылдық ксерофильді астық тұқымдастықтар өсімдік жабындысының келбетін айқындаушылар болып табылады. Дала белдеміне тән астық тұқымдастар қатарына арпабас (Bromus), бидайық (Agropyron) туысының тамыр сабақты астық тұқымдастары да жатады. Бірақ олар қуаңшылыққа төзімсіз. Сондықтан олар далалық белдемнің солтүстік өңірлерінде, немесе қар тоқтайтын, жаңбыр суы ағып құйылатын еңкейістерде, ойпат, жыраларда басымырақ өседі. Өсімдік жабындысын құрауға астық тұқымдастардан басқа аралас шөптер тобы деп жалпылай аталатын қосжарнақты өсімдіктер де азды-көпті мөлшерде араласады. Қысқа мерзімнің ішінде өсіп жетіліп, тұқымын таратып үлгеретін бір жылдық (эфемер) және көп жылдық (эфемероид) өсімдіктердің экологиялық тобы ылғалы мол жылдары көктемде және жаздың басында өсімдік жабындысынан елеулі үлес иеленеді. Кейбір далалық өлкеде тобылғы (Spiraea), дала шиесі (Phуsalis), арша (Juniperus) қатарлы бұталар қауымдас түзушілер дәрежесіне жетіп өседі. Монғолияда қараған (Caragana) бұталы дала өсімдік жабындысын түзеді.

Дала белдемінің климаты жылы болғандықтан әртүрлі жануарлар мекендеп тіршілік етуге қолайлы. Көбінесе қуаңшылыққа төзімді, жарық сүйгіш (гелиофиль) жануарлар көптеп кездеседі.

Жәндіктерден шегіртке, шекшек, қарақоңыздар және құмырсқалар алуан түрлілігімен және санының молдығымен көзге түседі. Шегіртке ыстыққа төзімді және жеуге жарамды кез келген затты қорек ете алатындығымен, құмырсқа да қорек талғамай және терең ін қазып ыстықтан қорғана алатындығымен шөлейт далалы аймақтарға кең, мол тараған. Қара қоңыздардың хитин жамылғысы өте қалың, денесінің ылғалын буландырмай, жақсы үнемдейді, олар құрғақ шөппен де қоректене алады. Сондықтан да  олар дала мен шөлде қарқынды дамып көбейе алады. Бұл шөпқоректі жануарларды қорек етіп тіршілік ететін жыртқыш буынаяқтылардан дала кергісі (Saga pedo), ызылдаққоңыз (Carabidae) туыстастардан: алып ызылдақ (Taphoxenus gigas), қазанбас ызылдақ (Carabus glyptopterus), дала белдеміндегі өзен, көл алқаптарында бүйі (Lycosa singoriensis) жиі кездеседі. 

Дала белдемінде қосмекенділерден кәдімгі тарбақа (Pelobates fusсus), сүйіртұмсық бақа (Rana arvalis), сұр құрбақа (Bufo bufo) таралған. Қосмекенділердің тіршілік ырғағы дала белдемінің табиғи ерекшелігімен жақсы үйлескен. Көктемде далалық аймақтың шалшық, көлшіктері қар суына тола бастасымен қысқы ұйқыдан оянған бақа, тарбақа, құрбақалар шағылысып көлшікке уылдырығын шашады. Көлшік, шалшықтың жылы суында уылдырық тез дамып бақашабаққа айналады. Кешікпей бақашабақтан ересек бақалар жетіліп шығады. Олардың осыншама асығыс дамып жетілуі тегін емес. Өйткені олардың мекендеген көлшігі суалып, тез кеуіп кетеді. Соған дейін олар ересейіп үлгереді де, көлшіктің түбіндегі батпаққа кіріп, 8-9 ай бойы бұйыққан күйде келесі көктемді күтеді.

Дала белдемінің жазы ыстық, жылдың жылы маусымы ұзаққа созылады. Бауырымен жорғалаушылар жылусүйгіш (термофиль) болғандықтан дала белдемінде көптеп кездеседі. Мысалы Жерорта теңізі тасбақасы (Agrionemys horsfieldi), жолақ кесіртке (Lacerta strigata), сұр кесіртке (Lacerta agilis), сарықұрсақ абжылан (Coluber jugularis), өрнекті абжылан (Elaphe dione), дала сұржыланы (Vipera ursini).

Дала белдемінде құстардың түрлік және экологиялық құрамы соншалықты көп емес. Ормансыз, тау-тасы аз, бірыңғай жазық далада құстардың желден, суықтан, жыртқыштардан қорғанатын қорғанышы аз. Ұя салып жұмыртқа басуға қауіпсіз орын да аз табылады. Мұнда тіршілік ететін құстардың көбі шөптесін өсімдікке, тікелей жер бетіне немесе кеміргіштердің ініне, кейбіреуі өзі ін қазып ұя салады. Дала белдеміне тән құстардың көбі өсімдіктің тұқымын және жәндіктерді теріп жеп қоректенетіндіктен жерде жақсы жүгіреді және олардың түсі дала өлкесіндегі топырақтың, өсімдік жабындысының өңіне ұқсас болғандықтан оларды жыртқыш жануарлардан жасырады. Бұл жебеуші рең деп аталады.

Дала белдеміне нағыз бейімделген құстарға убақ (Syrrhaptes paradoxus), бөдене (Coturnix coturnix), шіл (Perdix perdix), дуадақ (Otis tarda) жатады (29-сурет). Бұлардың барлығы жерде жақсы жүгіретін, өң түстері мен бейнесі далалы жердің өңіне ұқсас. Бұлардың барлығы жерге ұя салады. Өсімдіктің тұқымын, тамырын және жәндіктерді теріп жеп қоректенеді. Әнші құстардан бозторғайлар дала белдеміне тән: дала бозторғайы (Melanocorypha calandra), кіші бозторғай (Calandrella cinerea), түз бозторғайы (Alauda arvensis) қатарлы түрлері кең таралған. Бұлардың да өңі даланың сұрғылт қоңыр өңімен жақсы үйлескен. Жаз маусымында олар күні бойы сайрайды. Даусы ашық, әні — әуенді.

Тырнатәрізділер қатарына жататын құстардан ақбас тырна (Anthropoides vigor) бірден бір дала белдемінің өкілі деп саналады. Ақбас тырна – жыл құсы. Ол жерді аздап қана шұңқырайтып ұя жасайды. Ұясына шөп те төсемейді, 3 – 4 жұмыртқа туады, жұмыртқасын басуға және балапандарын асырауға аналық, аталық тырнаның  екеуі де қатынасады.

Жыртқыш құстардан дала қыраны (Aquila rapax), күйкентай (Falco naumanni), құладын (Circus macrourus) жиі кездеседі. Бұлар ұсақ кеміргіштермен әсіресе саршұнақтармен және  кесірткелермен, үлкендеу жәндіктермен (шегіртке, шекшек) қоректенеді. Құладын бақа, жыланды да ұстап жейді.

 

 

 

29-сурет. Дала белдемінде тән жануарлар:

1- дала кергісі; 2- қижегі қоңыз – скарабей; 3- ақбас тырна; 4- дуадақ; 5- безгелдек; 6- дала қыраны; 7- суыр; 8- теңбіл саршұнақ; 9- ақбөкен.

Дала белдемінде сүтқоректілердің негізгі екі тобы басым кездеседі. Бұлар – кеміргіштер және тұяқтылар қатарына жататын жануарлар. Бұл екі топтың екеуі де шөп қоректілер болғандықтан олардың әрқайсысы қоректен тапшылық көрмейді. Және дала белдемінің иендігі мен байтақтығы бұларға қолайлылық етеді. Ал жазық далада суықтан, бораннан, жыртқыштардың шабуылынан қорғанып паналайтын қорғаныстың жоқтығына және судың тапшылығына бұл екі топтың жануарлары екі басқа жолмен бейімделген: кеміргіштер ін қазып мекендеу арқылы қорғаныс табады және балауса жас шөптің нәрімен сусындайды; тұяқты жануарлар қолайсыз кезде сулы, жағымды мекенге ауып көшіп, ұзақ сапар шегуге қабілеттілігінің арқасында сайын далада еркін өмір сүреді.

Дала белдеміне тән кеміргіштердің негізгі өкілдері – бозсуыр (Marmota bobak), кіші саршұнақ (Citellus pygmaeus), теңбіл саршұнақ (C. suslicus), аламан (Cricetus cricetus).     (29-сурет). Қосаяқтардың көбі шөл белдеміне тән жануарлар болғанымен кейбіреулері дала белдемінде кездеседі. Мысалы, үлкен қосаяқ (Allactaga major), секіргіш қосаяқ (A. sibirica), жүнбалақ қосаяқ (Dipus sagitta). Бұлардың бәрі Қазақстанның далалық өлкесінде кең тараған. Кейбіреулері (жүнбалақ қосаяқ) құм сілемдерін қуалай отырып орманды дала, жапырақты орман белдемшесіне дейін таралған.

Дала алақоржыны (Lagurus lagurus), суыр, саршұнақ, Америка құрлығының дала белдемінде мекендейтін «шалғын иті» (Cynomys) деп аталатын саршұнаққа ұқсас кеміргіштер бір жерге топтасып колониялық тіршілік ететін жануарлар. Олар жер астын шытырман қуыстармен торлап, жер бетін іннің ауыз тесіктерімен және жым жолдармен шұбарлайды. Кеміргіштер өсімдік жабындысына және топыраққа үлкен әсерін тигізеді. Колониялық тіршілік қауіп-қатерден сақтану үшін пайдалы.

Қандай бір қауіпті сезген біреуі: ысқырып немесе шиқылдап хабар берісімен басқалары індеріне кіріп қорғанады.    Кеміргіштермен көптеген жыртқыш жануарлар қоректенеді және олардың інін күзен, аққалақ, т.б. ұсақ сүтқоректілер, әртүрлі құстар паналайтын, балалайтын орынжай болдырып пайдаланады. Азиялық далада қоянтәрізділер (Lagomorpha) қатарына жататын түйеқұлақтардың бірнеше түрі (Ochotona daurica, O. pallasi) кездеседі. Түйеқұлақтар колониялы тіршілік етіп, қыстық азық үшін ініне шөп тасып, пішен жинайды. Қоянтәрізділерден далалық аймаққа тән жануардың бірі – орқоян (Lepus europeus).  Ол ін қазбайды, қысқа пішен жинамайды. Көжектерін шөптің арасына, бұтаның түбіне жер шұңқырайтып жасаған жатағына туады. Көжектері алғаш туғанда жүні толық жетілген, көзі ашық туады, тез ересейіп өздігінен тіршілік ете бастайды.

Дала белдеміне тән жұп тұяқты жануарлардың негізгі өкілдері – ақбөкен (Saiga tatarica), жирен (Procapra gutturosa). Ақбөкен – Еуразия даласының эндемик жануары. Ол өте жүйрік: жазық даламен жорғалай жүгіргенде жылдамдығы 80 км/сағатқа жетеді. Бөкендердің күйіті желтоқсан кезінде басталады. Күйіті келген еркек бөкен 4 – 6 үйіг құрайды. Күш-қуаты мол еркек бөкеннің жинаған үйігінің саны кейде 15 – 20-ға да жетеді. Үйіг иемдену үшін еркек бөкендер аянбай сүзісіп таласады. Олар қар жұқа түсетін, желге ық жерлерде қыстап, төлдеуден бұрын адам да, басқа аң да жоқ шалғай жерлерге безіп кетеді. Мамырдың басында егіз төл туып өсіреді. Алтай жотасының оңтүстік-шығысынан шығысқа қарай Монғолия, Солтүстік Қытай және Ресейде Туваның оңтүстігіндегі жазық және ұсақ төбелі, бұйратты өлкелерді жирен мекен етеді. Ол сағатына 60 – 65 шақырымдық жылдамдықпен жүгіре алады. Бірақ қалыңдығы 20 сантиметрден асатын қарда әрең жүгіреді. Қыста бірнеше мыңға жететін тобыр құрады. Ол селеулі, бетегелі жайылымды сүйеді.

Тақ тұяқты жануарлардан дала белдемінде жабайы тарпан жылқысы (Equus gmelini) ХІХ ғасырдың соңына дейін тағы қалпында тіршілік етіп келді. Тарпанмен туыстас Пржевальский жылқысы (Equus caballus) Монғолияның қуаң дала белдемінде және шөлейт, шөлді өлкелерінде ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін кездесіп келді. Қазір Пржевальский жылқысын Еуропа елдерінің зоопаркынан Монғолия жеріне әкеліп дала белдеміне қайта мекендестіру (жерсіндіру) жұмысы табысты жүріліп жатыр. Жартылай есекке саналатын құландар ертереккі заманда Еуразияның жазық даласында үйір-үйірімен босып жүретіні туралы тарихи деректер де, мәліметтер де мол. ХХ ғасырдан бастап далалық белдемде шаруашылықтың әртүрлі саласы, әсіресе егін шаруашылығы кеңінен өріс алып дами бастауына байланысты адамдар құланды дала белдеміндегі бұрынғы мекенінен ығыстырып, бүгінгі кезде Солтүстік Иран, Батыс Үнді, Монғолия, Қазақстан, Түркіменстан, Қытайдың шөл белдемінде ғана құландарды кездестіруге болады. Құлан өте төзімді, өміршең жануар. Азғантай ғана қамқорлық жасалса құланның саны тез өседі.

Далалақ белдемде кездесетін жыртқыш сүтқоректілер негізгі екі топтан құралады. Бірінші топқа экологиялық факторлардың кең ауқымды ауытқуына төзімді, қандай жағдай болса да бейімделіп өсіп-өне беретін, сондықтан әртүрлі табиғи зоналарда бірдей таралған қасқыр, түлкі, аққалақ, борсық қатарлы эврибионт жыртқыштар жатады. Екінші бір топты қарсақ (Vulpes corsak), мәлін (Felis manul), сасық күзен  (Mustela eversmanni) қатарлы нағыз далалық белдемге тән жыртқыштар құрайды.

Дала белдемінде де тундрадағыдай өсімдік қоректі кейбір жәндіктердің күрт көбею көрінісі кездесіп тұрады. Күрт көбейген кезде жәндіктер өсімдік жабындысын түгелдей жеп құртып, жалпы биоценозды елеулі өзгеріске ұшыратады. Мысалы, дала белдемінде шегіртке әредік күрт көбейіп, мекеніндегі қоректік заттың бәрін жеп бітіреді де ауып көше бастайды. Олардың санының көптігі соншалық ұшқан кезде күннің көзін көлегейлеп, жермен жорғалаған кезде жер беті түгелімен жыбырлап қозғалып бара жатқандай сезіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *