РАЙЫМБЕК БАТЫРДЫҢ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ОРНЫ МЕН ЖОҢҒАР ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫНДАҒЫ РӨЛІ

РАЙЫМБЕК БАТЫРДЫҢ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ОРНЫ МЕН ЖОҢҒАР ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫНДАҒЫ РӨЛІ

Малдыбек А.Қ.(Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: т.ғ.к., доцент Тасилова Н.А.

Қара су қақ жарылып, жол беретін,
Қолбасшы, батырым,- деп ел еретін.
Албандар «Райымбек» деп ұрандатып,
Бабамның рухына нық сенетін.
15-ке толмай жатып садақ тартқан,
Қабай жырау бабамнан бата алған.
Тапқырлықпен дұшпанын сескендіріп,
Қазақтай елі-жұрты сенім артқан.
Түке ұлы, Хангелдінің бір тұяғы,
Алматы болған екен кең тұрағы.
Сұрапыл, қиян-кескі күрестерде
Бар-жоғы 17-де бопты жасы.
Аласапыран жоңғар-қазақ соғысында,
Сөгетінің таулары арасында
«Ойрантөбе» атанған шайқас екен
Жеңіппіз, «Райымбектер» арқасында. (Авторы Малдыбек А.)
Батырлар қашанда туған еліңді, һәм жеріңді жаудан қорғап, кейінгі ғасырларға аманат жүгін арқалаған ерекше тұлғалар. Олардың ерлігін біз көп-көп насихаттай беруден жалықпауымыз керек. Мұның өзі жастарымызға елдікті, ерлікті үйретеді.
Райымбек – елін, жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде көрсеткен батырлығы мен ерлік істері аңызға айналған тұлға. Оның жасаған ерліктері халық жадында жатталып, ауыздан ауызға көшіп, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырған. Қазақтың қас батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбайдай батырлар секілді ғасырлар бойы есімі ерекше аталып келеді.
Қазіргі таңда айтушылардың бізге жеткізген мәліметтеріне қарағанда, Райымбектің нағашысы Жалайыр Орақ батыр болса керек. Райымбекке батырлық нағашы жұртынан да, өз атасынан да тараған көрінеді. Бұған дәлел ретінде өз әкесі Түке батыр болмағанымен, атасы әйгілі батыр әрі ел басшы Қангелді болғандығын атап айтсақ болады.
Аңызбен ұштасқан көп әңгімлерден Райымбектің болашақ батырға тән қасиеттерімен қатар, әулиелік қасиеттерін де аңғарсақ болады. Осындай аңыз-әңгімелердің бірсыпырасы мынадай: Райымбек жасы үшке келгенде ат басын алып жүрген-міс, өзі ат ұстап мінетін хәлге бес жасында-ақ жетеді. Жеті жасқа келгенде жігіт ретінде жылқы бағуға жарайды. Сол шақтарда нағашы атасы, Қангелді батырға келіп, «Менің жиенім Райымбек өсіп жігіт болады, елін жерін қорғау үшін жорыққа аттанады. Сонда мінетін аты, асынатын құралдары», – деп бір көк тай, садақ, айбалта, қылыш, найза, қалқан, сауыт, болат семсер даярлап әкеп тапсырған екен. Көк тайды сол кезде иемденіп, оны баулып, өз айтқанын ұқтырып, түрлі жағдайларға икемдеп, үйрете бастайды. Садақ тарту, қылыш шабу, атпен ойнау әдістерін, сонымен қатар атпен суда жүзу, жеке өзі суға жүзіп, малтып өту тәсілдерін үйренеді. Кейін жорықтарда жеңіске жетуге үлкен септігін тигізген де осы жастайынан дағдыланып, бойына сіңірген қасиеттері еді. Райымбектің жорық кезінде түрлі айла-тәсілдермен, жеңіске жетудің түрлі амалдарын ойластыра білуімен аты аңызға айнала бастайды.
«Бірде Ұлы жүздің айтулы батырлары Райымбекті қолбасшы етуді ұйғарады. Өз кезегінде Райымбек оларға тілегін қояды:
– Мен әлі жаспын, бұрын соғыста болған жоқпын, соғыс әдісін білмеймін, қайта жұмсасаңыздар мен дайын, – деп жауап күтті. Сонда қолбасшы батырлар:
– Соғыс жағдайын біз айтамыз, мынадай заңдарды біл, – деді.
– Бірінші – ол жақтан дұшпандардың жауы келеді. Соғыс қашан басталады, мезгілі көрсетіледі. Сонымен бірге соғыспай, келіс жұмыс тоқталмас.
Екінші жекпе-жекке адам шығады. Ол шыққан батырлар өз аттарын баяндап ұран айтып шығады, бірден бес ретке дейін, егер екі жақтың бір жағы бес рет жеңілсе, ақыр жеңбесіне көзі жетсе, туын жығып, жеңіліс бітімге келеді. «Жоқ, біріміз қалғанша соғысып, жеңіс аламыз» десе, туын жығып, қолбасшысын өлтіріп, жеңіп алады. Сонда анық жеңген сол болып табылады, – деді батырлар.
Ұлы жүздің қолбасшы батырларының сөзін түсінгеннен кейін Райымбек:
– Ақыры сіздер мақұлдаған істеріңізге мен разымын, – деді.
– Менің ұсыныс тілегім ұран біреу-ақ болсын, кімді ұран етіп алсаңыздар да.
Жекелеп соғыс болмасын. Барлық соғысқа хабаршы болсын, – деп тілегін білдірді. Ұлы жүздің қолбасшы көп батырлары: «Бүгіннен бастап Райымбек батыр Ұлы жүздің көп жауынгеріне, көп батырларына қолбасшы деп саналсын. Бүгіннен бастап Райымбек батырдың бастауымен соғыс болсын. Райымбек батырдың бастауына қарсы болса, көп ортасында басы алынсын! – деп айқай көтерді». Бұл аңыз ауызша ұрпақтан ұрпаққа тарап, Райымбектің қалай рудың ұранына айланған батыр атанғандығы жайлы сыр шертеді.
Райымбекті ел тек батыр ретінде емес, әулие ретінде де дәріптеген. Оны «Іле өзені қақ жарылып жол беріпті» деген аңызбен ұштастырады. Райымбектің әулиелігі жайында айтылатын мына бір аңыз соның дәлелі: «Менің өлігімнің өзі бір қазан, ошақ», – дейді екен тірісінде батыр баба: «Мен өлгенде денемді түйеге артып жүріңдер. Түйе шөккен жерді қазып жерлеңдер. Сол жерден бір қазан, ошақ шығады» дейді. Шынында да батырдың айтқанын орындап, түйе шөккен жер қазылған жерден бір қазан мен ошақ шыққан деседі. Ол жер қазіргі Алматы қаласындағы Райымбек батырдың есімімен аталатын даңғылдың бойы. Батыр жерленген жерде шөккен түйе қоса салынған үлкен ескерткіш бар.
Қорыта келгенде, Райымбек батыр сияқты тұлғаларымыз ел жадында мәңгі қалып, ұлтының мақтанышына айналуы қажет.

Әдебиеттер

Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи: XVII-XVIII вв. – Алма-Ата: Наука, 1991. – С. 237.
Акимушкин О.Ф. К вопросу о внешнеполитических связях Могольского государства с узбеками и казахами в 30 годы ХҮІ-60 гг.XVIIвв. // Палестинский сборник. М-Л.,1970. 233-248-6.
Златкин И.Я. История джунгарского ханства (1685-1758). – М., 1964. – С. 481.
Абусеитова М.Х Казахское ханство во второй половине 16 века.– А, 1985.
Абусейтова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв. (история, политика, дипломатия). – Алматы: Дайк-Пресс, 1998. – С. 268.
Абусеитова М.Х., Баранова Ю.Г. Письменные источники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии в XІІІ-XVІІІ вв./биобиблиографические обзоры/. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 426 с.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *