ДІНМҰХАМЕД АХМЕТҰЛЫ ҚОНАЕВ
Жұмабаева Гүлсалтан (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.
ХХ ғасырда Қазақстанда өмір сүрген мемлекет қайраткерлерінің ішінде Д.А.Қонаев орны ерекше бөлек. Ол қазақтың, республиканың атына көптеген игі істерімен абырой мен даңқ әкелді, дүниежүзіне танымал етті. Өткен уақыт қаншалықты күрделіде қарама-қайшылықты болғанымен, Д.А.Қонаевтың экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылымды, ұлттың мәдениетін дамыту ісінде Қазақстанның көп ұлтты халқының алдында сіңірген еңбегі талассыз.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО, шетел ордендері мен медальдарының иегері.
1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында қызметкердің отбасында өмірге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмыскер болып істеген. Қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты кісі болған. Анасы, Зәуре Байырқызы 1888 жылы Шелек (бұрынғы атауы Чилик) ауданында дүниеге келген. Үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан. «Димашты да, басқаларын да өте қатал тәрбиеледім. Одан жаман болған жоқ. Өте жақсы оқыды. Мәскеуде оқу бітіріп, Балқаш, Қоңыратта, Риддерде қызмет істеді. Соғыс жылдарының басында Қазақстан үкіметінің орынбасары, Ғылым Академиясының президенті, ширек ғасыр Қазақстан Республикасының бірінші хатшысы болды, – деп Меңліахмет ақсақал әдеміше келген мұртын сипап қойып, әңгімесін жалғастыра: – Ізбасар саған айтайын, Құдай тағала біздің ата-бабаларымыздың ішінде Қонай атамызға ерекше ықылас түсіп, ол кісіге аян берген. Олай дейтінім, ол кісінің аты үрім-бұтақтары арқылы тек Қазақстан ғана емес, әлемнің әр елдеріне белгілі. Сол кісінің аты фамилиялас болып жүргендердің бәрі де, шүкір, жаман емес. Димашты айтпағанда да, Асқар да Қазақстанның және КСРО Ғылым Академиясының академигі. Ал, немерелерім Элдар мен Диар да ғылым кандидаттары. Олардың балалары Мұхтар мен кішкентай Дінмұхамедтен де үмітім зор, — деп, Меңліахмет ақсақал ақ ниетімен ақтарыла сөйлеп еді, – деп еске алады Ізбасар Балтағұлов аға». Дінмұхамед Ахметұлының әкесі Меңліахмет 1976 жылы тоқсан жасқа толарына үш-ақ ай қалғанда дүниеден озған. Дінмұхамед Қонаевтің әке-шешесі жетпіс жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен. Ұлы адамды дүниеге келтірген Зәуре апамыз 1973 жылы сексен алты жасында дүниеден өткен.
Д.А.Қонаев 1930 жылы – Алматыдағы № 14 орта мектепті бітіргеннен кейін, 1931-1936 жылдары Қазақстан өлкелік комсомол комитеті Дінмұхамед Қонаевты Мәскеудегі Түсті металл институтына жібереді. 1936 жылы институтты ойдағыдай бітіріп, тау-кен инженері руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды. 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі – Лениногор кен басқармасының директоры қызметін атқарды. 1939 жылы КОКП мүшелігіне қабылданды. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі және оның президенті етіп сайлады. Тау-кен саласының ірі ғалымы Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңірді. Ғылыми-ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылды. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1986 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалды. Бұған наразы болған қазақ жастарының Желтоқсан оқиғасы орын алды. 1987 жылы маусымдағы пленумда Д.А.Қонаев «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген сылтаумен КОКП мүшелігінен босатылды. Бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның ХІХ съезінен бастап, кейінгі съездердің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелде болып қайтты. Партияның ХХІІІ съезінде ол КОКП-ның Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал ХХІV съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек уақыттың ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жасқы білетін, тағылымы терең, ой-өрісі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.
Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Д.Қонаев билік құрған жылдары Кеңестік Қазақстан тарихында елеулі өзгерістер болды. Ол билік басында болған уақыт күрделі қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде өнеркәсіп орталығы болып саналатын Рудний, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Дінмұхамед Қонаевтің арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғарғы деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласында шығарылған хром кенінің көлемі артты. Д.Қонаев металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауытында шығарылған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Тараз және Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды. Айта кетсек, 1978 жылы – «Кеңестік Қазақстан», «Таңдамалы сөздері мен мақалалары», 1992 жылы – «О моём времени», 1994 жылы – «От Сталина до Горбачёва», «Ақиқаттан аттауға болмайды». Біраз ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді. Өз еңбектерінің халық шаруашылығына тигізер пайдасының зор екенін іс жүзінде дәлелдеген еді. Өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, ол жас ғалымдарды қолдап, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді. 1970 жылы Қазақ КСР-дегі мектептердің саны 10154-ке жетті. Онда білім алатын оқушы саны 3 млн 266 мың болды. 80 жылдардан бастап шағын аудандардың жойылуымен ондағы қазақ тілінде оқу ісін жүргізетін бірнеше мектептер жабылды. Нәтижесінде 1986 жылы республикада физика, математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер ашылды. Бұл мектептерді Қазақ КСР Ғылым Академиясы қамқорлыққа алды. 1986 жылы КОКП ОК-нің орта мектеп жұмысын жақсарту шаралары туралы қаулысы шықты. 1972 жылы Қазақ КСР-де жалпыға бірдей орта білім беруге көшудің соңғы кезеңі басталды. 1970 жылдан бастап республикадағы жоғары оқу орындарында бірқатар өзгерістер болды. Республикадағы 55 жоғары оқу орнында 173,3 мың студент білім алды. Арнаулы орта оқу орындарының саны 246 болды. Бұл оқу орындарында 272,2 мың адам білім алды. Қазақ өнерін жоғары бағалаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері өз қызметін бастады. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдениет ошақтары ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар салынды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшамаудан ашылды. Мектеп пен бала-бақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика сарайы, Спорт және Мәдениет сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және теміржол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақ үйлері салынып, қала көркін ашты. 1970 жылдардан бастап Қазақстан халықаралық байланыста орны кеңейді. Әсіресе Қазақстанның сыртқы саясатында мәдени және экономикалық байланыстар ерекше орын алды. Қазақстан металл мен руданы, мұнайды экспортқа шығарса, станок пен жиһазды, киім мен электр тауарларын, тағамды сырттан импорттады. Қазақстан мамандары Египет пен Иранда, Моңғолия мен Финляндияда, Ауғанстан мен Үндістанда қызмет етті. Ғалымдар АҚШ, Франция, Италия, Болгария, Чехославакия ғалымдарымен тәжірибе алмасты. КСРО-ның Франциядағы күндерінде артистер Б. Төлегенова, Е. Серкебаев өз өнерлерін көрсетті. Қазақстанда Кеңес-Сирия достығының күндері өтті. Коммунистік партияның шалағай саясаты Қазақстанның сыртқы байланысына белгілі түрде кедергі жасады. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сүйікті жары Зухра Шәріпқызымен өткізген өмірінің әрбір күнін санаумен өткізген. Димекең: «Мен жарыммен 50 жыл 6 ай 2 күн бірге өмір сүрдім» дейді. 1939 жылы қыркүйектің соңында бойдақ Димаш Балқаштан Алматыға ұшады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өткізеді. Дәл сол күні Зухрамен кездеседі. Қызметінің Риддерге ауысқанын айтып, оған өзімен бірге баруға ұсыныс жасайды. Бұл – Димекеңнің Зухрамен тұрмыс құруға жасаған ұсынысы болатын. «Зухра Шәріпқызының келісімін берге кезі, өмірімнің ең бақытты сәттерінің бірі еді», – дейді Димекең. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мұны былайша еске алады: «Сүйіктіммен табысуды тағдырыма жазған Аллаға мың тәубе. Тойымыз 18 қазан күні әпкем Әмина Ахметқызының пәтерінде өтті. Қонаққа институттағы достарым, Қазақ тау-кен институтының мұғалімдері, инженер Жақсыбаев пен Кравченко, Зухраның ағасы Гариф Шәріпұлы жас жұбайымен және апа-қарындастарым келді». Зухра Шәріпқызы 1990 жылы 20 сәуірде өмірден озды. Талғампаз, оқығаны, тоқығаны көп, мәдениеті жоғары жан еді. Мамандыға есепші болғанына қарамай, дүниетанымы сан саланы қамтитын, өте кең еді. Орыс және қазақ тілдерін жоғары деңгейде меңгерген, ағылшын тілін үйренуді де қолға алған. Дінге деген құрметі ерекше болған. Шетелдерге сапарлай барса, міндетті түрде Құран кітабын өзімен алып жүретін.
Д.А.Қонаев атындағы мұражайы 1994 жылдың 24 ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» қаулысы жарияланып, онда Д.А.Қонаевтың Қазақстанды өркендету жолындағы еңбегін ерекше бағалай отырып, Алматы қаласында оның мұражайын ашу жөнінде тапсырма берілді. Ұлы тұлғаның 90 жылдығына орай 2002 жылы қаңтар айында мұражай өз есігін көрермендеріне айқара ашты. Мұражайды ұйымдастыру барысында Дінмұхамед Ахметұлының туыстарында сақталған құжаттары, фото және видеоматериалдар, әр алуан портреттер, тұрмыстық заттары жинастырылды. Бірте-бірте олардың қатарын Д.А.Қонаевтың замандастарының тапсырған жәдігерлері толықтыра түсті. Мұражай жәдігерлері қарапайым шаруа баласының тау-кен инженерінен үкімет басшысы деңгейіне көтерілген, тіптен бұрынғы Одаққа, шет елдерге де танымал болған еңбек жолын көрсетеді. Әрине, бұл жол ауыр болса да, абыроймен атқарылған ұлы жол болды! Сондықтан да мұражай қызметкерлеріне жүктелген міндет – мұнда келушілерге Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың осындай ерлікке бара-бар жауапкершіліктерді абыроймен атқарғандығын жан-жақты түсіндіре білу. Д.А.Қонаевтың өнегелі өмірі мен адал қызметіне деген адамдардың қызығушылығы арта түсуде. Бұл жай ғана қызығушылық емес, ол қоғамдағы күрделі тарихи қызығушылық жағдайға да байланысты. Сондықтан да, 2012 жылдың 12 қаңтарында «Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер-мұражайының» ашылуы үлкен жаңалық болып табылады. Бұл мұражай өз жәдігерлерінің құндылығымен ерекшеленеді. Мұнда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жекелеген заттары, техникалық, анықтамалық және көркем әдебиеттер, өнер жөнінде альбомдар, авторлардың жекелей қолтаңбалары жазылған кітаптары, жиһаздар, тұрмыстық заттар, мерейтойларына арналған көптеген сыйлықтар мен экспонаттар, басқа да әр алуан заттар бар. Бұлардың бәрі ұзақ жылдар бойы мұқият сақталған. Дінмұхамед Ахметұлының немере інісі Диар Асқарұлы Қонаев мұражайға табыс еткен. Мұражайдың ерекше құндылығы – мемориалдық пәтер-мұражайының толықтығында және ауқымының кеңдігінде. Мұнда сақталған жәдігерлер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүние-мүлікке қызықпайтын қарапайым адам болғанын, оның қарапайым тіршілігін, қалай деп алып нендей дүниеге қызығушылық білдіретінін аңғартады. «Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер-мұражайы» – бұл өткен тарихымызбен таныстыратын орын әрі өнегелі өмірдің нағыз куәгері.
Қорыта келе айтарымыз бір ғасырда сирек туатын тұлғалардың бірі Д.А. Қонаевтың үлгі тұтарлық өмірі мен қызметі өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу мақсатында томдық кітаптардан артық тәрбие береді. Біз, Д.А.Қонаевты Қазақстаннан немесе керісінше Қазақстанның тарихын Д.А.Қонаевтан бөліп қарастыра алмаймыз. Қазақстан мемлекетінің қалыптасуында өзіндік рөлі жоғары Д.А.Қонаевты қазіргі және болашақ ұрпақта сан ғасырлар өтсе де мәңгі жадында сақтайтын болады. Қазақстан үшін адал қызмет еткен Қ.А.Қонаев тарихқа өз атын алтын әріппен жазып қалдырды.
Қазақ халқы мәңгі сізге қарыздар!
Әдебиеттер
«Ақиқаттан аттауға болмайды» Д. Қонаев. (Естелік-эссе), аударған Ғұмыр-дария. Ж.Аупбаев. Алматы.
Ел тұтқа. М.Жолдасбекұлы, Қ.Салғарұлы, А.Сейдімбек. Астана 2001 ж.
Қыдыр ғұмыр. Р.Ниязбек. Алматы. Жалын. 2002 ж.
Тарихи тұлғалар. Танымдық көпшілік басылым. Құрастырған Б.Тоғысбаев, А.Сужикова.
Тұғыры биік тұлға. Х.Ерғалиев. Егемен Қазақстан.
Жаны таза Димекең еді. С.Аққұлұлы. Қазақстан – Заман.