Қоғамдық қатынас жүйесіндегі адам
1. Қоғам ұғымы.
2. Қоғамдық қатынастар.
3. Қоғамдық қатынастар мазмұны.
Қоғам дегенде, біздің ойымызға алдымен «кітап сүюшілер қоғамы», «Қызыл Крест – Қызыл Жарты Ай қоғамы», «Педагогтер қоғамы», «Бақшашылар қоғамы» сияқты адамдардың топтасып, белгілі бір пайдалы іс тындыруға бағытталған ұйымдары кіреді. Қоғам сөзі бұдан ауқымды және күрделі мағынада да қолданылады. Мысалы, Қазақстан қоғамы дегенде, біз өзіміз азаматы болып табылатын мемлекетті, оның халқын ойға аламыз. Қоғам дегеніміз – материалдық дүниенің бір бөлшегі ретіндегі адамдардың табиғатпен және өзара байланыста бола отырып, бірлесу формасы болып шығады.Қоғам көптеген құрамдас бөліктерден, үнемі жаңарып отыратын, өзара байланыста және әрекеттестікте болатын элементтерден, жүйешелерден тұрады. Адамзат қоғамы саяси құрылымы жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып енетін тәуелсіз мемлекеттерден, ол мемлекеттердің кейбіреулерін біріктіретін конфедерациялардан, кейбір елдердің ішкі құрылымындағы федерациялардан және ұлттық-мемлекеттік аумақтардан тұрады.Қоғамдар қызметіне қарай толып жатқан әрекет түрлерімен-саясатпен, шаруашылықтың белгілі бір түрімен, саудамен, табиғатты қорғаумен, мәдени және рухани шаралармен айналысуы мүмкін.
Әлеуметтік топтасулар арасындағы немесе адамдар арасындағы экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени қарым – қатынастар қоғамдық қатынастар деп аталады.
Мазмұнына қарай қоғамдық қатынастар
Материалдық рухани
Қоғам тіршілігіне қажетінің бәрін табиғаттан алатын болғандықтан, ол қоршаған ортамен тығыз байланыста өмір сүреді. Материалдық игіліктер өндіру адам қоғамының өмір сүруі мен дамуының негізі болып табылады. Сондықтан өндірістік қатынастар саяси, құқықтық, адамгершілік, діни және басқа қатынастардың сипатына тура әсер етіп отырады
1. Қоғам ұғымын қалай түсінесіңдер?
2. Қоғам және оның құраушы бөліктері дегеніміз не?
3. Адам мен адам, адам мен қоғам және қоғам мен табиғат арасындағы байланыстардың мәні неде?
4. Қоғам дегеніміз не?
5. Қоғамдық қатынастар деп нені айтамыз?
6. Мазмұнына қарай қоғамдық қатынастар нешеге бөлінеді?
7. Бағыты жағынан қоғамдық қатынастарды қалай бөліп қарастыруға болады?
Қазіргі әлемдегі этникалық көптүрлілік
1. Этнос ұғымы, этноним
2. Этнопсихология
3. Этникалық ассимиляция
4. Этноцентризм
5. ҚР-да этникалық көптүрлілік
«этникалық көптүрлілік – адамзат
тіршілігінің тиімді формасы»
Л.Н.Гумилев
1. Этнос, этникалық қауымдастық — [грек, ethnos — тайпа, халық] — бір халықты екіншісінен ажыратуға мүмкіндік беретін ортақ белгілері бар қауымдастық. «Этнос» ұғымы әлі күнге бірыңғай түсіндірілмейді. Кең мағынада, «этнос» ұғымын көпшілік зерттеушілер барлық дәрежедегі этникалық жүйелер жиынтығы ретінде түсіндіру қалыптасқан (тайпа, халық, ұлт және т.б.). Алайда, кейбіреулер (Л. Н. Гумилевтан кейін) оны негізгі жүйе ретінде қарастырады (субэтностар, суперэтностармен қатар және т.б.).
Тар мағынада алғашқылардың бірі болып «этнос» ұғымына анықтама берген М. Вебер: «Этнос — мүшелері сыртқы бейнелерінің, әдет-ғұрыптарының үқсастықтарына қарай немесе ортақ отаршылық не көші-қонды басынан өткерген тағдырлас тарихына қарай өздерінің шығу тектерінің бір екендігіне сенетін топ».
Этноним — қандай да бір этникалық топ атауы.Этникалық топ — кең мағынада, нақтылы этникаға негізделген адамдар тобы, яғни, әрбір жеке адам туғаннан иемденетін әлеуметтік және мәдени бірегейлік. «Этникалық топ» ұғымы 1950-1960-шы жж. пайда болды. Ол «тайпа» ұғымының орнын басты.
Қазіргі кезде «этникалық топ» ұғымы қоғамдық ғылымдарда екі негізгі мәнге ие.
Біріншісі, этникалық топқа барлық осы этносты құрайтын адамдар тобын жатқызу.
Екіншісі, этиникалық топ пен ұлтты қарсы қою. Соңғысында ұлт пен этникалық топ арасындағы айырмашылық бірнеше факторлармен байланыстырылады.
2. Этнопсихология — [грек, ethnos — ру, тайпа, халық] — әлеуметтік және саяси психологияның құрамдас бөлігі; адамдар психикасының этникалық ерекшеліктерін, ұлттық мінез- құлқын, ұлттық сана-сезім қызметі мен заңдылықтарын, этникалық стереотиптерді зерттейтін пәнаралық бағыт. Ұлттық психологиядағы бастысы «ұлттық рух» деп қараған М.Лаңарус пен Х.Штейнталь (1860) «халықтар психологиясы» мектебінен бастау алады. XX ғ. басында бұл идеяларды В.Вундт «халықтар психологиясында» жалғастырды. Қазіргі этнопсихология тақырыбы тұрғысынан да, әдістері жағынан да біртүтас емес.
3. Этникалық сіңісу (этникалық ассимиляция) — бір этнос өкілдерінің сол ортада тұратын басқа этникалық топтардың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сіңіріп, нәтижесінде өздерінің төл мәдениетінен, тілінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен айырылып, этникалық тиесілік санасының өзгеруі. Этникалық сіңісудің күшейіп, қарқын алуында элем, аймақ, мемлекет халықтарын интернациоландыру шешуші рөл атқарады. Бұл процесс көбіне бытыраңқы орналасқан этностарда аса қарқынды жүреді. Нәтижесінде этнос басқа этностың құрамын толықтырып, соларға «сіңіп» кетеді. Этникалық сіңісудің күшеюінің тағы бір арнасы — ұлттықаралас некенің көбеюі.
4. Этноцентризм — [грек, ethnos — тайпа, халық, centrum — шоғырлану, орталық] — адамның өмірдегі барлық құбылыстарды өз этникалық тобының құндылықтарымен өлшеп, бағалауға бейімдігі; өз өмір салтын артық көріп, басқаларға таңу. Ұғымды 1883 ж. Л.Гумплович енгізіп, 1906 ж. У.Г. Самнер дамытты. Оның пікірінше, этникалық топтың ішіндегі қатынастар мен топаралық қатынастардың арасында айырмашылық алшақ. Егер топтың ішінде жолдастық және ынтымақтастық басым болса, топтар арасында күдікті, шүбәлі, күмәнді және жауласу басым. Этноцентризм бір жағынан этникалық топтың бірлігін қалыптастырып, көрсетеді. Қарабайыр деңгейде басқа этникалық топтарға салқын қарайды.Этноцентризм идеология ретінде — ұлттық-этникалық санасезімнің теориялық деңгейі дамуының өнімі.
5. Әлемдік тарихтың қиын кезеңдерінде бостандыққа қол жеткізген жас тәуелсіз республика ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік-этикалық қағидалар мен өмірлік ұстанымдарға негізделген рухани байлыққа бай Қазақстанның поликонфессионалды халқына айналады.
«Біздің әр алуан ұлттар мен ұлыстар арасында өмір сүретіндігіміз – тағдырдың тартуы. Басты мақсатымыз – гүлденген көпұлтты мемлекет құрғымыз келсе, біз гуманизм, этникааралық толеранттылық қағидаларын ұстануымыз қажет»,- деп атап өтті Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Ежелгі қазақ жері қазіргі таңда 140 этнос пен 17 конфессия өкілдерінің жылы ұясына айналып отыр. Ел халқының басым бөлігінің біртекті бағдарын жасауды, этникааралық келісім мен өзара сыйластық толеранттылығын қалыптастыруды қамтамасыз ететін, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт тіршілік кешуінің бай, тарихи тәжірибесі жинақталған.
1. «Ұлт», яғни этнос ұғымын түсіндір
2. Қазақ жерінде қанша ұлт өкілдері мекен етуде?
3. Елбасымыз ұлттардың татулығы мақсатында қандай ассамблея өткізеді?