Қарғыс
Қарғыс (ғұрып). «Қарғыстан қорқушы еді улап ішім, Өлмесе қанды қанмен жумақ үшін» (Ақылбай Абайұлы). Зорлық-зомбылық жасаса оны қарғау әдеті бар. Ол адамға да, малға да, дүние-мүлікке де айтыла береді. «Жер жастанғыр», «өлім келгір», «қарасан келгір», «өртенгір» деген сияқты қарғыс түрлері өте көп. «Ашынған тәңірісін қарғайды» дегендей қарғыс ашу, ыза, кек үстінде айтылады. Қарғыстың ең ауыры — ананың ақ сүтін көкке саууы және атаның теріс батасы болып саналады. Бұрын аса жүгенсіздік көрсеткен балаларын ата-ана осылай қарғаған. «Үш түрлі дұға бар, олар шексіз қабыл болады»: Ата-ананың перзенттік хақысын өтемеген балаға арнап оқыған қарғыс дұғасы» (Мұхаммед пайғамбар).
«Қарғану» деген де бар. Ол біреу жала жапқанда, нақақ күйдіргенде адалдығын дәлелдеу үшін «жалғызымның қызығын көрмейін», «құран ұстайын», «керегенің көгін жейін» деп қарғанады. Мұны адал адамдар ғана айта алған.