Қалыңмал. Қалыңмал төлеу кейбір зерттеушілердің түсіндіріп жүргеніндей, қызды сатып алу үшін берілетін құн емес, керісінше, қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс-берістеріне жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем. Дәстүрлі калыңмал мынадай бөлімдерден тұрады:
Бас жақсы — түзу мылтық, бөрік сауыт, қашса құтылатын, қуса жететін бір сәйгүлік, малдығы артық бір түйе. Немесе олардың әрқайсысының орнына 5 ірі қарадан —20 жылқы беріледі. Бірақ бертін келе бас жақсының мәні өзгеріп, әлгі төрт заттың орнына тұрмысқа қажетті өзге дүниелер берілетін болған. Мәселен, Торғай уезінде бас жақсыға 3-12 жылқы, немесе 100-300-дейін, тіпті 600-1000-дейін күміс ақша береді.
Қара мал — қалыңмалдың ең өзекті бөлімі. Ірі қара саны бір жиырмадан бес жиырмаға дейін (21—25 жылқы) барады.
Ілу — қызын тәрбиелегені үшін ұрын барғанда берілетін кәде. Егер ілуге көп қаражат жұмсалса, тиісінше қара мал саны аз айтылады.
Той малы — қыз ұзату тойына сойысқа апарылатын мал, жыртыс және қалыңдық жасауының шығыны. Той малы 20—70 бас жылқыға дейін жетеді.
Сүт ақы — қалыңдықтың анасына берілетін 1—7 түйе.
Жігіт түйе — қыз әкесінің ата күшіне төленетін ақы. Бүған 2 түйе және міңдетті түрде күйеудің жақсы сырт киімі мен ер-тұрманы беріледі.
Сондай-ақ қалыңмалдың он шақты қарадан аспай, кедейлер ортасында жүретін «дөңгелек калың», 10—15 ұсақ мал орнына бір тәуір жылқы беру ғүрпы —»балама қалың», әйелі өліп, орнына балдызын алғанда төленетін 27 ірі қара —»олқы қалың» секілді түрлері де болған.
Қалыңмалды бөлу үстінде жылқышылар «құрық бауға» бір мал, қойшылар «қосақ бауға» бір қой, бата оқыған көпшілік «келін тілі» деп бір мал бөліп алады. Халық арасыңда егер «келін тілін» бермесе, «түсер келін кекеш болып қалады» деген сенім бар.
Бұдан тыс толып жатқан ұсақ-түйек кәделер бар. «Қалынсыз қыз болса да кәдесіз күйеу болмас» деген мақалдан-ақ барлық кәдені орындау күйеу жігітке әрі сын, әрі парыз екені көрініп тұр.
Қалын мал мөлшеріне сәйкес оның құрамы малдың түрлі қасиеттеріне, жынысына, жасына, қоңына, қысырлығына т.б. талаптарына қарай малдың түлігі мен санының әр түрлі ара-қатынастарында беріледі.
Қалын малға қыздың әкесінің ғана иелік етуге хақы бар. Егер қыздың әкесі қайтыс болса, берілген қалын малға иелік ету тек қыздың аға-інісі, немесе әкесінің жақын-туыстарының ішіндегі ең жақын ер адамға рұқсат етіледі.
Егер қалындық жігіттен бұрын төсек көрген болып шықса, жігіт жағы қалын малына қоса бір тоғыз айып талап етуге хақылы /қайын атасының отау алдында күйеуге деген атын пышақтап, шапанын да айырып кетеді/. Қалындық төсек көрген болып шықса, іс билердің үкіміне түсер болса, сол іске кінәліден қыз әкесінің пайдасына тоғыз даулауға хақы бар.Қорыта айтқанда, аты аталып, түсі түстелген қалыңмал түгелдей қыз үйіне бармайды, «қап түбі» қыз жасауы және басқа алыс-беріспен кері кайтады.