ҚАЗІРГІ ЖАҺАНДАНУ ЗАМАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ОРНЫ

ӘОЖ 378.37.03.01

ҚАЗІРГІ ЖАҺАНДАНУ ЗАМАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ОРНЫ

Кульбаева Д.Д.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.

Ғаламдық жаһандану жағдайындағы әлемде орын алған iрi экономикалық өзгерiстер мен технологиялық жетiстiктер – қоғам дамуының қозғаушы күшi болып табылатын бiлiм жүйесiне де өзінің орасан зор ықпалын тигiзiп отыр. Әлемдiк қауымдастықтың бiртұтас бiлiм кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша бағытталуы – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеу қажеттiгiн алға тартып отыр. Әрбір дамыған мемлекеттің жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы мен интеграциялануы, оның бәсекеге қабілеттілігі сол мемлекеттің ғылыми әлеуетімен өлшенеді. Жаһандану дегеніміз — бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы. Ол — біздің көз алдымызда өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдіс. Қазіргі кезде жаһандану үрдісіне әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Батыстың Алмонд, Истон сияқты ғалымдары жаһанданудың тиімді әрі жақсы жақтарын ғана суреттейді. Олар бұл қоғамның, жалпы, әлемнің динамикалық және прогрессивті дамуы деп түсіндіреді. Олардың айтуынша, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтар жойылып, олардың орнын әлемге ортақ құндылықтар басады. Бұл ғалымдардың пікірімен келісуге де болады. Бірақ біржақты пікірдің жетегінде кетуге болмайды. Рас, әлемде мойындалған жаһанданудың басты принципі – қоғамның әртүрлі саласында әлемдік ортақ құндылықтар қалыптасу керек деген қағидадан тұрады. Сондықтан, біз әлемдік қауымдастықтың субъектісі болғаннан кейін қаласақ та, қаламасақ та, жаһанданумен бетпе-бет келіп тұрмыз. Осы орайда «Ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды қалай сақтап қалуға болады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл жалпы ұлт болып жауап іздеуіміз қажет. Өйткені бүгінгі қоғамда жаһандану үрдісі қарқынын үдетпесе, бәсеңдетпейтіні анық. Оны ұлттық тұрғыда ой елегінен өткізіп, еліміздің сан ғасырлардан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып және тілі мен дәстүрлі діні шеңберінде үйлестіре білу – біздің болашақ ұрпақ алдындағы басты міндетіміз. Бұл міндеттің үдесінен шығу үшін әр қазақ ұлттық құндылықтарды күнделікті тұрмыс-тіршілігінде тұтынуы қажет. Сонымен қоса, ғасырлар сүрлеуінен өткен ата-бабамыздан қалған асыл мұра – ұлттық тәрбиені баз қалпында сақтай отырып, заман талабына сай орнықтыруымыз керек. Кейбір батысшыл ғалымдар мұны ескінің сарқыншағы деп қабылдары анық. Дегенмен сол Батыстың өзі дәстүрлі қоғамына қайта оралғысы келетінін ақпарат бетінде жиі айтуда. Жаппай технократтық өркениетке бет алған Батыс қоғамында дәл бүгінгідей зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық және өзге де адамшылықтан бездірер жағдайлар бұрындары қарқынды түрде болып көрген емес.
Біз әлемді шарпыған жаһандану үрдісімен тек ұлттық мемлекет есебінде ғана өзара үйлесімге келе аламыз. Ежелден Батыс пен Шығыстың бір-біріне «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» тұстары жетерлік. Біздің қазақы болмыс, салт-санамыз, тұрмыс-тіршілігіміз қазіргі заманға сай айқындалғанымен, ғасырлар тереңіне үнілген дініміз, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз, ерлікке толы тарихымыз батыстанбақ түгілі, оңдай ұғымды да мойындай қоймайды. Өйткені ұлттық рухтың түп-тамыр қазығы ұлттық тәрбие діңгектеріне негізделген. Ұлттық тәрбиенің негізгі діңгектері – ұлттық сана, ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, ұлттық діл, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып катего¬рия¬ларына сүйенеді. Сол себепті «кімде-кім өткеніне терең үңілсе, болашағын көреді» деп Шығыс ойшылы М.Руми айтқандай, бізді болашаққа апарар жол ұлттық тәрбиенің негізгі діңгектерінде жатыр. Жаһандану заманындағы қоғамымыздың қоғамдық-экономикалық өміріндегі елеулі өзгерістерге байланысты саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, рухани жағдайлар жастарды тәрбиелеу мәселесін дұрыс бағытта ойластыруды талап етуде. Егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын сонау ерте заманнан келе жатқан ата-бабалар салт-дәстүрімен, халықтық мұраларымен сабақтастыра тәрбиелеу – қазіргі күннің өзекті мәселелеріне айналып отыр. Себебі ең берекелі, ең парасатты тәжірибе – халық түйген тұжырымдар, ғасырлар бойы «зергерлік» ұқыптылықпен сұрыпталған үрдістер, дамыған даналық дәстүрлер, тәлім-тәрбиелік ойлар. Бүгінгі таңда халқымыздың тарихи мұраларын оқып-білу, қастерлеп, бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру өмір қажттілігі. Әрбір әдепті ұрпақ халық дәстүрін, ата кәсібін, халық мұрасын жоғары бағалайды. Ата кәсіп – атадан балаға ауысып келе жатқан тіршілік мұрасы, мұрагер жалғастыратын дарынды әрекет болса, халық дәстүрі имандылыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салттары мен дәстүрлері өзінше бір ғажайып әлем. Халықтық тәрбиенің қайнар көзі: ұлттық дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ауыз әдебиетінің туындылары, өнер түрлері, ұлттық ойындар, отбасы тәрбиесі, тағы басқалары. Халқымыздың өткен заманда жасаған өнегелі тәжірибесінің бізге қалдырған ой-парасаттық мұрасы мол. Бүгінгі ұрпақ бұрынғылардың ақыл-кеңесіне құлақ асса, адаспай, абыржымай, жаңылмай, жаза баспай арман-тілегіне неғұрлым тезірек жетуге жол табады екен. Әр замандағы ақылмандар айтып кеткен даналық сөздер тірліктің барша саласына қатысты, халықтың тәлімі қарастырмайтын бірде-бір мәселе жоқ. Өйткені тәрбие — өмірдің өзекті мәселесі. Олар өмір сүру үшін ғана жазбаған, керісінше, жазу үшін өмір сүрген. Өмір сүруді — өмірдің өзінен үйрену керек деп ескерген, өнегелі ғибраттарын, кітаптарды ауызша сөзбен қалдырған. Адамгершілік тәрбиесі – белгілі бір мақсатқа негізделген көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді қалыптастырудағы және адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, қарым-қатынасты дамытуда, жалпы адамзаттық, құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған жалпы адамзаттық тәрбиенің құрамдас бір бөлігі. Адамгершілік дегеніміз-қоғамның, өмірдің объективтік заңдылықтарына сәйкес адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге негіз болып табылатын талапқа сай белгілі бір гуманистік принциптерді білдіретін жалпы адамзаттық ұғым.
Әрбір халықтың рухани азығының қайнар бұлағы — оның халықтық педагогикасы мен ұлттық салт-дәстүрлері болып табылады. Тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап, әсіресе, жан азығына басым көңіл бөлген халқымыз өміртануды діттеп, оның философиялық заңдылықтарын терең ұғынған. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып, оның хайуанға айналатынын ертеден ұғынған халқымыз жан азығын ең әуелі нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруді бастайды, одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді. Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, ұстаз халық педагогикасын сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани-адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез-құлқы жетілген саналы адам қалыптасады. Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беруі үшін балаларда жас кезінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандықты, шыншылдықты және басқа асыл қасиеттерді дамыту керек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев IV Еуразиялық Медиа Форумда сөйлеген сөзінде: «Жаһандану бізге еркіндік беріп қана қойған жоқ, бір-бірімізді өзара тәуелді де етті. Ғаламдық жаһандану арқылы адамзаттың алдынан жаңа постидеологиялық кезең ашылды. Оның бізге не берері бүгінгі ұрпақтың білім мен білігіне байланысты. Біздің мақсат – әлемдегі демократияның әмбебап қағидаларына сүйенетін, әр азаматына тұрмыстың ең жоғары дәрежесін қамтамасыз ете алатын дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу» деп атап өтті. Ендеше, ұлттық тәрбиеден тәлім алған, ата-баба дәстүрін құрметтейтін иманды және жаңа заман талаптарында бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу біздіңалдымызға зор міндеттер қоятынын әсте естен шығармауымыз керек.

Әдебиет

1. Қабдиева С. Ұрпақ тәрбиесіндегі адамгершілік мәселелері. //Бастауыше мектеп №2. – 2005.
2. Пралиев С.Ж. Ұлттық тәрбие және жаһандану // Егемен Қазақстан.
3. Философиялық сөздік. Алматы, Қазақ университеті, 1996.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *