Сүйінші
Сүйінші (салт). Халқымызда біреу екінші адамға жақсы хабар жеткізіп қуантса, сүйінші кәдесін алатын салт бар. Бұрынғы әдет-ғұрып заңы бойынша жоғалған қымбат затты тауып, не оның қайда екенін көрсеткен, не ұрыны ұстаған адамдар иесінен сүйінші дәметкен, егер иесі бұны беруден қашқақтаса, биге жүгінуге хақылы болған.
Сүйінші көлемі хабаршының көрсеткен қызметіне және жоғалып табылған заттың бағасына байланысты анықталған. Мәселен, ұрланған малды тауып әкеліп берген, одан әлгі малдың құнының 20-дан бірін, ал ұрыдан тартып алса, 5-тен бірін, ал ұрының өзін әкелсе, ұрланған малдың жарты құнындай сый алған. Егер хабаршы жоғалған малды көрмей, оның қайда екенін естуі бойынша жеткізсе, құлақ сүйінші алған. Ұры жоғалған малды өзі әкеп берсе, әрине, сүйінші дәметуге хақысы жоқ. Егер жоғалған малды табуға, не ұрының мойнына қойып беруге уәде етіп, сүйінші алған адам уәдесін орыңдамаса, алған сүйіншісінің белгілі бір бөлегін қайтаруға тиіс.
Жалпы қазақ халқында сүйінші жақсылықтың нышаны. Беті балбұл жанып сүйінші сұрай келген адамға қалағанынды ал, деп қолын еш қақпаған. Күні бүгінге дейін бұл дәстүр жалғасын тауып, сүйінші сұрау жақсылықтың, қуаныштың нышаны болып келеді.