Көңіл айту
Қөңіл айту (ғұрып). «Төңіректегі халық естіген беттерінде көңіл айтуға топырлап келіп жатыр» (Т. Әбдіков). Жақын адамы қайтыс болғанда оның жақын-жуығы мен таныстары, іліктері қазалы үйге әдейі барып бата жасап, көңіл айтады. Көңіл айтудың мәні-мұнды адамды жұбату, сергіту, «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп уайымға берілмеу жөнінде жанашырлық ақыл-кеңестерін айтып қайрат береді. Қайғыға берілген адамды кейбір өткір шешендер әрі мінеп, әрі сынап, әрі ұрсып тоқтатқан. Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы өлгенде басын көтере алмай қалғанда Таз Шоқай би былай деген екен:
«Уа, Ерден!
Басыңды көтер жерден,
Осы балаң өлмегенде
Кетіп едің керден
Өзі беріп, езі алды
Нең бар еді құдайға берген?!
Балаң түгілі
әкең Сандыбай да өлген.
Оны Шоқай көрген.
Жақсының басына іс түссе
Бойлай береді
Жаманның басына іс түссе
Ойлай береді
Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді,
Жүкті нар көтереді
Өлімді ер көтереді.