Жан – жануарлар арқылы ауа райын болжау

Жан – жануарлар арқылы ауа райын болжау. Қазақтарда жануарлар қылықтарына бақылау негізіндегі көптеген болжамдар бар. Олар алдымен шаруашылығындағы үй жануарлары: жылқы, қой, ешкі, сиыр, түйе.
Қазақ халқы жылқы малын сергек мал дейді. Олардың қылығы арқылы ауа райының алдын – алып болжайды. Жылқылар топтасып, жүйткіп, кісініп ойнақтаса, шапқыласа, кешікпей күн суытып, ызғар соғып, боранды жауын қарлы борасын болады деп біледі. Жылқылардың жүні үрпиіп, жайылуға зауқы жоқ болса, онда біраздан кейін күн суытып ауа райы бұзылады. Ат әлсін – әлсін пысқырса, жазда жел күшейіп жауын жауардың, ал қыста қар жауып, қарлы борасын болады. Жылқы ыққа жайылса, жел, жауын, қарлы борасындар, ызғар суық жел болады. Айғыр үйірін, мойынын жерге сала, жиса ауа райы кешікпей бұзылады. Жылқы малы қыста, көктемде жайылғанда, қай жаққа қарап жайыла берсе, жайлы жылы күндер болады, ал желге қарсы жайылса, жайсыз күндер болатының белгісі. Бие кенет суалса, кешікпей жауын жауатын болады. Соғымға сойылған жылқынын бауыр жүні (қылшығы) ұзын болса, алдағы қыста қар көп жауады. Жылқынын жүні бүршіп үрписе, жазда жауын жауып, қыста күн суытады. Егер жылқы осқырынып жұтынса, онда жылқы кешікпей қар суын ішіп, асайтынының белгісі. Жылқы жазда ыққа қарап жусаса, қыс қатты болады. Жылқы ішір тартса, ауа райы бұзылады. Жылқы оқыранып, жусаса, боран соғады. Қыста оқыранып, ернін жыбырлатса, кешікпей күн жылынып, қар суын ішеді.
Қазақтар қойдың қылығы арқылы ауа райын алдын ала болжайды. Қой тынышсызданып, көңді тарпып, қызып мазасызданса қар жауып, борасын соғып қарлы борасын болатындығының сыңайы. Таңертең ерте қойдың жағдайын байқағанда олар желге қарсы күйсеп жатса, ауа райы жақсы болатынының белгісі. Қой көп түшкіріп, пысқырса, аспанға бұлт жиылып, тұмандатып, жауын жауатынының ишарасы болады. Қой жүнін сілкіп, сілкінсе жауын жауғанын қойып, күн ашылады. Қойдың жүні дымқылданып, суланса, жас болса, жауын жауардың белгісі. Қыстың басында қой қорадан өзі шығып жатса сол жылғы қыс жайдарлы жақсы болады. Қой күйездеп жиыла бастаса. Кешікпей күн шіліңгір ыстық болады. Қыста, көктемде қой кез – келген жаққа қарап жайыла берсе, келер күндер жайлы болатынның белгісі, ал желге қарсы жайылса, күн суытудың ишарасы. Қыста сойылатын қойлардың бауыр жүні ұзын өскен болса, алдағы жылы қыста қар көп болады. Егер қойлар өрістен қайтқанда ауызына бір – бір тал шөп тістеп қайтса, сол жылы жұт келеді деп көреді халық. Қойлар тісін қайраса, кешікпей күн борандатады, ал қой тұяғымен кеудесін, төсін қасыса қыста қар қалың жауатынның ишарасы болмақ. Өріске өрер қой қорадан еркін шықса, өрістен қайтып келгенде олар қораға еркін кіретін болса, жыл жақсы болуының сыңайы болмақ деп көреді қойшылар. Қотандағы қой бір бағытқа қарап жусаса, кешікпей ту сыртынан боран соғады. Күзде қозылар енелерінен қалғыштап, отардан жиі бөлініп қала беретін болса, қыс қатты болады. Ал егер қозылар қоралы қойдың алдына шыққыштап жайылса, қыс аса жайлы болмақ. Күзде, қыста өріске шығардың алдында қойлар секіріп ойнақтап бірін – бірін қуалап, сүзісуі жиі байқалса, кешікпей қатты суытудың хабары. Ал мұндай қылық жылы маусымда байқалатын болса, онда ауа райы бұзылады. Қой өрісте тоқтамай тұрақсыздана жүгірсе немесе қорадағы көңді тұяғымен қазып тебіндесе, кешікпей боран, мүмкін күшті дауыл тұрады. Қыстың басында қорадағы қойлар жиектеп шашырай жатса, қыс жайлы жұмсақ болады. Қозы, лақ секеңдеп, ойнақтаса, жауын жауады. Егер қойлар сілкініп, сүйкенсе, маңырап шуылдаса, жауын басылып, күннің көзі шығады.
Қазақ халқы ешкі малын ауа райына төзімсіз мал, сондықтан олар ауа райын алдын ала сезінуге, сергек сезімтал келеді деп есептейді. Егер ешкілер тасқа, биік жерге шығып, секеңдеуін қойып, тас, үй, қораға үйген тезек, жүк ықтасынына тығылып тұрса, онда кешікпей жауын – шашын, қар жауып, бұрқасын суық жел соғатынының белгісі болады. Кешке өрістен қайтқан ешкілер ауылға қарай асыға жүгірсе, қораға асықса, түнде күн суытып, ауа райы бұзылады. Қорадағы ешкілер тынышсызданса ауа райы қолайсыз болудың белгісі. Таңертең ешкілерге назар салғанда, олар ешбір қаперсіз күйсеп жатса, сол күні тымық жылы болады. Ешкілер «шыбжыңдап», салқын, тығылатын жер іздеп жүгірсе, күн шыбынды, мұнартқан болады. Бұл күн ысудың да ишарасы болмақ. Ешкі басқа малдан бұрын өрсе, күн тымық болады. Ешкі малы «түшкіріп, пысқырып» мазасызданса, онда аспан түнеріп, жауын жауады. Ешкі қорадан тыс, дөңес жерге жатса, қыс жақсы болады. Ешкі малы ыққыш келсе, жел соғып күн суытудың сыңайы болмақ. Ешкілер кенет суалып кетсе, жауынды күндер болады. Ешкі малдары кез – келген бағытқа қарай жайыла берсе күн жайлы, ал желге қарай жайылса күн ызғарлатады. Ешкі, серке, текелер көң тарпып, тынышсызданса, қар жауып, қарлы борасын соғатын сыңайы болмақ.
Қазақ халқы сиыр малының қылығын бақылап, сол арқылы ауа райының жағдайын алдын ала болжап айтатын болған. Таңертең ерте сиыр малын бақылағанда, олар желге қырыс қарап, бейғам күйсеп жатса, сол күні күн жылы, желсіз, жауынсыз, қарсыз болады. Егер күн бұзылатын болса, сиыр малы алдын ала біліп, уақыты болсада өрістен ауылға ерте қайтады. Сиыр малы өріске шығарда тынышсызданып жан – жағына қарап, басын шайқап мөңіресе, мазасызданса, қарлы борасын соғып, қар жауып, күн суытады. Жазда сауын сиырлары бұзауларына қарай мөңіресе, жауын жауардың ишарасы болмақ. Жауын жауып жатқанда бұқа мөңіреп, өкіре жүрсе, аспан ашылудың айғағы. Сиырлар жайылып жүргенде жүндері үрпейсе, ауа райы бұзылудың белгісі. Сиыр желге қарап жайылса, күн суытудың белгісі. Ал қыста, көктемде қай жаққа қарап жайылса да күн жылы жайлы болатынның белгісі болмақ. Сиыр кенеттен суалса, онда кешікпей ылғал жауын болады. Сиырлардың жүні үрпиіп, бүрсиіп, үй маңайында айнала берсе ауа райы бұзылып, қарлы борасын болып, күн суытудың сыңай болмақ.
Қазақ халқы түйе малының қылығы арқылы ауа райын болжап келген. Түйе малын қазақ басқа малдардан артық сезімтал деп біледі. Түйелер ауа райының өзгерісін екі – үш күн бұрын біледі дейді. Жел соғып, қарлы борасын, боран, дауыл соғатын болса, түйе күлде, бұта, ши түбінде төмен қарап шөгіп жатады. Түйе ертеңгісі, жайылымға жайбарақат өзі шықса, күн жайлы желсіз, жауынсыз, қарсыз болады. Түйелер, тайлақ, бота, атандар тайраңдаса күн суытудың белгісі. Інген ботасына боздап, әлсін — әлсін таяп келсе, қар, жауын жауып, дауыл бұрқасын соғатынның сыңайы болмақ. Топ түйе ыққа жайылса, күн райы бұзылатынның белгісі. Түйе тобы қыста, көктемде кез – келген жаққа, басы ауған тұсқа жайыла берсе, келер күндері күн жылы, ауа райы жақсы болады. Ал желге қарсы жайыла бастаса, күн бұзылып суытады. Түйе кенет суалса жауын жауатынның белгісі. Егер қыс уақытында түйе малы ернін жыбырлатса кешікпей су ішеді немесе қар жауып қар суын ішеді, қар асайды деп көріледі. Бұл көктемнің уақытына бұрын басталатынын да көрсетеді. Ауа райын болжаушы есепшілер күн мен түннің теңелу тоғысын мизамнан бастап есептейді. Алғашқы мизам көрініп, туған күні, түйе малы басын құбылаға қаратып, төрт аяғын төрт жаққа керіп, талтая керіліп, жайбарақат ұйықтаса, сол жылғы қыс жайсыз болады деп көріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *