«Ерекшелік» ұғымы кез-келген құбылыстың өзгеге ұқсамайтын өзіне тән өзгешелігін көп жағдайда локальдық (жергілікті, оқшау) нормаларды, әдет-ғұрыптарды, құндылықтар мен жүріс-тұрыс бітімдерін сипаттау барысында кең колданылады.
Салт-дәстүр – дегеніміз түптеп келгенде ұлттық болмысты басқалардан алабөтен айрықшалап, даралап тұратын ішкі бір айна іспетті. Онсыз халық болмайды. Кешегісіз бүгінде, ертеңде тұл. Дәстүрді адамның қай ұлтқа жататындығының бір басты белгісі ретінде қарастырған жөн.
Салт-дәстүрдің мәні мен әлеуметтік маңызы оның қоғамдық өмірдегі атқаратын қызметтерінен көрінеді: әлеуметтік, интегративтік, реттеушілік, коммуникативтік, әлеуметтік-психологиялық, идеялық-тәрбиелік және т.б.
Дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың құрылымына адамгершілік, саяси, эстетикалық, діни, идеялық мазмұн, ережелер, қалыптар (нормалар) мен принциптер, тұлғаның саяси және рухани қасиеттері — көзқарасы, сезімі, қажеттілігі мен идеалдары (арман-аңсары) кіреді.
Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жанұяда қалыпты қатынастардың бекітілуіне, үлкен мен кіші арасындағы қатынастарды, қалыптар мен ережелерді игеруге, шаруашылық жүргізудің қалыптасқан тәжірибесін жалғастыруға, еңбекке баулуға, ұлттық мәдениет пен тарихты қадірлеуге, патриотизм тәрбиесі мен туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға, эстетикалық және көркем мәдениетті сақтауға жағдай жасайды.
Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрі, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын зерттеуге көлемді еңбектер жазып, жинақтап, жүргендердің қатарынан Х. Арғынбаев, А. Сейдімбек, С. Кенжеахметұлы, М.Әуезов, Н. Әлімбай, Қ.Толыбаев т.б. жатқызамыз.
Қазақтың этномәдениетін қарастырғанда оның салт-дәстүрлер жүйесі туралы міндетті түрде сөз қозғалады. «Этникалық мәдениет» және «дәстүрлі мәдениет» ұғымдарының бір-біріне жақындығы төмендегі себептерге байланысты.
халықтың салт-дәстүрлері ұлттың этникалық сипаттамасын құрайды;
салт-дәстүрлер ұлттық ерекшеліктің маңызды элементі болып табылады;
— дәстүрлер — ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі;
дәстүрлі мәдениетке авторлық мәдениет қарсы қойылады, себебі, алғашқысы ауызша таратылады, ал соңғысы индустриалдық қоғамға тән коммуникацияның тығыздылығымен байланыстырылады [4, 25 б.].
Ұлт өзінің дүниетанымын тілі, діні, ділі, фольклор арқылы білдіріп отырады. Демек ұлттық ойлауды зерттеу үшін негізгі сүйенетініміз – халықтың мәдениеті, рухани мұрасы, өмір сүру тәсілі, діни нанымы, күнделікті тұрмыста қолданылатын әдет-ғұрпы, салт-санасы, халықтық деңгейде қалыптасқан образдары, дүние туралы халықтық ұлттық бейнесі және тағы басқалары жатады.
Қазақтың ұлттық: имандылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, дәстүрлері, меймандостық, қонақжайлық рәсімдері ұлттық мәдениеттің айқын белгілері болып табылады. Кісі күту дәстүрі бойынша қонақ қабылдау, қонақасын беру, қонақ кәде жасау ұлттық мәдени рәсімдер арқылы орындалады.