Құда түсу рәсімі

Құда түсу рәсімі

(Қазақы үй іші. Үй иесі (газет оқып отырады), бәйбіше (ұршық иіріп отырады), бойжеткен қыз (тоқуыш тоқып отырады).
Даладан ұлы кіреді.
Ұл: Үш — төрт аттылы келеді. Сәнді киінген, бет алыстары біздің үй, шамасы, арнайы қонақ тәрізді (қыз лып етіп тұрып кетеді).
Әкесі: «Құдайым би қылмасаң да би түсетін үй қыл» деп тілек тілеген халықтың баласымыз. Арнайы қонақ болса, болар. Алдынан шығып, күтіп алалық (Орнынан тұрып есікке беттей бергенде, қонақтар есендесіп кіріп келеді).
— Ассалаумағалейкум?
— Есенсіздер ме?
— Амансыз ба?
Әкесі: Төрлетіңіздер, Төрлетіңіздер. Жайғасып отырыңыздар. «Қонақпен еріп, құт, ырыс келеді» деген, бәйбіше, қазан көтер, шай қамда.
Қонақтың үлкені: «Қонақ қойдан жуас», отағасы. Біз «арнайы қонақпыз», асығысымыз жоқ.
Үй иесі: Бәрекелді! Бәрекелді! Ұлым, ақ қойды құбылаға қаратып бауыздаңдар да, тездетіп сиырып, қазанға салыңдар. Қасыңа көмекші ал.
Ұл: Жарайды, әке! (ұл шығып кетеді)
Әйелі: Мал сойғалы жатыр. Ағекеме, абысынға, көршілерге де айттыра қояйын. (шығып кетеді)
Қонақ: Ауыл — елдеріңіз аман ғой.
Үй иесі: Аман — аман.
Қонақ: Қалай, биылғы жыл малға қолайлы болып тұр ма?
Үй иесі: Шүкір – шүкір, сіздің жақта қалай? Айтпақшы, сіздер қай жақтансыздар, танысып — білісіп отыралық.
(Осы кезде қонақтар келіп, сөз бөлінеді. Барлығы бір — бірімен көрісіп, есендеседі.)
Үй иесі: Уа, бәрекелді, қош келдіңіздер!
Бәйбіше: Ал, қалған әңгімені шай ішіп отырып жалғастырарсыздар, қолға су құйылсын.
Кішкене бала: Ассалаумағалейкум деп, сәлем бердік.
Жамыраса: Амансың ба, уағалейкумассалам, есенсің бе. (қолға су құйған соң, «өркенің өссін», «таудай бол», «тәңір жарылқасын» т. б.)
(дөңгелек үстел, шай ішіледі.)
Үй иесі: Дәмнен алып, шай ішіп отырыңыздар.
Ағасы: Қарап отырғанша, қажап отырайық. Аңыз әңгімеде де айтылған ғой. Алаш атамыз өзінің Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш ұлына енші бөліп бергенде өзіне тиісті еншісін «бұл бүкіл исі қазақтың бөлінбеген еншісі болсын. Мұны да сендерге бөліп берейін. Бұл үрім — бұтақтарыңа жалғассын. Бір — біріңе қайырымды болыңдар. Алыстан шаршап — шалдығып келген қонақтың еншісі – қонақасы болсын» деп аруақты атамыз батасын берген екен. «Қонақжайлық дәстүр содан қалған екен» дейді бұрынғы ескі сөзді ескеріп қалған қариялар.
Көрші жігіт: Иә, иә. Қонақты құдайы қонақ, арнайы қонақ, қыдырма қонақ деп те бөлген емес пе? Арнайы қонақ – әдейі келген немесе арнайы шақырылған қонақ. Құдайы қонақ – алыстан келе жатқан танымаса да демалып, ат шалдыруға тоқтаған қонақ. Қыдырма қонақ – сол үйдің семіз соғымын, дәмді тағамын аңдып келген қонақ демей ме?
Ағасы: Дұрыс, дұрыс. Қонақ күту қазақтың бұрынғы заң ережелерінде де бекітілген. Ескі ережеде 51 — бапта болған. Қонақасы бермеген кісі ат — шапан, түйеге дейін айыпты болған. Сонымен мына қонақтар қай жақтан? Қандай қонақ? Танысып отыралық та?
Үй иесі: Олай болса, кезекті қонақтарға берейік.
Қонақ: «Сүт сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген біздер «жаушы» боламыз.
Бәйбіше: Не дейді? Құралайым ой түзеп, бойжетіп, қалғаны ма? (сәл үнсіздік)
Ағасы: Ым — м — м, иә қазақта бар салт. Ұлың ержетіп, қызың бойжеткенде осындай ата дәстүрмен құданы ата — ананың алдына келтіріп, сәні мен салтанатымен ұзатылған болса несі айып? Қайта қуанбайсың ба?
Бәйбіше: Солайы солай ғой, ағеке. Дегенмен ішіңе шоқ түскендей болады екенсің.
Әкесі: Ау, енді қонақтарға кезек беріңіздер, тыңдайық. Қай жақтан? Өздерін таныстыра отырсын.
Үлкен қонақ: Біз Қызан ауылынан, жары кещелер боламыз. Мен болашақ бауыздар құдаңыз боламын. Ал мына жігіт күйеу балаларыңыздың нағашы ағасы болады.
Кіші қонақ: Иә, Алла жазса, сіздердің ықыластарыңызбен болып жатса ғой бәрі де.
Үй иесі: Кішкене қол — аяғымызды созып, демалып, еркін отырайық
Ұлдың әкесі: Ал құда — құдағилар сіздерде қыз, бізде ұл дегендей, осы екі жастың арқасында бәріміз танысып білісіп жатырмыз. Қыз деген жат жұрттық, құдеке, қызыңызды жылатпаймыз ешуақытта, өте бақытты болады деп сенемін. Енесі өте жақсы адам, бізде қыз беріп, қыз алысқан адамдармыз. Әр ата — ана ұлын емес, қызын ойлайды екен бірінші кезекте «қызым жақсы жерге барса екен, барған жерінде жыламаса екен» деп. Қапелімде сөйлемей қалауыңызды да түсінемін.
Ағасы: «Төбесіне алтын құйып қойсаң да, қыздың аты қыз ғой шіркін қашанда» деп неге айтты дейсіңдер. Екі баланың келісімімен болып отырған жайт болса, неге келісім бермеске!
Кіші құда: Ой, сау болыңыз! Ал енді ата салтымызбен, өз жөн — жоралғымыз, мынау енді қыздың қалың малы (конверт), қасында бір қап қант бар, арамыз тәтті болсын деп ырымдап әкелдік. Разы болыңыздар, құдалығымыз құтты болсын!
Қыздың әкесі: Қазақтарда сөз бар «дүние адамға бітеді» деп дені сау болса, бәрі болады. «Орамал тон болмайды, жол болады» демекші, бұл енді жолы ғой, аз беріп көп бергенде одан ешкім байып кетпейді. Қыздан алып байып кеткен ешкімді көрген емеспін. Терезеңмен тең дейді, оның бәрі бізге керегі жоқ, екеуі бақытты болса, бізде асып бара жатқан дүние жоқ, сіздер сияқты момын жандармыз.
Ағасы, басқалар да: дұрыс, дұрыс. Жөн – жөн!
Екі әке төс қағыстырып құда болады. Айналасында отырған жиылған жұрт, «құдалық мың жылдық болсын» деп тілектерін білдіріп жатады.
Абысын: Ал оң болсын! Балалардың келісімі, сіздердің келісімдеріңізбен болып отырған келісім. Ырым — кәделер кейін ғой, қонақ кәде сұрамаймыз ба?
Құда: Болады. Болады. Қара жаяу емеспіз. (қасындағы жолдасына қарап) Шырқап жібер.
Кіші құда: Домбыра болса болғаны. (домбыра ұсынылады)…
Барлығы: кеу — кеулеп отырады. (Болғаннан соң, бәрі алғыстарын айтады)
Қыздың әкесі: Қонақтар, қалған әңгімені асқа шейін далада жалғастырып, кішкене сергуге болады. (болады, болады десіп, барлығы далаға шығып кетеді).
Шымылдық.
Ұлдың әкесі: Ал құда, құдағилар, құда болуға баталастық, екі жақ әбден келістік. Осындай тамаша сәттің айғағы ретінде мен құдама «қарғыбау» ұсынбақпын. (орнынан тұрып, ұсынады.)
Қыздың әкесі: Қазақтың салты бойынша «жаушыға» шеге шапан жабады емес пе? Қане, ал ендеше («шеге шапанды» жабады)
Ағасы, Басқалар: Ай, ата — баба салт — дәстүрі — ай, шіркін! Осыны біреулер білсе, біреулер білмейді.
Құда: Ал құда айымыз оңынан туып, келген шаруамыз бітті. Құдай қосқан құдалығымыз ақиқат, олай болса, өлі мен тірі адам арасында да адалмыз, жақында өлі — тірі, яғни кәделі мал — жылқы жіберіледі ауылдарыңызға. Рұқсат болса, жүрелік.
(Барлығы далаға шығып кетеді)
Ұлдың ауылы. Әйел адамдар бір — бірінен сүйінші сұрайды.
1 — ші әйел: Сүйінші! Сүйінші!
2 — ші әйел: Не болды? Қалағаныңды ал.
3 — ші әйел: Мәссаған, шашу дайындалық. Абысынға айталық. (жүгіріп кетеді де, шашу әкеліп, екінші жақтан сүрініп — қабынып келе жатқан үлкен кісіге береді)
Үлкен әже: Тілектеріңді Алла қабыл етсін, айналайындар! Шеге шапаның құтты болып, ұзағынан сүйіндірсін! (шашу шашады, әйел адамдар сәлем етеді. Шашу жинайды)

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *