ҚҰДАЙҒА АЙТҚАНЫМ

ҚҰДАЙҒА АЙТҚАНЫМ

Қырық алты деген сұм өмір бойды алды,
Іштен улап қойыпты тұла бойды.
У ішкендей өткен өмірге өкінсем де,
Алдамшы өмір алғанын бермей қойды.

Кез болғанда көк орай қуарғандай,
Шаш-сақалға ақ кірді қуарғандай.
Есікті ашсаң ар жағы салқын дала,
Таба алсамшы дариға басқа пана.

Қызық күнің, қызықты өмір кетіп,
Итермелеп есіктен шығарғандай.
Іс бітті, құт кетті қолға түспес,
Есім жиып, есалаң болдым нала.

Япыр-ау анау қандай, мынау қандай,
Айдалада адасып қалған жандай.
Тәуір-ақ сені де ес деп санаушы едім,
Артыңа кеткенің бе бір қарамай?

Жан оңар ма тоналған салқын түнде,
Бой суық, ой да суық, бір шерменде.
Балдай деген дүние удай екен,
Зақым тиген жаралы шер кеудемде.

Бұл зарымды кетемін кімге шағып,
Өткен күнге өкінесің енді неғып.
Неше түрлі сасықпен шатпақтасып,
Жаман іске жан өртеніп, жүрек жанды.

Көксегенім жас шағым, күнім емес,
Былғанышпен бұл өткен күнім емес.
Бала күнімде есімді ерте жимай,
Еске түссе адамға не дегізбес.

Дүниеде мен термеген не боқ қалды,
Бүкіл қорда жиылып ішке барды.
Алдым тұман, артым шаң бас айналып,
Ем таба алмай тулады жүрек жаным.

 


Ешбір дауа таба алмай ой сандалды,
Қайғыменен қайтпасын анық біліп.
Бір құдайдан басқадан ем таба алмай,
Қара жүзбен жабыстым өзіңе кеп.

Сенен басқа нәрседен күдер үзіп,
Опасызын өмірдің әбден сездім.
Беті қара қапалы қашқыныңды,
Ант ішкізіп алдыңа алып келдім.

Көшу сенде қайғырып, сұрау менде,
Айтқаныңды қылмаған мен бір пенде.
Фазылыңа ал аясаң мейірім салып,
Не демедім, не жемедім өткен күнде.

Зарыққанда жарылқаушы жалғыз өзің,
Қапа боп қайғыратын келді кезім.
Азық жимай, жаныма азап жинап,
Әлек еткен бір жанмын өзімді-өзім.

Мен несіне жан болып тудым екен,
Тізгінімді неге еркіне бердім екен?
Жасымда өлмей неге жүрдім екен,
Мен несіне жалғанға сендім екен.

Жалғанды жалған демей жан дос көріп,
Өткен күнге өкініп, тәуба қылып.
Соңыңа сонша неге ердім екен,
Жан бар ма екен жалынсам кешіре ме екен?

Кешір, кешір, кешпеймін үмітімді,
Болса дағы жазығым таудай мінді.
Мейірімің кең, махарбан, фазылыңа ал,
Таянып, жойып тұрмын қаупімді [7].

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *