ОҚЫТУДЫҢ КРЕДИТТІК ТЕХНОЛОГИЯ ЖҮЙЕСІНДЕ СТУДЕНТТЕРДІҢ
ӨЗІНДІК ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ
Жанасбаева Б.Б.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Елбасының 2004 жылдың 11 қазанында № 1459 Жарлығымен бекітілген білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы жоғары оқу орындарының бәсекеге жарамдылығы мен олардың білім беру қызметінің халықаралық нарығына шығуын қарастырған. Бәсекеге төтеп беру – ұлттық білім беру жүйесін реформалау. Бағдарламада көрсеткендей, мамандар дайындаудың үш сатылы жүйесі айқындалды. Олар: бакалавр-магистр-доктор PhD. [1] М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде бакалаврлар, магистрлар даярлау бұрынғы дәстүрлі оқыту үрдісінен білім берудің кредиттік технологиясына толық ауысты. Қазіргі кезеңде кредиттік оқыту жүйесі бойынша көптеген іс-тәжірибелер жинақталды.
Бакалавриат (baccalaureatus- латын сөзі, «лавр жапырағынан алқа таққан» дегенді білдіреді, кейбір шетелдерде төменгі ғылыми атақ, ал француз тіліндегі бакалавриат baccalauréat (bac) сөзі – Франциядағы орта мектептің курсы, Францияның білім беру жүйесінде бакалавриаттан кейін ғана жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болады, тек шектеулі мөлшерде бакалавриатта оқымаған, бірақ еңбек өтілі көп, мол тәжірибелі маман ғана арнайы емтихан тапсырып (ESEU) университетке түсе алады, Кеебекте университеттің бірінші циклін бакалавриат деп атайды. Бакалавриат сөзінің мағынасына қатысты зерттеу жасағанда, шет елдердің көпшілігінде бакалавриат жоғары білім берудің базасы болып табылатынына көз жеткізуге болады.
Білім беру жүйесін бүкіл әлемдік деңгейге сәйкестендіру, мамандарды әлемдік білім стандарты талаптарына сай дәрежеде дайындау және Қазақстан Республикасы жоғары оку орындары дипломдарын басқа елдердің дипломдарымен теңестіру мақсатында жоғары оқу орны құрылымына еліміздің білім беру жүйесін сапалы жағдайға жеткізе алатын кредиттік технология әдісімен оқыту енгізілді.
Қазіргі заман сұранысын қанағаттандыра алатын, еңбек рыногында бәсекелестік тудыра алатын, өз мамандығын еркін меңгерген және дүниежүзілік стандарт деңгейінде нәтижелі жұмыс жасауға қабілетті білікті маман даярлау көзделген. Жоғары білікті маман болуға деген даярлық тікелей студенттің өз бетімен жұмыс істей алу, даму және жетілу ұмтылысынан көрінеді. [2].
Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу үрдісін ұйымдастыру – өте ауқымды процесс. Бір мақалада бүкіл кредиттік технологиямен оқыту жүйесінің мәселелерін қозғау мүмкін емес, сондықтан мақаланың мақсаты – оқытудың кредиттік жүйесіндегі студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру. Ең бірінші оқытушылар кредиттік жүйеде студенттердің әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуді қарастыру керек. Университеттегі мамандықтарға жұмыс оқу бағдарламалары құрылғаннан кейін әрбір пән бойыша силлабустар мен пәндердің оқу–әдістемелік кешендері дайындалған, олардың құрылымы және сапасын институттағы сарапшылар құрамының мүшелері тексеріп отырады. Кредиттік жүйеде үш кредиттік пәндерде практикалық сағат саны 45 сағат болса, 22,5 сағат оқытушы жетекшілігімен өткізілетін студенттердің өзіндік жұмысы, екі кредиттік пәндерде практикалық сағат саны 30 сағат болса, 15 сағат оқытушы жетекшілігімен өткізілетін студенттердің өзіндік жұмысы, бір кредиттік пәндерде практикалық сағат саны 15 сағат болса, 7,5 сағат оқытушы жетекшілігімен өткізілетін студенттердің өзіндік жұмысы жоспарланған.
Оқытудың кредиттік жүйесі — білім берудің жаңа технологиясы. Студенттерге арналған оқу – әдістемелік кешенде СӨЖ–ына арналған кесте бар. Онда кредит санына қарай студенттердің өзіндік жұмысына тапсырма көлемін оқытушының өзі белгілейді. Дәстүрлі оқытудан кредиттік технологиямен оқытудағы айырмашылық – бұл студентке өз бетінше, шығармашылық негізде, білім алуды өз жағдайына бейімдеп, уақытқа ешбір тәуелсіз, тапсырма бес–алты апта бұрын беріледі, студент қай уақытта дайын оқытушымен келісіп, тек тапсыруға тиісті мерзімнен кешіктірмей өткізу керек. Сондықтан кредиттік технологиямен оқытудың сапасын көтеру үшін студенттің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың маңызы зор. Студенттердің өзіндік жұмыстарының тапсырмалары негізгі сабақтардың тақырыптарын толықтыратын, тереңдететін, әралуан тапсырмалар болуы қажет. Студентке арналған оқу–әдістемелік кешенде СӨЖ– ының тапсырмасы, көлемі, қандай түрде тапсыру қажеттігі, өзіндік жұмысты тапсыру мерзімі анық болуы қажет. Студент алдын-ала тапсырманы орындауда ізденеді, керекті материалдарды оқиды, талдайды. Оқытушы силлабус құрастырғанда студенттің де уақытымен санасуы қажет. СӨЖ– ының сипаттамасында міндетті түрде жұмысты қалай орындау, қашан тапсыру жайлы нұсқау болу керек. Тапсырма көрсетілген мерзімде, аталған деңгейде орындалу керек. СӨЖ– ын орындағанда білімді меңгеруінде негізгі жүк студенттің өзіне жүктелсе, сол білімді бекіту, ары қарай тереңдету, білімнің білікке айналдыру оқытушының қатысуымен және оның қадағалап тексеруімен оқытушының жетекшілігімен өтетін СӨЖ сабақтары кезінде жүзеге асады.
Кредиттік жүйе бойынша үйымдастырылған өз бетімен орындалатын жұмыс барысында студент белсенді қатысушы болып есептелінеді. Ал оқытушы оқу үрдісін үйлестіруші, білімгердің танымдық әрекетін үйымдастырушы әрі бағыт–бағдар беруші, кеңесші қызметін атқарады.
Студенттердің өзіндік жұмысына тапсырмаларды дұрыс таңдау оқытушыға жүктеледі. Біріншіден, өзіндік жұмыс материалдары жұмыс бағдарламасындағы негізгі тақырыппен байланысты болу керек. Екіншіден, оқытушының қатысуынсыз орындалатын үй тапсырмалары қатаң тексеріліп бағаланып отыру керек. Біз өз тәжірибемізден байқанамыз студенттер өздерінің міндеттерін айқын түсінгенде жауапкершіліктері артады. Сондықтан оқытушылар ол теориялық сабақ болсын, практикалық сабақ болсын студенттердің өзіндік жұмысын дұрыс ұйымдастыра білу керек, себебі ол студенттің оқу уақытының 30-35 пайызын құрайды. Зерттеулер көрсеткендей студенттің өзіндік жұмысына кедергі жасайтын себептерді екі топқа бөлуге болады:
1. Студенттің өзіне тәуелді себептер: еңбекқорлықтың, қабілеттің, жігердің, өз бетінше жұмыс істеу мүмкіндігінің жеткіліксіздігі, енжарлығы т.б.
2. Оқу үрдісін ұйымдастыруға байланысты кафедраның қызметіне тәуелді себептер: ағымдық білімді бақылаудың осалдығы, студенттердің сабаққа қатысуын қадағалаудың жеткіліксіздігі, әдістемелік құралдардың жетіспеушілігі.
Егер студент оқығысы келмесе, оны оқыту мүмкін емес, яғни оқытушының мақсаты студенттің оқуға деген ынтасын арттыру болу керек. Студенттің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру кезінде студенттің пайда болған ғылыми, мамандық мүдделерін, талап–талғамдарын, дайындық деңгейін, өзінің міндеттері мен мақсатын түсінуін, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігін ескерген жөн[3].
Сонымен, кредиттік технологиямен оқытудағы студенттің өзіндік жұмысына жаңаша анықтама беруге болады. Студенттің өзіндік жұмысы (СӨЖ) дегеніміз — дидактикалык міндеттерді өз бетімен шешуге бағытталған студенттің оқу іс-әрекетінің ерекше түрі, логикалық ойлауы, танымдық әрекетке қызығушылығының қалыптасуы және белгілі бір тақырып саласында білімінің толықтырылуы. Басқаша айтқанда оқытушының тапсырмасы оның әдістемелік жетекшілігімен, бірақ қатысуынсыз орындалатын студенттің жоспарлы жұмысы [4].
Оқу үрдісінде студенттің өзіндік жұмысы біріншіден, СӨЖ– ы зерттеу жұмысының әдістемелік негіздерін меңгеруге септігін тигізеді, шығармашылық тұрғыдан ойлауға, дәлел келтіре алуға, өз позициясын қорғауға, өз ойын еркін жеткізе білуге және жазбаша түрде ойын жинақтап айтуға мүмкіндік болады. Екіншіден, СӨЖ –тарын орындау барысында ол білімін тереңдетумен және ой– өрісін кеңейтумен ғана шектеліп қоймайды, сонымен қатар теориялық әр деңгейдегі материалдарды талдауға үйренеді. Үшіншіден, студенттің шығармашылық және танымдық дамуын бақылауға мүмкіндік туады, яғни оның тапсырма мен өзіне қойылған талаптарды қаншалықты ынталы, әрі шығармашылық деңгейде орындағаны анықталады. СӨЖ-тарының тәрбиелік маңызының бар екендігін де ұмытпаған жөн. Ол студенттің бойында жауапкершілік, сабырлылық, төзімділік, жинақылық тәрізді позитивті қасиеттерді қалыптастыруға септігін тигізеді, студент өз алдына қойылған мәселелерді білікті маман ретінде танып біліп, оны шешу жолдарын таба білуге дағдыланады [4].
Оқытушы СӨЖ– ын әдістемелік түрғыдан қажетті деңгейде қамтамасыз ету керек. Қосымша сабақтарда, консультация сабақтарында оқытушы СӨЖ– тары тапсырмаларының маңыздылығын, оның баға қоюда компонент ретінде қарастырылатынын ескерту керек. Силлабуста міндетті түрде баға қою критерийлері болу керек.
Оқу үрдісіне инновациялық технологияны ендіру мақсатында СӨЖ– тарының тапсырмаларын түрлендіруге болады. Тапсырмалардың негізгі мақсаттары студенттерге түсінікті, оқу тапсырмаларында жаңашылдық элементтері болуы керек. СӨЖ– тарын ұйымдастырудың түрлі формаларын қолдану білімгердің таным белсенділігін арттыруға түрткі болады. Интернет желісінен материалдар тақырыпқа байланысты табу, оны өңдеу, талдау жасау, басқа да әдебиеттерден алған материалдармен толықтыру, оларды презентация жасау үшін ретке келтіру, слайдтар, флипчарттар жасау, мултимедиялық пакеттер дайындау т.б. Оқу үрдісінде студенттердің бойларындағы қабілеттерін дамыту мақсатында өзіндік жұмысқа ұсынылған тапсырма оны шығармашылыққа жетелеуі тиіс.
СӨЖ– ын ұйымдастыруда жазбаша жұмыстарды және проектік тапсырмаларды көп пайдалануға болады. Мысалы, реферат, баяндама, эссе,шығарма, аннотация жазу, глоссарий құрастыру, т.б. Проектік сабақ тапсырмаларын орындауда студенттер белгілі бір рөлге ену арқылы ізденімпаздыққа, жауапкершілікке тәрбиеленеді.
Қорыта айтқанда, кредиттік жүйе бойынша оқытушы студенттен өз бетінше еңбектенуді талап ету керек. Өзіндік жұмысқа қойылатын талаптар егжей–тегжей жұмыс бағдарламасында көрсетілуі тиіс. Оқытушы тарапынан СӨЖ– ын дұрыс ұйымдастыра білу – бұл екіжақты даму. Оқытушы СӨЖ барысында білімгерге шығармашылық тұрғыда дамуға, сол пәнге деген қызығушылығын оятуға, таным мәдениетін дамытуға, оқу материалын тереңірек меңгеруге, тұлғаның жеке қасиеттерінің дамуына, белгілі бір мәселе төңірегінде өзіндік көзқарасты қалыптастыруға және ортақ өзіндік жұмыста жолдастарымен қарым-қатынасқа түсуге мүмкіндік береді.
Теориялық білімді, жаңа технологиялық әдістемелік шеберлікті меңгерген әрбір оқытушы студентті білімділікке, біліктілікке, ізденімпаздыққа, белсенділікке үйретеді. Оқытушы тарапынан ұсынылатын тапсырма студенттердің танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуы, шыңдауы тиіс.
Әдебиеттер
1. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың
2. Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы № 1459 Жарлық 11 қазан, 2004 жыл
1. Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына жолдауы. Астана наурыз, 2006
2. Камалов А.А., Искаков Қ.Қ. Білім берудің жаңа технологиялары және білім сапасын арттыру // Білім берудің жаңа технологиялары – Экономикалық тұрақты даму факторы
3. Халықаралық ғылыми–практикалық конференциясының еңбектері 247 б.
4. Тлепина Ш. Аудиторные формы самостоятельных работ студентов // Қазақстан жоғары мектебі, 2001, №2