АНАМА

АНАМА

Апатайым сенің орның өзгеше,
Қолға түспес қымбатымсың өзгеше.
Басқаға күнің қарап қуарған,
Маған әлі тірілген әлденеше.
Дұға қойдым апатайым таяныш,
Болсам дағы қандай күнде аяныш.
Жетім күнде көз жасымен өсірген,
Сылап-сипап, ертелі-кеш тәрбиелеген.
Қалың қайғы қара күндер кешіңде,
Жазылмайтын ауыр жаза ішінде.
Мәпелеп, бетке қақпай әлпештеп,
Аянбайтын ақ жүрегің үшін де.
Кіршігі жоқ, ақ жүрегің сүттен ақ,
Майдан жұмсақ, балдан дағы тәттірек.
Бір минут та бос өткізбей тілектен,
Өміріңнің өр басына келген шақ.
Сенен басқа туысқаным жоқ маған,
Гауһарымсың жүрегіме сақтаған.
Қатын-бала, туысқаным, туғаным,
Қайсы сенің жүрегіңнен ақ маған.
Бас ауырса жанды құрбан ететін,
Түзде жүрсе аңсап, сусап тұратын,
Атқа мінсем, садақа беріп, сәт тілеп,
Сылап-сипап дұға үшкіріп алатын.
Сүйткен анам айырылатын күн жақын,
Сене алмадым, сенен маған кім жақын.
Жан-жағымда қорғаным сен таяныш,
Сен өлген соң тұр менде де көр жақын.
Тартыспайтын нәрсе бар ма өмірде?
Ескірмейтін жалғыз сенсің көңілде.
Дүниеде өлерсің де қаларсың,
Ақ жүрегің бірге кірер көріме [7].

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *