Ауызша сөйлеуге дайындалу кезеңдері

Ауызша сөйлеуге дайындалу кезеңдері.

Жоспары:

1.Сөз сөйлеу талаптары

2.Сөздің тақырыбын анықтау

3.Сөздің түрлері

4.Сөйлесудің мақсаты

Негізгі  тірек ұғымдар: ауызша сөйлеу, ауызша сөйлеудің кезеңдері, сөз сөйлеудің талаптары, тіл, дыбыс, дикциякөпшілік алдында сөйлей білу, сөздің түрлері

 

Жақсы  дайындалған  сөз, әрине, үлкен  жетістік. Себебі  тыңдаушылар  мазмұны  жұтаң, жеткілікті  түрде  дәлелденбеген, көкейкесті  мәселелерді  қозғамайтын  сөздерді  ықыласпен  қабылдай  қоймайды. Бірақ, мінсіз  мазмұн – бұл  тек  істің  бастауы  ғана. Енді  бұл  сөзді  тыңдаушыларға  жеткізу  керек. Сөзді  сөйлеу, аудитория мен қоян-қолтық  байланыс  жасау  шешен  жұмысының  басты  және  шешуші  кезеңі, шешендік  шеберліктің  шарықтау  шегі. Бүкіл  дайындық  жұмыстары  осы  аудиториямен  қысқа  уақытта  жүздесу  үшін  ғана  жүргізілген  болатын. Егер  журналист  соңғы  нүктесін  қойып, өз  міндетін  орындадым  дейтін  болса, сөз  шеберлері  екі  рет  еңбектенеді: үстел  үстінде  және  аудитория  алдында.

Тіпті  тәжірибелі, сақа  шешендердің  өзін  де  аудиториямен  әрбір  кездескен  сайын  ойламаған, жаңа  оқиғалар  күтіп  тұрады.

Сөз  қандай  терең  мағыналы, мазмұнды  болсын,  оның  мәнісін  қанша  өңдеуден  өткізсен де, нашар  шешендік  техника, аудиторияны  үйіріп  әкете алмау  сөздің  не  әңгіменің  әсерін  күрт  төмендетеді.

Аудиториямен  әр  кездескен  сайын  шешен  рухани  және  күш-қуаты  тұрғысынан  дайындалып  келуі  керек. Сөйлер  алдында, мүмкіндік  болса, демалған  дұрыс, жеке  қалып  тағыда  бір  рет  сөйлеу  жоспарын  көз  алдына  елестетіп, кейбір  аса  жауапты  жоспарын тағыда  ойланып, тіпті жай  екпінмен, зорланбай  айтып  шыққан  жөн. Сөздің  тақырыбына, мазмұнына, онда  келтірілген  мәселелерге  қатысы  жоқ  нәрсенің  бәрін  ойдан  лақтырып  тастау керек.

Дегенмен, шешен де  өзіміз  сияқты  адам ғой. Сөз  сөйлер  алдында  онда да  күтпеген  жағдайлар, қолайсыздықтар, үйінде не  жұмысында  қиыншылықтар  болып  қалуы, тіпті  өзі  науқастанып  қалуы  да  мүмкін  ғой.

Ал  аудиторияның  шешеннің  бұл  қиыншылықтарында  жұмысы  қанша?! Сондықтан да  оған  өзінің  бұл  жағдайларын  жасырып, уақытша  алдағы  сөзге  қатысы  жоқ  нәрселердің  бәрін  ұмытуға  тура  келеді. А.С.Макаренко  тәрбиеші-ұстаздарды  былай  деп  үйреткен: Сіздердің көңілкүйлерін  әр түрлі  болуы  мүмкін, ал  дауыстарыныз  кәдімгідей  нық, жақсы  болуы  керек. Көңіл-күйлеріңіздің  сіздің  дауысыңызға  ешқандай  қатысы  жоқ.  Сіздің  бет әлбетініз, көздеріңіз, дауысыңыз  кейбір  жағдайларда  еркін  болулары  керек.

Көп  жағдайда  кейбір  адамдар   көпшілік алдына  шығуға жүрексініп, тыңдаушылармен  кездесуге  қорқады. Бұл  олардың  көңіл-күй  ғана  емес, тұла бойында  әсер  етеді: біреулер  дірілдеп, біреулер  қызарып-көгереді, үшіншілерінің  дауыстары  қарлығып, қалтырай  бастайды. Мұны  «Шешендік  безгегі» деп те атйды.

Көпшілік  алдындағы  үрей  мен  абыржу  мына  себептерден  тұрады:

1.    Өз уайымына  шектен  тыс  батуы. Мұндай  жағдайларда 

жұмыс  туралы  ойлап, барлық  зейініңді  сөздің  мазмұнына  аудару  қажет.

2.    Өз  мүмкіндіктерін  жете  бағаламау. Сондықтан да  өзіңізді  болашақ  сөзге  жақсы  дайындалдым, мен  тыңдаушыларға  маңызды  әрі  пайдалы  нәрселер  айта  аламын  деп  өзін-өзі  сендіруі  керек.

3.    Тәжірибесінің  жеткіліксіздігі. Ондай  шешендерге: 

—        Батылданып, ыңғайы  келген  кездерде  сөз  сұрау  керек;

—        Әр түрлі  пікірталастарға  қатысудың  кез-келген  мүмкіндіктерін 

пайдаланған  дұрыс: телехабар  тыңдағаннан  кейін  отбасында, оқу  не жұмыс  ұжымдарында, әр түрлі  іс-шараларда, т.б.

4.    Сәтсіздікті  еске  түсіру. Сәтсіздіктер  тәжірибелі  шешендерде 

де  болады. Сондықтан да  оған  жайбарақат  қарап, еске  ала  бермеу  керек.

5.    Шешеннің  сөзге  жеткіліксіз  дайындалғандығы. XIX ғасырдың 

әйгілі  сөз  шебері  А.Ф.Кони  бұл  туралы  былай  деп  жазды:

«Сөз  сөйлер  алдында  толқымау  үшін  өзіңе  сенімдірек  болуың  керек, ал  бұл  лекцияға  жақсы  дайындалған  жағдайда  ғана  мүмкін. Мәселені  жақсы  білген  сайын  аз  толқисың. Толқу көлемі  дайындалуға  жұмсаған  еңбектің, дәлірек  айтсақ  дайындықтың  нәтижесіне  кері  пропорциялы. Ешкімнің  көзіне  ілінбейтін  алдын  ала  еңбек  лектордың  сенімділігінің  негізі. Бұл  сенімділік  лектор  еркін, түсінікті  сөйлеп  тұрғанын  сезген уақытта  арта  түседі де, оған  әсер  етіп, сөздің сәтті  аяқталуына  септігін  тигізеді».

      Кез келген дайындық оның тақырыбын анықтаудан басталады. Мұның өзінде де әр түрлі жағдаяттар болуы мүмкін. Кейде белгілі бір тақырыпқа сөйлеуді ұсынады, яғни сөз тақырыбы алдын ала белгіленген болады. Бұл жағдайда шешенге оны нақтап, анықтау қажет. Бірақ көбінесе тақырыпты өзің таңдап алатын жағдайлар жиі кездеседі. Тақырып таңдағанда өз өмір тәжірибеңді және таңдаған тақырыбың туралы қаншалықты хабардар екеніңді естен шығармау керек. Оның бергі жағында таңдаған тақырыбыңыз тыңдаушыларға қызық болғаны жөн.

Тақырыпты таңдап алғаннан соң, оны қалай атау керек екендігін жақсылап ойлаған жөн. Тақырыптың аты барынша қысқа, түсінікті, анық болуы керек. Ол сөздің мазмұнын алдын ала білдіріп, тыңдаушыларды қызықтыратындай болғаны дұрыс. Тақырыптың аты сәтті болса, аудитория оған қызығып, ықыласпен тыңдайды.

Ұзын тіркестер, таныс емес сөздерден тұратын аттар тыңдаушыларға жағымсыз әсер етеді, болашақ сөзге олардың тарапынан жағымсыз көзқарас пайда болады. Өте жалпылама ат та онша ұнамайды. Мысалы, дәрістің тақырыбын «Болашаққа қамқорлық» деп алсақ, бірнеше сұрақ тууы мүмкін. Ең алдымен кімнің қамқорлығы туралы сөз болғалы отыр? Мемлекеттің бе, отбасының ба, денсаулық сақтау орындарының ба? Екінші сұрақ, лектор кімдердің болашағына қамқорлық туралы айтпақшы, оқушылардың ба, жұмысшылардың ба, мемлекеттің бе, қаланың ба? Сондықтан да нақтылау ат берген жөн. Мысалы: «Сақтандыру – денсаулық кепілі», т.б.

Сөйлеген өзінің тақырыбын тұжырымдай алу – тек шешендер үшін ғана емес, сонымен бірге мекеме басшыларына, менеджерлерге, қызметкерлерге аса қажетті біліктілік.

Тақырыбы табылғаннан кейін әдетте алдағы сөйленетін сөздің түрі анықталады. Аудитория мен шешеннің өзара қатынастарының өзара қатынастарының сипатына қарай ауызша сөздің монологтік және диалогтік түрлері ажыратылады. Монологте негізінен шешен сөйлейді де, тыңдаушылар «үнсіз топ» рөлін атқарады. Тыңдаушылар белсенді түрде сөзге араласып, сөйлеушіге сұрақтар беріп, онымен пікірталасқа түссе монологдиалогке айналады.

Ауызша сөздің монологтік түрлерінің ішінен мыналар жиі кездеседі:

Дәріс – материалды белгілі мақсатқа сай баяндау (мысалы, банк салымдарының түрлері туралы дәріс).

Хабарлама – (ақпараттау) – тыңдаушыларға әр түрлі оқиғалар, жағдаяттар туралы жедел ақпарат беру, аудиторияға басқа деректерден белгілі ақпараттарға түсініктеме беру, өндірісте, мекемеде жедел өндірістік жиындар өткізу, т.б.

Әңгімелесу – бірнеше оқиға мен фактіні білдіретін хабарламадан айырмашылығы – бір фактіні не оқиғаны баяндайды. Әңгіменің тұлғалық сипаты оны қызықты етіп, эмоциялық тартымдылық береді.(Мысалы, экскурсия жүргізушінің мұражайдағы суреттің жазылу туралы әңгімесі).

Шолу – аудиторияға бір тақырыпқа жататын бірнеше факті мен оқиғаны біртіндеп, егжей тегжейлі түсіндіріп, шолу жасау.

Баяндама – адамдарға толық, жан жақты ақпарат берудің кең тараған түрі, белгілі бір міндеттерді тұжырымдауға (фирма басшысының жарты жылдық жұмыс қорытындысы туралы баяндамасы) арналады.

Презентация — өзіне, фирмаға, идеяға, тауарға, қызметке, жобаға, т.б.

көңіл аудару үшін, бір нәрсеге сендіру үшін айтылатын сөздер.

Іскерлік ауызша сөйлеудің диалогтік түрлерінің көбірек тараған түрлері:

Әңгіме – жүргізушінің басшылығымен әр түрлі мәселелерді белгілі мақсатпен сұрақ жауап түрінде ұжымдық талқылаудың түрі. Әңгіме жеке, көзбе көз (2 кісі) немесе топтық (8-10 кісі), ұжымдық (25-30 кісі) болуы мүмкін. Іскерлік әңгіменің жеке түрлері — әңгімелесу (жұмысқа қабылдау, конкурс өткізу кездерінде), сұхбат (мұндайды көбінесе журналистер жүргізеді).

Жиналыс — әр түрлі мәселелерді талқылаудың ұжымдық түрі (өндірістік жиналыс, кәсіподақ жиналысы, т.б.).

Келіссөздер – белгілі бір мақсатқа жету үшін мақсатты және бағдарлы диалог түрінде өткізілетін іскерлік қатынас түрі.

Диспут – пікірталас түрінде өткізілетін көпшілік талқылауы. Диспуттың мақсаты – шындыққа жету. Диспутқа қатысушылар бірыңғай көзқарас қалыптаспаған және жауабы күні бұрын дайындалмаған мәселелерді талқылайды.

Дискуссия – бір мәселені баяндамадан кейін талқылау, пікір алмасу.

Егес – бір нәрсені талқылау кезіндегі сөз жарыс, мұндайда әр жақ өз пікірін, өз шындығын жақтайды. Егес өзінен өзі, егесуші екі жақтың біреуінің бастамасымен туады.

Тыңдаушылармен кездесуге дайындалғанда шешен тыңдаушылардан не талап ететінін, оларға қалай талап еткісі келетінін анық білуі қажет. Соған байланысты сөйлесудің белгілі бір түрін таңдап алуы қажет.

           Қатынас барысында, әсіресе іскерлік қатынастрда, әрбір сөз, әрбір сөйлем бекерге айтылмауы қажет. Сөйлеуші сөзін дайындауға кірісерде оның анық мақсатын анықтап алу керек. Ол сөзді қандай мақсатпен айтатын, тыңдаушылардан не талап ететінін анық білу қажет. Егер шешен сөзінің мақсатын білмесе, оның бұл сөзі табысты болмайды. Сөздің мақсаты жалпы және нақты болып бөлінеді.

Сөздің жалпы мақсаты сергіту, мәлімет беру, жігерлендіру, сендіру, белгілі біріс әрекетке шақыру болуы мүмкін. Жалпы мақсаттарына сай сөз түрлері де өрбиді. Сөзді дайындауға кіріскенде осыны естен шығармау керек. Егер сөйлеудің жалпы мақсаты жұртты сергіту болса, онда бұл арада мәліметтер бермей ақ, сендіріп, үгіттемей ақ қоюға болады. Сөздің әрбір түрі белгілі бір талаптарға сәйкес келуі қажет. Оларды жекежеке қарастырайық. Сөздің түрлері. 

1.     Сергітетін, көңілдендіретін сөздің басқа мақсаты болмайды, ол тыңдаушыларды сергітіп, көңілдендіріп, күлдіру керек. Ондай сөздің бар мақсаты – барынша қызықты болу. Ондай сөздер әзіл-оспақ, сықақ, адамдардың ерсі қылықтарын, сөйлеу, жүру дағдыларын мазақтап сынау, адам бойындағы теріс мінездер мен қылықтарды күлкі ету т.рінде болады. Іскерлік жағдаяттарда сергіту сөздерінің пайдасы шамалы. Бірақ зілі жоқ әзіл-оспақтың сөздің әрбір түріне қатысы бар.

2.     Ақпарат жеткізу сөзі. Ақпарат жеткізу сөзінің негізгі мақсаты – тек қызығушылық, ынта оятып қана қоймай, зат не құбылыс туралы жаңа түсінік беру. Мұндай сөздің негізгі қызметі – білім беру және байыту. Материалдарды баяндағанда күмән туғызбайтын ақпаратты пайдалану, логикалық жағынан ақаусыз дәлелдеу, құбылыстардың арасындағы себеп салдар байланыстарды ескеру керек. Ақпараттық сөздердің түрлері – хабарлама, себеп, жиналыстар мен митингілерде сөйлеу, баяндама т.б. Ақпараттық сөз іскерлік тәжірибеде көптеп қолданылады. Мысалы, әріптестеріне тұтынушыларға өз компаниясы, шығатын өнімдері, олардың сапасы мен бағасы, артықшылықтары туралы әңгімелеу.

Сөзінде ешқандай жаңа ақпарат жоқ, тұйық, ал, егер сөйлей қалса, тек жұрттың бәріне мәлім шындықты айтып отыратын адам үлгісін А.П. Чеховтың «Әдебиет пәнінің мұғалімі» деген әңгімесіндегі Ипполит Ипполитевичтің бейнесінен көре аламыз.

«Қыста пеш жағу керек, ал жазда онсыз да жылы. Жазда түнде терезені ашып қоясың, сонда да жылы, ал қыста, терезенің екі жағы болғанына қарамастан, суық».

Тіпті жантәсілім алдында сандырақтап жатып, ойы мен тілінің бейшаралығын білдіретін бірдеңелерді міңгірлеп жатты:

«Еділ Каспий теңізіне құяды, ал жылқы сұлы мен шөп жейді».

3.     Жігерлендіруші сөз. Әдетте мұндай сөздерде жаңа ақпарат болмайды, айтылатын идеялар да жаңа емес, оның мақсаты – сендіру және іс әрекет, қимылға бастау. Мұндай сөздердің материалдарын ыжжағатпен таңдап алу керек, себебі олар тыңдаушыларда тек білуге құмарлық оятып қана қоймай, олардың санасында адамның, әдет ғұрыптық, адамгершілік қасиеттерін, отансүйгіштіктің, сенім мен үміттің, әділдік пен ризашылықтың, махаббаттың мағынасын күшейтіп, сезімдерін ояту. Мұндай сөз түрін таңдап алған шешен шектен тыс сезімталдыққа беріліп кету қаупі де бар.

Жігерлендіру өзінің үлгісін Остап Бендердің провинциялық Васюки қаласы тұрғындарының алдында сөйлеген жалынды сөзінен көруге болады. Бұл сөзінде ол егер қалада шахматтан халықаралық турнир өте қалған жағдайда оны қандай керемет болашақ күтіп тұрғандығын суреттейді:

«Ойлап көріңдерші, турнир бітіп, қонақтар үйлеріне қайтып кеткенде не болады? Баспана жетпей, қысылысып отырған Мәскеу тұрғындары сіздердің қалаңызға лап береді. Астана бірден Васюкиге көшеді. Васюкидің аты өзгеріп, Нью-Мәскеу болады да, Мәскеу – ескі Васюкиге өзгереді. Нью-Мәскеу Европа мен бүкіл дүниежүзінің сәнді, әсем орталығына айналады.

— Бүкіл дүниенің бе? – деп шулады естерінен танған васюкиліктер. Ие? Кейінірек бүкіл аспан астының.

Уездік… жер шарының орталығына айналған шахмат ойы қолданбалы ғылымға айналып, халықаралық қатынастардың тәсілдерін ойлап шығарады. Васюкиден Марсқа, Юпитер мен Нептунға сигналдар жіберіледі. Венерамен хабарласу Рыбинскіден Ярославльге барған да оңай болады. Ал содан соң, кім білсін, мүмкін, сеніз жылдан кейін Васюкиде дүниенің жаратылғанынан бергі уақыттың ішіндегі тарихтағы бірінші халықаралық шахмат конгресі өтуі ғажап емес!»

Әрине, бұл түкпірдегі, ұмыт қалған қалашықтың тұрғындарының Остаптың қулығына деген жауабы заңды болды. Васюкиліктер оның айтқандарын бәрі ауыздарын ашып, шын ықыласпен тыңдап, оның айтқан әрбір сөзіне сенді, себебі шешен неғұрлым рухтанып, жігерлі сөйлесе, тыңдаушыларға да әсері соғұрлым күшті болады.

4.     Сендіруші сөз. Сендіру дегеніміз – логикалық дәлелдермен бір нәсенің растығына көз жеткізу немесе теріске шығару. Мұндай сөздерге шешен барлық айла тәсілдерді қолданып, тыңдаушыларды сендіруге тырысады. Барлық сөздер сияқты бұл сөз де қызғылықты болуы керек. Сендіруші сөз мынандай талаптарға сай болуы керек.

Талқылау үшін, шын мәнісінде, талас мәселе таңдалуы керек. Себебі, сіз сөзіңізді әлі бастамай жатып жұрттың бәрі сізбен келісетін болса, онда сөйлеп не керегі бар? Маңызды да, мағыналы тақырып болуы керек. Ондай болмаған жағдайда тыңдаушылар қызықпайды, оларды зеріктіреді. Кейбір мәселелердің тыңдаушылар үшін еш қызықтығы жоқ. Мысалы, «Макбет» 1605 жылы жазылды ма? – деген сөз үшін пікір таластыру тыңдаушылар үшін қажет емес, ол тек Шекспир шығармашылығын зерттеушілерге ғана қажет мәселе.

Дәлелдеуге болатын талас түйіні шешілетіндей мәселені тыңдаған дұрыс. Кейбір мағыналы талас мәселелер әлі шешілген жоқ, себебі нақтылы және талассыз дәйектер әлі жеткіліксіз. Мысалы, тыңдаушыларды басқа планеталарда өмір бар деп сендіру қажетсіз. Себебі оған дәлелдер аз, жоқтың қасы.

Егер сіз тек теориялық жағынан және болжамға негізделген мәселелерді сөз етсеңіз, үзілді кесілді қорытынды жасамай, тек оларға тыңдаушылар тарапынан қызығушылық тудыруыңыз керек. Сендіруші сөздерге мысал ретінде сақтандыру агентінің медициналық сақтандырудың тиімділігі, жарнама агентінің кейбір тауарларының пайдалылығы, медицина қызметкерлерінің спортпен айналысудың пайдасы, темекі мен арақтың, есірткінің зияны туралы әңгімелерін келтіруге болады.

5.     Іс-әрекетке, қимылға шақырушы сөз тыңдаушыларды жедел түрде іс әрекетке кірісуді не бұрын орын алып отырған іс әрекеттерді жалғастыруға немесе тоқтатуға шақырады. Мұндай сөздер қажетті фактілер мен мәліметтерге негізделіп, сана сезімнің қабылдаушылық мүмкіншіліктерін оятып, ауызбіршілікке әкелуі керек. Мұндай сөздер тыңдаушыларға шешен айтып тұрған іс әрекеттерді орындау қажеттігін туғызуға тиіс.

Мұндай сөздердің үлгісі ретінде мынандай шақыруларды қабылдауға болады.

-сақтандыру полисін, жолдама, кітаптар және басқа да жүздеген тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуға не пайдалануға;

-қайырымдылық қоғамдары мен қорларына көмек беруге, табиғат апаттарына ұшыраған тұрғындарға көмек беру туралы;

-ресми орынға дәмеленушіге дауыс беруге шақырулар;

-белгілі бір кітапты оқуға, фильмді көруге, спорт жарыстарын тамашалауға шақырулар;

-өз денсаулығын күтуге, спортпен, денешынықтырумен айналысуға, темекі шекпеуге, ішімдік ішпеуге, есірткі қолданбауға, адал, ақпейіл, батыл болуға, жаман әдеттерден аулақ болуға үндеулер.

Сонымен қорыта айтқанда, әрбір шешен сөйлеуге дайындалар алдында өзінің тыңдаушыларға қандай талап қоятындығын, олардан не күтетіндігін анық біліп, соған лайықты сөз сөйлеуге дайындалуы қажет. Бекіту сұрақтары:

1. Сөз сөйлеу дегеніміз не?

2. Сөздің тақырыбын анықтауға байланысты қандай талаптар бар?

3. Сөздің түрлері қандай? 4. Сөйлесудің мақсатына сай сөздің түрлерін атаңыз.              Әдебиеттер:

1. С.Негимов Шешендік өнер. Алматы: Ана тілі, 1997.

2. М.Әбдіхалықов, Б.Күнтуарова, Л.Парфенова. Сөздік қатынас негіздері

«Фолиант» Астана-2010

3. Р.Х.Шахуров. Педагогтың шығармашылық өсуі. – М., 1995

4. Н.А.Березовин. Педагогикалық қатынасу мәселелері. – М., 1989 5. Төреқұлов А. Шешендік сөздер. А., 1981ж.

6. А.Н.Каримов.  Педагогикалық қызмет және педагогикалық шеберлік негіздері. Оқу құралы Алматы «Қазақ университеті» 2011 ж.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *