СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫ МЕН ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІН ӨЗАРА САЛЫСТЫРУ

XIX ғасырдың I жартысындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі  – Сүйінбай Аронұлы 1822-1895 жылдар аралығында өмір сүрген. Дара ақынның дана өлеңдері 19 ғасырда туғанымен, әлі күнге дейін өз оқырманын таңғалдырып келеді. Сүйінбай туындыларында тек өткен тарихтың іздері ғана емес, өз заманындағы үзеңгілестерінің сарындары айқын байқалады. Осыған орай, біз ақиық ақынның өлеңдерін Дулат Бабатайұлының шығармашылығымен салыстыруды жөн көрдік.

Сүйінбай Аронұлының өлеңдері мазмұны мен пішін жағынан Дулат Бабатайұлы, Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы сынды ұлы тұлғалардың өлеңдерімен үндес әрі мағыналас. Мәселен, Дулат Бабатайұлының  «Жас кезеңі», яки, «Он бес жас қайда?» атты өлеңі менің сөзімнің жүйелі дәлелі бола алады. Бұл өлеңінде Дулат ақын адамның жасын белгілі абстрактілі ұғымдарға балап суреттейді. Мұндай сарынды Сүйінбай Аронұлының «Кәрілік» деп аталатын өлеңінен  де байқауға болады. Сөзіміздің ақиқат екендігін дәлелдеу үшін қос ақын мұрасын өзара салыстырып көрелік. Алдымен Дулат Бабатайұлының «Жас кезеңі» өлеңіне тоқталайық:

Он бес деген жас қайда?

Жарға ойнаған лақтай?

Қайда кеттің, жиырма жас

Тастан шыққан бұлақтай?

Аталмыш өлең сап толғау үлгісінде жазылған. Сап толғау дегеніміз, көңілдің таза күйін шығыстық сипатта толғау болып табылады. Енді, Сүйінбай ақын өлеңіне келсек:

Ақын боп жиырмада желдей болдым,

Отызда асқар белдей болдым.

Отыз асып қырыққа келгенен соң,

Қаптаған жердің жүзін селдей болдым. 

Қырықтан асып, елуге келгенен соң,

Түбім терең, құрықты көлдей болдым, – деп ақын жырлау арқылы өзінің балдәурен шағының арта қалғанын, ендігі өмірінің тұманды болатынын өкіне жырлайды. Егер, Дулат Бабатайұлы адамның әр жас кезеңіне жеке тоқталса, ал Сүйінбай ақын келесі ғұмырының мәнсіздікке толы екендігін сап толғау түрімен толғайды. Ендеше, біз жоғарыдағы салыстыру жұмыстарына сүйіне отыра, қос ақынның шығармашылығына да толғаудың бір түрі –сап толғау тәндігін мойындаймыз. Сонымен қатар, Дулат Бабатайұлы өз өлеңінде аллитерация сынды көркемдегіш құралдарды ұтымды пайдаланады. Мәселен, ақын:

Жиырма бес бар ма маңайда,

Жайқалған жасыл құрақтай? – дегендегі «Ж» аллитерация. Ал Сүйінбай Аронұлы өлеңіндегі:

Қапталған жердің жүзін селдей болдым,

Қырықтан асып, елуге келгенен соң, – дегендегі «Қ» аллитерация.

Дулат Бабатайұлы теңеулерді сөз соңында эпифора парагдигмасымен пайдаланса (лақтай, бұлақтай, құрақтай, сынаптай), Сүйінбай ақын сөз ішінде қолданады:

Суға ілінген селдей,

Түбім терең құрақты көлдей (Сүйінбай Аронұлының өлеңінен). 

Қорытындылай келе, екі ақынның өлеңдеріндегі  өзара үндестік һәм сарындық – қазақ әдебиеті саханасында дәстүр сабақтастығы болып қалады демекпіз.

Алтыншаш КУРМАНАЕВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология бөлімінің бірінші курс студенті және Білім саласына арналған Республикалық Ulagat.com порталының колумнисті.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *