КРИСТАЛДЫҚ ФИЗИКА – кристалдардың және өзгедей анизотропиялық орталардың физикалық қасиеттерін, сыртқы әртүрлі өзараәсерлердің осы қасиеттерге ықпалын және кристалдардың нақты құрылымдарын зерттеумен айналысатын сала. Кристалдардың торлық құрылымының көптеген физикалық қасиеттеріне қатысты дискреттілігі байқалмайды, сол себепті кристалды тұтас анизотропиялық біртекті орта ретінде қарастыруға болады. Ортаның біртектілік ұғымы физикалық құбылыстарды кристалдың қарапайым ұяшығының көлемінен едәуір артық көлемде қарастыруды білдіреді. Кристалдардың қасиеттері бағыттарға (анизатропия) тәуелді, бірақ симметриясы бойынша бағыттарға парапар (эквивалентті) болады. Кристалдардың физикалық қасиеттерін сан жүзінде сипаттау үшін, тензорлық және матрициалық есептеулердің және топтар теориясының математикалық әдістер аппараты қолданылады. Ал кристалдардың кейбір қасиеттері бағытқа тәуелсіз, (мыс., тығыздығы) скалярлық шама болады. Кристалдық физикада кристалдық торлардың әр түрлі ақауларын (боялу орталығы, вакансия, дислокация, дәндер, домендер т.б.) және олардың кристалдардың физикалық қасиеттеріне (пластикалығына, беріктігіне, электрөткізгіштігіне, люминесценциясына, механикалық шыдамдылығына т.б.) әсерлері зерттеледі.
КРИСТАЛЛИТТЕР – айқын қырлары болмайтын ұсақ кристалдар. Металл кесектердегі, кен жыныстарындағы, минералдардағы, поликристалдардағы түзілістердегі түйіршіктер кристалиттер болып табылады.