КРИСТАЛДЫҚ ОПТИКА – оптика мен кристалдық физиканың жарықтың кристалдардағы таралу заңдылықтарын зерттеуді қамтитын шекаралық аймағы. Кристалдық оптиканың зерттеуіне арналған кристалдарға тән құбылыстар: сәулелердің қосарланып сынуы, жарықтың полярлануы, полярлану жазықтығының бұрылуы, заттар түстерінің өзгеруі (плеохроизм) т.б. Кристалдағы жарықтың жұтылуы және шығарылу мәселелері кристалдар спектрскопиясында зерттеледі. Кристалдық тордың периоды (~10 ангстрем) көрінетін жарықтың толқын ұзындығынан (4000 – 7000 ангстрем) көптеген есе аз болатындықтан кристалды біртекті, бірақ анизотропты орта ретінде қарастыруға болады. Кристалдардың оптикалық анизотропиясына бөлшектердің өзараәсерлесу күштерінің анизотропиялық өрісі себепші болған. Кубтық кристалдан өзге барлық кристалдар оптикалық анизотропты. Электр және магнит өрістерінің кристалдардың оптикалық қасиеттеріне ықпалы кристалдық оптиканың негізгі заңдарына сүйенген электрлік оптика мен магниттік оптикада зерттеледі. Исланд шпатындағы сәуленің қосарланып сыну құбылысын 1669 жылы дат ғалымы Эразм Бартолин (1625 – 1698) ашқан. Осы жыл кристалдық оптиканың бастау алған уақыты болып есептеледі. Жарықтың кристалдың шекарасында сынуы кезінде онда екі сынған сәуле пайда болады, оның біреуі әдеттегі сыну заңына бағынады, сондықтан әдеттегі сыну деп, ал әлгі заңға бағынбайтын екіншісі әдеттегі емес сыну деп аталған. Егер ϑ0 (әдеттегі жылдамдық) > ϑе (әдеттегі емес) болса, бір осьті кристалл оң, ал ϑ0 < ϑе болса, онда ол теріс кристалл деп аталған. Екі осьті кристалда екі сәуле де әдеттегі емес сәулелер болады.
Күшті жұтатын кристалдардағы сызықтық полярланған толқын екі эллипстік полярланған толқынға (бірдей бағытта айналатын) бөлінеді. Кристалдық оптикалық әдістер полярланған жарықты талдау, оптикалық жапқыштарды (затворларды), модуляторларды, дефректорларды жасау үшін пайдаланылады.
КРИСТАЛДЫҚ ОПТИКАЛЫҚ ОСЬ – кристалда жарық сәуленің қосар- ланған сынуына шалдықпай таралатын бағыты.