КЕЙБІР ПУНКТУАЦИЯЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕР ЖАЙЫНДА

1.   Кейбір пунктуациялық ережелер жайында

Тыныс белгісі ережелерінің ішінде оңашаланған айқындауыш мүшелердің және құрмалас сөйлемдердің ажыратылуына тоқталып өтуге тура келеді.

Оңашаланған айқындауыш мүше қазақ тілінде өзіне қатысты сөзден кейін келеді. Ол өзінен бұрынғы сөздің мәнін айқындаңқырай,  дәлелдеңкірей түсу үшін қолданылады. Оңашаланған мүше, көбінесе, атап айтқанда деген сөзді қосуды тілеп тұрады. Оңашаланған мүшені айтқан кезде ол сөйлемдегі басқа сөздерден дауыстың аздап кідірісімен бөлініп тұрады: Ол Құнанбай аулына, Қорыққа, осы Ералыдан барған болар (М.Әуезов). Мұндағы Қорыққа деген сөз Құнанбай аулы деп тұрғаны Қорық екендігін айқындай түседі: Ол Құнанбай аулына, атап айтқанда Қорыққа, осы Ералыдан барған болар.

Оңашаланған айқындауыш мүшенің тағы бір белгісі – ол өзі айқындап тұрған сөзбен септік жалғаулары жағынан тұлғалас келеді. Мысалы: Тобықты ішінде ең алғаш келген арба осы Зеренің,  Құнанбайдың кәрі шешесінің, көк арбасы десе де болады (М.Әуезов). Мұнда айқындалып тұрған Зеренің деген сөз бен оңашаланып тұрған …шешесінің деген сөз екеуі де ілік жалғауда. Ал осылардың біреуі жалғаусыз айтылса, ол оңашаланған айқындауыш мүше емес, қосалқы айқындауыш мүше болып кетеді:  Тобықты ішіне ең алғаш келген арба Құнанбайдың кәрі шешесі Зеренің көк арбасы десе  де болады. Қосалқы айқындауыш пен  айқындалушының арасына ешқандай тыныс белгісі қойылмайды.

Оңашаланған айқындауыш мүшелердің үшінші бір белгісі – олардың бірқатары яғни, әсіресе, мысалы, яки, немесе, болмаса, басқаша айтқанда, көбінесе, оның ішінде, атап айтқанда деген сөздермен қоса айтылады.  Әдетте түсінбеушіліктен осы сөздердің жеке өздерін екі жағынан бірдей үтірмен бөліп тастаушылық кездеседі. Ол дұрыс емес. Екі жағынан үтірге осы сөздермен қоса жасалған оңашаланған тізбек алынады: Әңгімемізді өнердің бір түрі, мысалы музыка, туралы бастайық. Жастар, әсіресе мектеп балалары, спортқа үйір келеді.


Тағы бір көңіл қоятын мәселе – сияқты, ретінде, қатар, емес, түгіл деген сөздермен және -дай жұрнақты сөзбен келген тізбектердің де сөйлем ішінде оқшауланып тұратындығы. Сондықтан мұндай құрылымдар да, оңашаланған мүше тәрізді, екі жағынан бірдей үтірге алынып жазылады.

Қарсылықты мәнді құрмалас сөйлемдердің жалғаулықтары түсіріліп айтылса, жай сөйлемдердің арасында үтірдің сақталатындығын және түсіп қалған жалғаулықтың орнына сызықша қойылып жазылатындығын есте ұстау қажет. Мысалы: Елге мойнымды созам, – көрінбейді. Маңайға мойнымды созам, – дәнеңе жоқ (С.Мұқанов) деген сөйлемді алсақ, оның жалғаулықты түрі былай болар еді: Елге мойнымды созам, бірақ [ел] көрінбейді. Маңайға  мойнымды созам,  ал [маңайда] дәнеңе жоқ. Бұл құрылым мақал, жұмбақ сияқтылар мен өлең жолдарында жиі кездеседі: Аяғы жоқ, – жүреді, аузы жоқ, – сөйлейді. Үйде шешен, – дауда жоқ, үйде батыр, – жауда жоқ.

Кез келген жалғаулықтың түсіп қалған жеріне сызықша қойыла бермейді. Құрмаласқан жай сөйлемдердің арасындағы өйткені, сондықтан, себебі деген жалғаулықтар түсіп қалып айтылса, сол жерге қос нүкте қойылады: Қасқырдың артына алаңдағанына енді ғана түсіндім: оның арт жағында шоқақтап екі бөлтірік кетіп бара жатыр (С.Мұқанов). Маған қиыны екі етігім болды: сазға кірген етіктер әлденеге тістесіп тұрып алады да, қонышынан қолыңмен тартпай шықпайды (С.Мұқанов).

Сабақтаса құрмаласқан жай сөйлемдердің бастауышы көбінесе екеуіне ортақ болып келеді. Мұндайда бастауыш қай жай сөйлемнің құрамында айтылса, соған жатқызылады да, үтір екі жай сөйлемнің аралығына қойылады. Осы ережені жете білмегендіктен, кейде бірінші жай сөйлеммен келген ортақ бастауышты оның құрамынан үтірмен бөліп тастап, екінші жай сөйлемге жатқызу кездеседі. Мысалы: Мен, оқуды бітіріп, Қарағандыға бара жатырмын. Мұндағы тыныс белгісі дұрыс қойылмаған. Бұл жерде оқуды бітірген де мен, Қарағандыға бара жатқан да мен. Сондықтан мен деген бастауыш қай жай сөйлемнің құрамында айтылса, соған кіреді: Мен оқуды бітіріп, Қарағандыға бара жатырмын. Немесе: Оқуды бітіріп, мен Қарағандыға бара жатырмын (Окуды бітіріп мен, Қарағандыға бара жатырмын деп жазу да дұрыс емес).

Пунктуация ережелерінің бірқатарын сөз еткенде, соларға сәйкес орыс тілінің пунктуация ережелерімен салыстырып отыруға тура келеді. Әрине, екі тілдегі қолданылатын пунктуациялық таңбалар бірдей болғанмен, олардың қолданылатын орындарының әрдайым бірдей болуы мүмкін емес. Осыған қарамастан, орыс тіліндегі сөйлемде қай жерде қандай  тыныс  белгісі тұрса, соны бұлжытпай қазақ сөйлеміне көшіре салу тәжірибеде кездесіп қалады. Мысалы, орыс тілінде бір жай сөйлемдегі  баяндауыш  келесі жай сөйлемде (құрмалас сөйлемнің құрамындағы) түсіріліп айтылса, орнына сызықша қойылады:

1) Я читал книгу, а он – газету. 2) В этих случаях из одних физических тел получаются другие физические тела: из стакана – кусочки стекла, из куска парафина – свеча (“Химия” оқулығынан). Қазақ тілінде құрмаласқа енген


жай сөйлемдердің соңғысының баяндауышы түсіріліп айтылмайды. Керісінше, алдыңғы сөйлемдер баяндауышсыз қалдырылып, баяндауыш жалпы сөйлемнің соңында айтылады немесе баяндауыш екі рет  қайталанады. Жоғарғы сөйлемдердің аудармаларын қараңыз:

1)   Мен кітап, ол газет оқыды. Тіпті дұрысырағы: Мен кітап оқыдым, ал ол газет оқыды (Мен кітап оқыдым, ол – газет деген сияқты сөйлем құрылысы болмайды). 2-сөйлемнің дұрыс аудармасы: Бұл жағдайларда физикалық бір денелерден екінші бір денелер: стаканнан бірнеше шыны сынығы, парафиннің бір кесегінен май шам пайда болады. Қазақша құрылған сөйлемде ешқандай сызықша қойылмайды.

Сондай-ақ орыс тілінде құрмаласқан жай сөйлемдердің бірі шартты мәнді болса, араларына сызықша қойылғанымен, қазақ тілінде шартты бағыныңқылы сөйлемдерде сызықша емес, үтір қойылады (бұлар жайында ережеде толық айтылады). Тыныс белгілерінің қойылуын бұлайша орыс тіліндегі тәртібімен салыстырып отырғанымыздың себебі – кейбір әдебиет түрлерінің орыс тілінен аударма болып келетіндігін ескеруге байланысты. Әсіресе көркем әдебиет пен ғылыми әдебиет үлгілерінің, оның  ішінде  кейбір оқулықтардың орыс тілінен жиі аударылып келе  жатқанын ескермеске болмайды. Сол сияқты ағылшын, неміс, француз тілдері сияқты өзге тілдерден де қазақ тіліне тікелей аударма жасаған күнде де, тыныс белгілері тек қазақ тілінің синтаксистік құрылысына орай қойылуы тиіс екенін жақсы білу қажет.

Р.Сыздықова

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *