БАС ӘРІПТІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ

8.      БАС ӘРІПТІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ


§ 91. Сөйлем соңына қойылған нүкте, көп нүкте, сұрау белгісі және леп белгісінен кейінгі келесі сөйлемнің бірінші сөзі бас әріптен басталып жазылады:

1)   Үш жыл өтті. Жаз күні. Қас қарайған уақыт. Ворошилов атындағы колхозда ұйықтамаған үй кемде-кем (Ғ. Мұстафин).

2)    Япырау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мынау! Ербол-ау, мен қайда тұрмын осы? Мынау үйде мені шақырып отырған Тоғжан ғой (М.Әуезов).

3)     Абай жүрегі өзгеше бір еміреніп келеді. Кеуде де талай ыстық. толқын сезімдер сыя алмай, сығылысқандай… Өлең әнге оралып, еркеленіп келеді… Үзіле алмай ырғалады (М.Әуезов).

§ 92. Қаратпа сөздер мен одағайлардан және жоқ, иә деген сөздерден  соң қойылған леп белгісінен кейінгі сөз бас әріппен басталып жазылады: Қозы! Жаттан жақын, қастан дос, ашудан ақыл тауып әкеле жатырмын! Жоқ! Бетің түзу!Аһ! Арманда кеттім-ау, Баян! (Ғ.Мүсірепов).

 

Е с к е р т у л е р . 1. Төл сөздегі сөйлемге қойылған сұрау, леп белгілерінен және көп нүктеден кейінгі автор сөзі кіші әріптен басталып жазылады.

Мәкіш:

–  Абай, осы сен ақынсың-ау! – деді де, күліп жіберді. Абай әуелі үркіп қалғандай қысылып қалып:

–  Е, оны кайдан білдің? – деді (М.Әуезов).

–  Көңіл көтерейік, өлең айтайық… Билейік… – деді Быков жинала бастаған жұмыскерлерге

(Ғ.Мүсірепов).

2. Көп нүкте сөйлеушінің қысылып, тұтығып не басқа себептермен бөліп-бөліп айтқан бір сөйлем ішіндегі сөздерінің арасына қойылған болса, одан кейінгі сөз кіші әріппен жазылады. Мысалы:

– Дүние… дүние қалай еді? Дүниеде… сірә, сендей маған жар жоқ, саған жар… менен артық табылса да… – деп қалды (М.Әуезов).

 

§ 93. Төл сөз және цитаттар бас әріптен басталып жазылады. Мысалы:

1)    Тарасенко менің қағаздарымды аударыстырып отырды да:

–           Жолдас        аға сержант, командирлер курсына барасың!           –      деді

(Ғ.Мүсірепов).

Біржан ақырын ғана үн қатып:

–    Ән салса, Әйгерім ғана салсын да! – деді (М.Әуезов).

2)     Осымен байланысты әр сөздің жалпылаушы қасиеті болатындығын көрсетіп, В.И.Ленин: “Сезімдер шындықты көрсетеді: ой мен сөз жалпы болады”, – дейді (К.Аханов. “Қазақ тілі лексикасы мәселелері”).

Кейде цитат автор сөзінің жалғасы немесе ажыратылмас бөлігі ретінде жымдастырыла келтірілуі мүмкін. Ондайда тырнақшаға алынғанмен, цитат кіші әріптен басталып жазылады және алдынан не соңынан төл сөзге (цитатқа) тән тыныс белгілері қойылмайды.

Мысалы:

Ел қамы үшін емес, өз қамы үшін, елді бірлестіру үшін емес, араздастыру үшін оқитын, ойында “я тілмаш, я адвокат болу” жүрген қазақ балаларына Абай дұшпан. Бірақ бұлардың “қаны бұзық сұм-сұрқия


болуына ” орыстың оқуы айыпты емес, өскен ортасы, сол ортаның бұзық мінезін қабылдаған өздері айыпты (С.Мұқанов).

Мұнда тырнақшаға алынған бөліктер – Абайдан келтірілген цитаттар.

Жақша ішіне алынған ремаркалар, өзге де сілтемелер аяқталған сөйлемнен кейін келтірілсе, бас әріптен басталып жазылады.

Мысалы, жиналыс стенограммасынан: Сөйтіп, жолдастар, жаңа оқу жылын мектептің жаңа үйінде бастап отырмыз. Ол үшін құрылысшыларға мың да бір алғыс айтамыз (Қол шапалақтау).

Пьесадан: Жантас (шыға кеп). Е, жүр олай болса! (Тысқа шығып айғайлап). Мына жақта, мына келеді! Шегіне, шегіне ат! (Өзі атып-атып жібереді) (М.Әуезов).

§ 94. Адамның өз аты, әкесінің аты және фамилиясы, сондай-ақ лақап аты (псевдонимі), ныспысы (туып-өскен жеріне, руына т.б. қарай аталған көбінесе тарихи есімдер) бас әріптен басталып жазылады: Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, Владимир Владимирович Маяковский, Максим  Горький, Қадырғали Жалайыри, әл-Фараби  (Әбу-насыр  Фараби), Қоңыр, Жаяусал (М. Әуезовтің алғашқы кездегі лақап аттары).

Кісі аттарының алдынан не соңынан адамның белгілі бір қылығын, қасиетін, кемістік-жетістігін т.б. көрсететін сын есімдер – тұрақты эпитеттер қосылып, ел атап кеткен жалқы есімге айналады. Ондай сөздер жалқы есімнің алдынан келсе, бас әріппен жазылады, соңынан келсе, кіші әріппен жазылады. Мысалы: Ер Төстік, Қыз Ақжелең, Қыпшақ Сейітқұл (Ы.Алтынсариннен), Кішкене молда (М.Әуезовтен), Тентек Ояз (бұл да сонда), Сумұрын Сүкең (С.Мұқановтан), Судыр Ахмет (Ә.Нұрпейісовтен), Ұлы Петр, Ақсақ Темір, Шықбермес Шығайбай; Баян сұлу, Қамар сұлу,  Қамбар батыр, Жиренше шешен, Ақан сері, Біржан сал, Игілік би (Ғ.Мүсіреповтен).

Е с к е р т у. Мұндай тұрақты эпитеттерді жалпылама айқындауыш анықтауыштармен шатастырмау керек. Айқындауыштар да бөлек, бірақ кіші әріппен жазылады: ақын Абай, ғалым Шоқан, Ыбырай педагог, әнші Күләш, мұғалім Мұрат, Мұрат мұғалім, агроном Оспан, Оспан агроном, етікші Жүсіп.

 

Дефис арқылы жазылатын екі сөзден құралған фамилиялардың екеуі де бас әріптен басталып жазылады: Жолио-Кюри, Книппер-Чехова, Сергеев- Ценский, Семёнов-Тяньшанский.

Үш бөлімнен тұратын қытай аттарының бірінші, екінші сөздері бас әріппен бөлек жазылып, үшіншісі екіншімен қосылып жазылады: Шу Цинчунь, Го Тайци, Фэн Цзицан, Сунь Иминь, Лу Вэньтин. Ал екі бөлімнен құралған қытай аты-жөндерінің әр компоненті бас әріппен дефиссіз жазылады: Ляо Шэ, Чень И, Ван Мэн, Шэнь Жун.

Корей, Индонезия, Бирма, Таиланд, Вьетнам,  Шри-ланка  халықтарының аты-жөндерінің әрбір сөзі бас әріппен, дефиссіз жазылады:  Хо Ши Мин, Те Дян Хен, Ким Чон Тхе, Цой Дор Сан.

Орыс халқының            кісі      аттарьг     орысша орфографиясы  сақталып


жазылады. Шет жұрттық халықтар өкілдерінің есімдері, негізінен, орыс тіліндегі жазылуынша таңбаланады: Александр Дюма, Джек Лондон, Джон Голсуорси, Эмиль Золя, Абэ Кобе, Маргарет Митчелл т.б. Моңғол есімдері де, негізінен, орысша жазылуынша таңбаланады. Бұлардың ішінде қазақша қалыптасқан кейбір тарихи есімдер сол қалыптасқан түрінде жазылады: Шыңғыс хан, Жошы, Бати, Үкетай, Қалдан-Церен, Қонтайшы т.б.

§ 95. Әр алуан мифологиялық “иелердің”,  “құдайлардың”, “әулиелердің” аттары бас әріппен жазылады: Антей, Зевс, Геркулес, Иусус Христос, Мұхамбет пайғамбар, Будда, Зеңгібаба, Ойсылқара, Қамбарата, Шопаната, Бифатима, Әзіреті Әли, Бабатүкті Шашты Әзиз, Бабата.

§ 96. Ру аттары кіші әріппен жазылады. Мысалы: Бұнда отырған ауылдар – борсық, жексен аулы. Ол Жиренше бір Шыңғыс болысы емес, көршілес көкше, мамайға да, керей, уаққа да білікті жігіт болған (М.Әуезов). Жұман – алтай-қарпыққа мәлім тапал адам. Е, сексен аулының жігіттері ме? (Ғ.Мүсірепов).

Ру аттарынан жасалған туынды сөздер де кіші  әріппен  жазылады: Өзінің бөкеншілік, ағайындық сөзін қосып, Дәркембайды сәл кінәлағандай сөйлеген еді (М.Әуезов). Жалқы есімдерден жасалған туынды тұлғалар да кіші әріппен жазылады: қожанасырлық, қарабайлық, судырахметшілеу.

§ 97. Халық, ұлт, тайпа аттары және адамның тұрған жеріне (қаласына, өлкесіне) қарай -лық (-лік, -дық, -дік, -тық, -тік) жұрнағы жалғанып жасалған атауы кіші әріппен жазылады: қазақ, орыс, румын, қытай, итальян; мәскеулік, киевтік, семейлік, алтайлық.

§ 98. Мал құс, ит т.б. қойылған аттар бас әріппен жазылады: Төрткөз, Жолбарыс, Бөрібасар (иттер), Қараторғай, Ұябасар (бүркіт аттары), Ақбоз, Буданкөк, Көкжорға (жылқы аттары).

§ 99. Географиялық атаулар (жалқы есімдер) бас әріппен жазылады: Алматы, Алатау, Іле, Балқаш, Сібір, Каспий теңізі, Тынық мұхит, Кеңқияқ, Нарын, Қосшағыл, Өскемен.

Орыс тілі арқылы енген географиялық атаулар (жалқы есімдер) орыс тіліндегі түрінде жазылады: Орехово-Зуево, Великие Луки, Лос-Анжелос, Рио- де-Жанейро, Бомбей, Куала-Лумпур.

Аталуы бұрыннан қазақша қалыптасқан кейбір жер-су, мемлекет, қала т.б. аттары сол қазақша қалыптасқан түрінде жазылады: Қытай (Китай емес), Қырым (Крым емес), Омбы (Омск емес), Шыңжаң (Синьцзянь емес).

§ 100. Кейбір мемлекет одақтарының, халықаралық ұйымдардың аттарының әрбір сөзі бас әріппен жазылады: Біріккен  Ұлттар  Ұйымының Бас Ассамблеясы, Қауіпсіздік Кеңесі.

§ 101. Жеке мемлекет ретіндегі республика аттарының әрбір сөзі бас әріппен жазылады: Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан  Республикасы, Қырғызстан Республикасы.

 

Е с к е р т у. Белгілі бір республиканын ресми атауы  емес, жалпы атағанда, бұл  сөздер  кіші әріппен жазылады. Мысалы: Әрбір тәуелсіз республиканың өнеркәсібі өркендетілуі керек.


Ал облыс, автономиялы облыс, өлке, аудан, ауылкеңесі аттарының бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылады: Алтай өлкесі, Ненец ұлт округі, Қарағанды облысы, Кеген ауданы, Жарқамыс ауылкеңесі.

§ 102. Мемлекеттердің аттары бас әріппен жазылады: Қытай, Жапония, Франция, Бразилия, Польша.

Кейбір мемлекеттердің күрделі атауларының әрбір сөзі бас әріппен жазылады: Америка Құрама Штаттары.

§ 103. Агенттіктердің, радио, телекомпаниялардың аттары бас әріппен басталып жазылады: “Би-би-си (радиосы)”, “Азаттық (радиосы)”, “Америка дауысы (радиосы)”, “Қазақ радиосы”.

§ 104. Көше, алаң, парк, шоссе, көпір, канал, жол, тарихи ғимарат т.б. аттарының бірінші сөзі бас әріппен жазылады: Жібек жолы көшесі, Қызыл алаң, Мәдениет паркі, Панфиловшылар паркі, Гүл алаңы, Бейбітшілік бульвары, Эйфель мұнарасы, Милан соборы, Түрксіб темір жолы, Үлкен Памир трактісі (соңғы атауда екінші сөздің бас әріппен жазылуы ол сөздің өзінің жалқы есім болуынан).

Орыс және шетел қалалары көшелерінің,  алаңдарының,  парктерінің  т.б. аттары орыс тіліндегі түрінде, бірақ орыс тіліндегі сын есім көрсеткішінсіз жазылады: Садово-Кудринск көшесі, Уолл-стрит, Гайд-парк.

Ал кейбір үлкен алаңдардың, кісі атына қойылған  парктердің,  “демалыс және мәдениет” деген сияқты жалпы қойылатын  аттардың  қазақша аударылып берілуі де мүмкін, бұл күнде ондай аттардың бірінші  сөзі бас әріппен жазылады. Мысалы: Қызыл алаң (Красная площадь дегеннің қазақшаға аударылып берілген түрі).

§ 105. Кейбір мемлекеттік мекемелердің, жоғарғы ұйымдардың күрделі атауларының әрбір сөзі бас әріппен жазылады (бұл  әдетте  емленің  дәстүрлік принципіне бағындырылған жазу болады): Жоғарғы Кеңес, Министрлер Кабинеті.

§ 106. Мемлекеттік біркелкі мекемелердің, ұйымдардың, академиялардың, институттардың, музейлердің, арнаулы үйлердің күрделі аттарының бірінші сөзі бас әріппен жазылады. Сондықтан олардың орысша атауларындағы бірінші сөз бен (яғни бас әріппен таңбаланған сөз бен) қазақшасындағы бас әріппен жазылатын бірінші сөз әрдайым бірдей (сай) келмеуі мүмкін. Мысалы: Ғылым академиясы – Академия наук, Тіл білімі институты – Институт языкознания, Шоқан Уәлиханов музейі – Музей Чокана Валиханова, Халық шығармашылық үйі – Дом народного творчества. Ал кей жағдайларда екі тілде де бас әріппен жазылатын бірінші сөз бір- біріне дәл келуі мүмкін: Мемлекеттік банк – Государственный банк, Үлкен театр – Большой театр.

Осындай атаулардың алдында солардың қосалқы анықтауыштары болуы ықтимал, бірақ оларды түсіріп айтқаннан атау өзгермейді. Ондайда қосалқы анықтауыштардың бірінші сөзі де (ол жалқы болсын, жалпы болсын) бас әріппен жазылады: Мемлекеттік академиялық Үлкен театр (Үлкен театр); Мемлекеттік Тарихи музей (Тарихи музей); Ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты (Тіл


білімі институты), Мемлекеттік Опера және балет театры (Опера және балет театры).

Мекемелердің, ұйымдардың т.б. жеке бөлімдерінің, секторларының, институт пен университет факультеттерінің аттары кіші әріппен жазылады: Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімі, Қазақстан Республикасы  Білім министрлігінің мектептер бөлімі,  Алматы  мемлекеттік университетінің филология факультеті.

Институт, университет, зауыт, шаруашылық, театр т.б. атауларының ішіндегі “мынадай адам” атындағы деген сөздер келсе, адам аты  бас  әріппен, атындағы деген сөз кіші әріппен жазылады: Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті,  Абай атындағы Опера және балет театры,М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты.

§ 107. Халықаралық және шетелдік орталық ұйымдардың (кәсіподақтық, қоғамдық т.б.) атауларының бірінші сөзі бас әріппен жазылады: Бүкіл дүниежүзілік кәсіподақ федерациясы; Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы; Демократиялық жастардың бүкіл дүниежүзілік федерациясы.

§ 108. Тырнақшаға алынып жазылған зауыт, фабрика, трест, комбинат, спорт қоғамдары, кәсіпорын, шахта, кинотеатр т.б. аттары бас әріппен жазылады. Егер олар күрделі атаулар болса (бірнеше сөзден тұрған болса), бірінші сөзі ғана (және солардың ішіне кіретін жалқы есімдер) бас әріппен жазылады: “Жеңіс” шағын кәсіпорны, “Қарағанды З-бис”шахтасы, “Запорожсталь”зауыты, “Жетісу”аяқ киім фирмасы, “Арман”кинотеатры, “Еңбек”спорт қоғамы.

§ 109. Кітап, газет, журнал аттары бас әріппен жазылады. Егер олар бірнеше сөзден тұрған күрделі аттар болса, бірінші сөзі ғана (және ішіне енген жалқы есім) бас әріппен жазылады. Кітап, газет, журнал, шығарма т.б. аттары текст ішінде қолданылғанда тырнақшаға алынып жазылады: “Абай ”романы, “Оянған өлке” романы, “Асауға тұсау” пьесасы, “Ана тілі”газеті, “Жұлдыз” журналы, “Қазақстан мектебі” журналы, “Атамекен” суреті.

§ 110. Аса маңызды тарихи дәуірлердің, революциялардың; уақиғалардың, мерекелердің аттары бас әріппен жазылады. Егер ол аттар күрделі болса, бірінші сөзі және кейбір атаулардың алдынан айтылатын ұлы деген сөз бас әріппен жазылады: Отан соғысы және Ұлы Отан соғысы, Бірінші мамыр, Жаңа жыл, Халықаралық бейбітшілік жылы.

 

Е с к е р т у л е р . 1. Бірінші мамыр, Сегізінші наурыз дегендердің алғашқы сөзі цифрмен таңбаланса, мамыр, наурыз деген сөздер бас әріппен жазылады: 1 Мамыр, 8 Наурыз.

2.                             Тарихи оқиғалардың, соғыстардың т.б. кез келгенінің аталуы бас әріппен жазыла бермейді: француз буржуазиялық революциясы, орыс-жапон соғысы, крестілер жорығы.

 

§ 111. Кейбір аса маңызды құжаттардың (конституция, келіссөз т.б.) аттары бас әріппен жазылады. Олар күрделі болса, бірінші сөзі, қайсыбіреулерінде екіншісі де бас әріппен жазылады: Тіл комитетін құру туралы жарлық, Қазақстан-Ресей келіссөзі, Хельсинки мәслихаты.

§ 112. Бұрынғы ордендердің аттары тырнақшаға алынбай, әрбір сөзі


бас әріппен жазылады (орден деген сөзден басқасы). Мысалы: Еңбек Қызыл Ту ордені, Қызыл Жұлдыз ордені, Халықтар Достығы ордені. Кейбір ордендер мен медаль аттары және құрметті атақтар тырнақшаға алынып жазылады, мұндайда олардың бірінші сөзі ғана бас әріппен беріледі:“Еңбектегі ерлігі үшін” медалі, “Ардақты ана” ордені. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары мен құрметті атақтары да осы  тәртіппен жазылады: Отан ордені, Данқ ордені, Парасат ордені, Құрмет ордені, “Ерлігі үшін” медалі, “Ерен еңбегі үшін”медалі, “Шапағат” медалі, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” (көп балалы аналарға берілетін наградалардың аттары), Казақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері.

§ 113. Ресми құжаттардағы шартты атаулар бас әріппен жазылады.

Мысалы: Жоғарғы мәртебелі Президент мырза.

§ 114. Жалқы есім болып тұрған астрономиялық атаулар бас әріппен жазылады: Сатурн, Шолпан, Марс, Ай, Жер (планета), Құсжолы, Үркер, Жетіқарақшы.

Ай, жер, күн деген сөздер планеталардың аттары ретінде қолданылмаса, кіші әріппен жазылады: Бүгін күннің көзі ашық. Көктемде жер жыртылады. Қараңғы түнде жарық ай Сәулесі суда дірілдеп (Абай).

§ 115. Жоғары дәрежелі қызмет аттары мен құрметті атақтардың әрбір сөзі бас әріппен жазылады: Кеңес Одағы Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының Президенті.

§ 116. Өлеңнің әрбір жолы, көбінесе, бас әріппен жазылады. Бұл тілдік заңдылықтарға байланысты емес, тек дәстүр бойынша жазу болып  саналады:

 

Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын көз (Абай).

 

Сонымен қатар көптеген жағдайларда өлеңінің бір жолында  аяқталмаған сөйлемнің жалғасы келесі жолдарда айтылғанда, ол жолдар  кіші әріптен басталып та жазыла береді. Мысалы:

Мен жалындап өтемін

қариялардың қимайтын жас шағы болып, балапандардың талпынар асқары болып, ару қыздардың аңсаған арманы болып, асқақ жандардың алаулы таңдары болып,

жиырмада жесір қалғандардың аңсары болып, сүйіскендерге көз ілер таң сәрі болып (Ф.Оңғарсынова).

 

§ 117. Бас әріптерден қысқарған сөздер бас әріппен жазылады: АҚШ, БҮҰ, ҒА, ЮНЕСКО, ЭЕМ.

Р.Сыздықова

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *