КЛАПЕЙРОН – КЛАУЗИУС ТЕҢДЕУІ – заттардың бір фазадан өзге фазаға ауысу (булану, балқу, құрғақ айдау, полиморфтық түрлену т.б.) үрдістеріне (процестеріне) қатысты термодинамикалық теңдеу. Бұл теңдеу бойынша тепетеңдік күйде өтетін үрдіс кезіндегі фазалық ауысу жылуы (L) (мысалы,булану жылуы, балқу жылуы) мына формуламен анықталады: L = Т∙dр/dТ∙(V2–V1), мұндағы Т – ауысу температурасы (изотермиялық үрдіс), dр/dТ – қысымның фазалық тепе-теңдік қисық сызығындағы температура бойынша алынған туындысының мәні, ал (V2–V1) – зат көлемінің бір фазадан өзге фазаға ауысу кезіндегі өзгерісі. Бұл теңдеуді 1834 жылы француз физигі Бенуа Клапейрон (1799 – 1864) сұйық пен жылулық тепе-теңдікте болатын конденсацияланатын буға арналған Карно циклін талдау нәтижесінде қорытып шығарған. 1850 жылы неміс физигі Рудольф Клаузиус (1822 – 1888) теңдеуді кемелдендірген және оны өзгедей фазалық ауысуларға жалпылаған. Клапейрон – Клаузиус теңдеуі (К.–К.т.) жылуды жұту немесе оны шығарумен (1 текті фазалық ауысу) қабаттасатын кез келген фазалық ауысуларға қолдануға жарамды және қорытып шығарылатын фазалық тепе-теңдіктің тікелей салдары болып табылады. К.–К.т. өзінің құрамындағы кез келген шамаларды есептеуге арналған. Дербес жағдайда бұл теңдеумен булану жылуы есептеледі.