5. «Кінә» мен «күнә» ұғымдарының мәні
Жалпы адам бойындағы кемшіліктер бір сөзбен «мін» дегенді білдіреді. Адам міні негізінен екі түрде көрінеді, олар: кінә мен күнә. Кінә – адамның адамдар алдындағы міні болса, күнә – адамның жаратушысы алдындағы міні.
«Күнә» араб тілінде «зәнб», «маъсия» деген сөздермен беріледі. Көбінесе «маъсия» сөзі жиі қолданылады. Бұл сөз «ъаса» – «бағынбау», «қарсы келу» деген түбірден шыққан. Ал, шариғатта күнә «маъсия» деп аталып, пенде оны істемей жүрсе сауап жазылып, істейтін болса жазаға тартылатын істі айтамыз. Оны басқаша айтқанда, тыйым салынған, харам істер деуге болады.
«Күнә» ұғымы халықтың санасына ислам діні арқылы сіңді. Күнәға жалпы адамгершілікке жатпайтын көптеген теріс қылықтар (нәпсіқұмарлық, арамдық, азғындық, опасыздық, екіжүзділік, жауыздық, т.б.) жатады. «Күнә» ұғымы әрбір мәдени-өркениет жүйесінде, әр түрлі мазмұнға ие болуы мүмкін. Мысалы, христиан мәдениетінде басты күнәларға жататындары: өзін құдайдан жоғары санау («грех гордыни»), пайдакүнемдік («грех корысти») және нәпсіқұмарлық («грех сладострастия») болып есептелсе, онда мұсылмандық өркениетте бұлардың қатарына шарап ішу, бес парызды орындамау, өсімқорлық т.б. қосылады. Дегенмен, күнә дәрежесіне қарай үлкен күнәлар және кіші күнәлар болып екіге бөлінеді. Үлкен күнәлардың қатарына кіретіндер: Аллаға ортақ қосу, Алладан басқаға (Аллаға сенім артқандай) сенім арту, сиқыр жасау және жасату, кісі өлтіру, өсім жеу, жетімнің хақын жеу, соғыс майданынан қашу, намысты, абыройлы әйелге жала жабу, жалған куәгер болу, әке-шешеге қарсы келу, зинақорлық жасау, ұрлық істеу, арақ ішу, ғайбат айту, пара жеу, өтірік айту, екі кісіні шағыстыру, құмар ойнау, кісі хақын жеу. Бұл туралы Құранның «Ниса» сүресінің 31-аятында: «Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен яғни үлкен күнәлардан сақтансаңдар, сендердің кіші күнәларыңды кешіріп, өздеріңді құрметті орынға (жәннатқа) кіргіземін». Тағы бір аятта: «Сондай күнәлардың үлкенінен және арсыздықтан (зинадан) сақтанғандардың кіші күнәлары болса да шәксіз Раббыңның жарылқауы кең» («Нәжім» сүресі, 32-аят) делініп, үлкен күнәлардан сақтанса, кіші күнәларды Алланың кешіретіндігін ескертеді және исламда әркiм өзiнiң күнәсі мен қылмысына жауап бередi. Бiреудiң күнәсiн басқа бiреу көтермейдi.
«Күнә» сөзі − діни сенімге, ұстанымдарына, заңнамаларға қайшы істерді (иманның шарттарына сенбеу, намазды қаза қылу, Аллаға серік қосу, құмар ойындар ойнау, пайызбен несие алу және т.б.) білдірсе, «кінә» ұғымы адамдар арасында болатын немесе мемлекет заңнамаларына қарсы құқық бұзу арқылы жасалған қылмыстар үшін қолданылады. Қазақстан Республикасының заңнамасында «кінә» ұғымына келесідегідей түсініктеме берілген:
«Кінә – ол заңмен қарастырылған тұлғаның қасақаналық немесе абайсыздық ниетімен жасалған қоғамға тигізетін қауіпті зардаптары әрі өзінің мемлекеттік және қоғамдық құндылықтарына психикалық қатынасы мен пайдакүнемдік пен селқостық таныту болып табылады».
Қазақ әдет-ғұрпындағы «кінә» ұғымының моральдық тұрғыдағы мағынасынасына тоқталсақ – ол адамдардың өз араларында болған түсініспеушілік салдарынан туындайтын, яғни қылмыстық заңбұзарлық әрекетке жатпайтын амалдарды айтуға болады. Мысалы: абайсызда қағып кету, сөзге келіп қалу, жан күйзелісінің әсерінен балағаттау және т.б.
Қорытындылай келе «күнә» мен «кінә» бір-бірімен байланысты ұғымдар деуге болады. Өйткені белгілі бір мемлекет азаматының жасаған ісі заңға қайшы болса, ол — күнә. Осыған байланысты Мұхаммед пайғамбар: «Кімде-кім мемлекет басшысына себепсізден себепсіз мойынсұнбаса, қиямет күні Алланың құзырына (осы қылығы үшін) ешқандай дәлелі болмастан (пұшайман күйге түседі) барады. Мемлекет басшысына мойынсұнуға уәде бермеген адам жаһилиет дәуірінде өлгенмен тең саналады» (Муслим, Имара, 58) деп бұйырды. Мұхаммед пайғамбардың сүннетіне жүгінсек, әрбір мұсылман баласы мүлтіксіз мемлекет басшысына бағынуға және сол мемлекет заңына сай жүруге тиісті.