ЖАЗБА ТІЛ
Жазба тіл – жазудың шығуымен байланысты пайда болған, өзіндік дәстүрі бар тіл. Жазба әдебиетінің тууы, қалыптасуы, да муы – ұлт руханиятындағы ұлы жаңалық, айрықша құбылыс. Рухани әлемімізде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған білімді, білікті, өз тағдырларын ел тағдырымен берік байланыстырған ұлы шоғыр қазақтың ғылымын, оқу-білім жүйесін, қоғамдық ой-санасын, баспа сөзін, саяси бағытын қалыптастыра бастады. Осы шоғырдың бел ортасында жүрген М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Қ.Кемеңгерұлы, М.Әуезов, С.Сәдуақасұлы тағы да басқа қаламгерлер осыдан бір ғасырдай бұрын ғана алғашқы белгілері көріне бастаған, Абай заманында жаңа бағыт таңдаған жазба әдебиетті қай жағынан болса да толық қалыптастырып, оның даму бағытын айқындады. Сонымен бірге олардың көпшілігі қазақ әдебиеттану ғылымының тууы мен қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірді, оның әдеби сын, әдебиет тарихы, әдебиет теориясы сияқты салаларының аяқтануына зор үлес қосты. Қазақтың төл жазба әдебиетінің қашан және кімдерден басталатындығы жөніндегі әңгіме сонау 1920 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуезов тұсында басталып, 1930 жылдары Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтардан жалғасын тауып, одан кейінгі кезеңдерде Бейсенбай Кенжебаев, Қажым Жұмалиев, Әуелбек Қоңыратбаев, Мәлік Ғабдуллин тараптарынан 1940-50 жылдары біршама айтылғанымен, 196070 жылдары бұл мәселеге Ісмет Кеңесбаев, Құлмат Өмірәлиев, Рәбиға Сыздық сияқты тілші ғалымдар үн қосты. Жазба әдебиеттің тууы, жалпы, адам баласының жазуды қажетсінуі, оны ойлап табуы – белгілі бір сеніммен байланысты. Алдымен мифтік ойлау жүйесінде пайда болған қарапайым таңбалар – адам өмірі үшін қандай да бір шартты белгілер болса, кейінірек қалыптасқан әліпбилер ой мен ұғымды беретін сондай шартты белгілер болғаны белгілі. Әліпбидің пайда болуы – адам ойының, қандай да бір идеялардың көпшілікке таралуына, осы көпшілік тарапынан ұғынылуына кең мүмкіндіктер туғызып, хатқа түскен жазу – сол ой-идеялардың авторы мен көпшілік арасындағы рухани делдалға айналды. Ең алғашқы жазба мәтіндер діни сипатта болды да қолданбалы мақсаттан туындады және сол үшін де пайдаланылды. Жазу дәстүрінің одан әрі дамуы оның қолданыс аясын кеңітіп, ендігі жерде ауызша дамыған мәдениет, қоғамдық пікір жазбаша түрге ауыса бастады. Оның ішінде ауызша дамыған көркем әдебиеттің жазбаша сипатқа ауысу үдерісі де болды. Бұл үдерісті тудырған да, жеделдеткен де қоғамдағы діни сананың тереңдеуі. Ислам дінінің қазақ даласына келуі Аллаға деген сеніммен бірге, жазу мәдениетін де алып келді. Алланың ілімін халыққа түсіндіру, шариғат жолын көпшілікке ұғындыру – әлеуметтің сауаттылығын қажет етті. Сол себепті де діни сауатты болу қазақ сахарасында дәстүрге айнала бастады. Қазақ сахарасында бастапқыда қожа-молдалар ғана хат таныса, кейін олардан оқып шыққандар да осы санатқа қосылып, оқып-жаза алатындардың саны жылдан-жылға көбейе түсті. Сөйтіп, қазақ даласында оқу-жазу мәселесі қажеттілікке айналды. Бұл дәстүр өз кезегінде көркем әдебиеттің жазбаша сипатқа ие болуына да игі ықпал етті. Сауатты адамдардың саны көбейген сайын жазба әдебиеті қажеттілікке айналып, бірте-бірте жазба әдебиет өкілдерінің де қатары толыға бастады. ХІХ ғасырдың І жартысында жазба әдебиет өкілдері саусақпен санарлық болса, Абай заманында еселене түсті, ал ХХ ғасырдың басында олардың саны тіпті көбейді. Жазба үлгідегі қазақ баспасөзінің тууы да осындай заманауи қажеттіліктен туған құбылыс еді. Жазба әдеби ортаның қалыптаса бастауы, – көркем шығарма стилінің жетілуіне, жаңа жанрлардың тууына ықпал етті. Ауызша дамыған әдебиет стилі, оның жанрлары жазба әдебиетінің бастапқы дәуірінде өзінің бұрынғы болмысын сақтай отырып көрінгенімен, яғни, алғашқыда ауызша мен жазбаша стильдің аражігі айқын ажыратылмағанымен жазба мәдениетінің одан сайын тереңдеуі – ендігі жерде жазба әдебиеттің өзіндік пішінін қалыптастыра бастады. Бұл көркем пішін шығарма композициясынан, стилінен және жанрынан көрінді де, жаңа жазба дәстүрдің қалыптасқандығын байқатты. Қазақ жазба әдебиетінің алғашқы кезеңі ХІХ ғасырдың І жартысы дейтін болсақ, онда осы кезеңде туған жазба әдебиет үлгілері ауызша әдебиет стилінің ауқымында туды. Жаңаның пайда болуы бұрынғы бардың қойнауында дүниеге келеді дейтін диалектиканың заңдылыған сүйенсек, онда жаңа жазбаша әдебиет нұсқаларының бұрыннан бар, дайын ауызша әдебиеттің стилінде, тіпті қалпында, яғни жанрында пайда болғандығын көреміз. Оның нағыз, шынайы жаңа болуы бірте-бірте болатын үдеріс. Бұл үдерістің жарқын көрінісі – Абай поэзиясы. Сондықтан да біз кейде Абайды жазба әдебиетінің басы деп қалатынымыз да бар. Өйткені жазба әдебиетінің көзге бірден шалынар кесек туындысы, жарқырап көз тартар алғашқы жауһары, көз тоқтар, ой мен сезімді бірден баурар биігі – Абай мұрасы. Ал, Абайдан кейінгі кезеңде жазба әдебиет стилі тарамдалып, жаңа түрлер пайда бола бастады. Көркем прозаның тууы мен қалыптасуы, драма жанрындағы алғашқы ізденістер жазба әдебиеттің өрісін кеңейтумен бірге оның мәдени деңгейін де арттырып, соны стиль, тың тілдік тәжірибелерді өмірге әкелді.