ЕКПІН НОРМАСЫ
Екпін – сөз ішіндегі бір буынның айтылуда күшті, көтеріңкі естілуі. Екпіннің тілдегі басты қызметі сөздің лексикалық мағынасы мен морфологиялық тұлғасын айқындау, сөзді бір бүтін етіп көрсету, тілдің орфоэпиялық нормаларын анықтау болып табылады. Қазақ тілінде буын екпіні және сөз екпіні бар. Буын екпіні көбінесе, сөздің соңғы буынына, ішінара соңғы буынға таяу тұрған буынға түседі: ол келді, ол ертең келеді. Сөз ішінде екпін түсетін буынды екпінді буын деп, екпін түспейтін буынды екпінсіз буын деп атайды. Қазақ тілінде жіктік жалғауларына (оқушымын, оқушысың), сын есімнің –дай-дей жұрнағына (үйдей, таудай), қосымшасыз шылау сөздерге (ғой, ма, дейін) т.б. екпін түспейді. Бір буынның оқшауланып күшті айтылуы нәтижесінде сөздің бір бүтін дыбыстық бейнесінің қалыптасуы екпіннің шарықтау қызметі (лат. culmen — шарықтау) деп аталады. Қазақ тілінде бұл қызметті сөздің соңғы буынына түсетін тұрақты екпін атқарады. Ал сөз екпіні тілдегі сөздердің біртұтастығын қамтамасыз етіп, сөздердің бір-бірінен аражігін ажыратып көрсетеді, кей жағдайларда сөз мағынасын (зат есім мен болымсыз тұлғадағы етістік) ашады. Қазақ тіліндегі сөз екпіндерінің сөздің біртұтастығын сақтау, сөздердің жігін ажырату қызметтері айқын да, ал жаңа мағына тудыру жағы солғын. Әрине, қазақ тілінде сөз екпіні орнын өзгерткенде сөздің лексикалық мағынасынан гөрі грамматикалық мағынасы жиі құбылады. Бұдан қазақ тіліндегі сөз екпіні сөз мағынасына әсер етпейді деген ұғым туындамауы керек. Кейінгі кездері ауызекі сөйлесу барысында немесе телерадиолық сұхбаттарда сөйлеушінің сөз екпінін дұрыс қоймауы кездесіп жатады. Екпінді дұрыс қоймау орфоэпиялық нормадан ауытқу болып табылады. Мұндай норма бұзушылық, дұрыс ырғақпен, үйлесіммен, үндесіммен дыбыстай алмайтын жайттар дың орын алуы тілдің фонетикалық және фонологиялық сипатын ескермеуден туындайды. Әдеби тілдің ауызша орфоэпиялық нормаларынан ауытқулар, ең алдымен, сөз қалай жазылса, солай дыбыс таудан, жазу жүйесі мен ауызша сөз жүйесінің өзді-өзіне тән ерекшеліктеріне мән бермеуден туындап жатады. Телеарналарда батыс бағдарламаларының үлгісімен жүргізілетін хабарлардың үлес салмағының артуы, шетелдік үлгідегі медиа-мәтіндерінің қарқындап өсуі бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне де ықпал етіп, осындай форматтағы хабарларды жүргізушілердің сөз қолданысының сапалық жағына да, тілдік норманың қазақ тілінің табиғи дыбыстық жүйесінің сабақтасуына әкеледі. Бұқаралық медианың қате сөз қолданыстарын таратуы, атап айтқанда екпінді дұрыс қоймауы, грамматикалық қате лер жіберуі, жасанды тіркестерді пайдалануы сөйлеу нормасын төмендетіп, көпшіліктің тіл мәдениетін бұзады.