ДЫБЫСТЫҚ ҮНЕМ
Дыбыстық үнем сөздің құрамындағы жеке дыбысты, дыбыстар тіркесін айтпау, үнемдеу болып табылады, басқаша айтқанда сөзді ықшамдау деген сөз. Дыбыс, буын санының кемуі, әсіресе байырғы сөздерге тән құбылыс. Осы күнгі қосымшалардың көпшілігі – бір кездегі толық мағыналы сөздердің дыбыстық, буын жақтан ықшамдалуынан (кемуінен) жасалғаны белгілі. Бұған әлі де ізі суымаған факті ретінде -тын, -тін жұрнағы мен көмектес септіктің жалғауын айтуға болады. Кейбір кіріккен сөздердің буын жағынан ықшамдалып жасалғаны айқын: әкел (алып кел), апар (алып бар), әкет (алып кет), сөйт (солай ет), бүйтіп (бұлай етіп), қайтіп (қалай етіп), әрмен (әрі таман), бермен (бері таман).
С.Мырзабеков. Қазақ тілінің фонетикасы. – Алматы, 2004.