Досмұхамедов Халел (1883-1939) – Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым. 1909 ж. Санкт-Петербург Императорлық әскери-медициналық академиясын үздік дәрежелі дәрігер атағымен бітіреді. Студент шағында саяси жұмыспен айналысып, Ресей кадеттер партиясына мүше болады. Пермь губерниясында, Орал облысында дәрігер болып қызмет атқарады. 1917 ж. Алашорда үкіметі құрамына сайланады. 1918 ж. наурызда Ж.Досмұхамедовпен бірге Алашорда үкіметі атынан В.И.Ленинмен, И.В.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізеді. Кеңестік кезеңде жауапты басшы қызметтер атқарады. Отандық ғылымның дамуына үлкен үлес қосты. Табиғат, жануарлар дүниесі мен денсаулыққа арналған көптеген оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазды. Қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, ғылыми зерттеулер жариялады. «Мұрат ақын сөзі» (1924), «Исатай-Махамбет» (1925), «Аламан» (1926), «Қазақ халық әдебиеті» (1928) жинақтары шыққан. 1939 ж. 19 тамызда түрме ауруханасында қайтыс болады.