Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937) – қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш партиясы мен Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, көсемсөз шебері, ғалым, аудармашы. Ә.Бөкейхан Абай Құнанбайұлының шығармашылығын ХХ ғасыр басында орыс оқырмандарына алғаш таныстырды. Ә.Бөкейхан көркем аудармашы ретінде орыстың Л.Н.Толстой («Қажымұрат» 1923, «Кавказ тұтқыны» 1925, «Жетіқарақшы» 1925); Д.М.Мамин-Сибиряк («Қара ханым» 1927); В.Г.Короленко («Баймақан», «Өзі» 1927); А.П.Чехов («Хамелеон») сияқты классик жазушыларымен қатар шет ел жазушысы Ги де Мопассанның («Жарасын алдырған ана») әңгімелерін және Қырым халықтарының әдеби шығармаларын да қазақ тілінде сөйлеткен. «Біржан-Сара айтысы» — айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі. Айтыс 1895 ж. қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. Бұл айтысты алғаш рет «Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен 1898 жылы Қазанда Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, замана шындығын өзек еткен. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, кейін жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады, қазақ қоғамындағы әлеуметтік қарым-қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән-мазмұны философиялық ой-толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатады. Қ.Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 жылы М.Төлебаев «Біржан – Сара» операсын жазды.