ҰЛЫ ДАЛА ЖЫРАУЛАРЫ

Орақ М.Б. ҚарМТУ студенті (ПСК-15-3 тобы)
Горлов А.В. — ҚарМТУ студенті (ПСК-15 тобы)
Ғылыми жетекші — Әбілқасов Ғ.М. аға оқытушы

ҰЛЫ ДАЛА ЖЫРАУЛАРЫ

Жыраулық поэзия- 15-18 ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы.Біздің дәуірімізге, негізінен , ауызша жетті. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа даңқы жеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады.
Жыраудың ең сүйікті жанры-толғау. Толғау, осы сөздің өзінен де көрінетіндей,толғану,толғаныс деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар.Сондықтан да толғаудың өзін ойға құрылған толғау, сырға құрылған (лирикалық) толғау деп жіктеуге болар еді.
Ой толғауларда жырау-ең алдымен философ. Мұндай толғаулар нақыл, тақпақ, афоризм түрінде келеді. Атақты жыраулардың толғауларында кездесетін афористік сөздердің көбі мақал-мәтелге айналып кеткен[1, 238]. Сонымен бірге жырау өзінің замана жайындағы түйгендерін мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, қоғамдық мәселелерді көтереді.
Қазақ жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі Асанқайғы Сәбитұлы (XIV-XV) Еділ бойында дүниеге келген.
Асанқайғының “Жерұйық” іздеуіне қатысты айтылатын аңыздардан да халықтың бас құрап, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені байқалады.
Асан аты халық арасына ертеден қанықты болса да, оның өзі тұлғасы тым көмескіленіп, бұлдыр сағымға айналып кеткен болатын. Әрі мемлекет қайраткері, әрі философ, ақын ,халықтың қамын ойлап , қабырғасы қайысқан ер-азаматтың тұлғасы оның сөздерінен жарқырап көрінеді.Қазақ халқының тарихындағы аласапыран, алмағайып дәуірдің ақиқатын көркемдеп айта білген, еліне өшпес өнеге, кемел кеңес қалдырған.Асанды данышпан философ-ақын десек артық айтылғандық болмайды.«Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады.Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас,жел толқыса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады».
Бұл жолдарды дүние жүзінде аты мәшһүр дүлдүл ақындардың қайсысының да шығармасымен қатар қоюға болады.
Асан айтқан шешендік, тапқыр сөздер, Асан айтқан философиялық негізге толы толғау жырлар, әрине, өте көп болған. Бізге соның кейбір нұсқалары ғана жетіп отыр. Асан сөздерінің дені:
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер,аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер. Жалаң аяқ байпаңдап қаздар қайтіп күн көрер, шыбын шықса, жаз болып таздар қайтіп күн көрер»,- іспеттес нақыл, толғау түрінде келсе керек. Бұл жолдардан адам тағдыры ғана емес, жан иесі мақұлықтардың бәрінің тіршілігі толғантқан, көне заманда өмір сүрген көне философ-гуманисттердің типіндегі ойшыл ретінде танылады.
Қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі — Қазтуған жырау Сүйінішұлы.
Қазтуған — ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик ақын болған. Қазтуған өз артына өмір туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол философиялық әдеби мұра қалдырды. Бұлардың дені сақталған. Қазтуғанның біздің дәурімізге жеткен жырлары табиғат арасындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сыйпатын танытады. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Қазтуған Сүйінішұлының тек қана ақындығын ғана біз айтпай-ақ, ол өз заманының әрі батыры, әрі күйші, әрі биі, әрі ділмар шешені болған. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр:
«Бұлт болған айды ашқан,мұнар болған күнді ашқан, мұсылман мен
кәуірдің арасын бұзып өтіп дінді ашқан – Сүйінішұлы Қазтуған!!!» [2, 28]. Бұл нағыз керемет терең ойлы да, «таза далалық поэзия!», — дейді жазушы әрі зерттеуші Мұхтар Мағауин. Иә, бұл жолдар тек қазақ тілінде ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті.
Қазақ жыраулық поэзиясының атасы — Шалкиіз Тіленұлы 1465 жыл шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Шалкиіз жыраудың туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлігімен, кезегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпінді қуатымен ерекшеленеді.
Ақын-жырауларды қазақ халқы ақылгөй атадай ардақтап, олардың ақыл-нақыл тұжырымдарын ынталы ықыласпен тыңдап қадір тұтады. Өлең-жырларында Отанды, халықты сүю, елдің береке-бірлігін сақтау, әділетті жақтау, жамандық-пасықтыққа қарсы тұру сияқты адамгершілік дәріптеліп отырды. Ақын-жыраулар халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлады.
Ақын-жыраулар халық басына келген қайғыға да, ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *