Cагатбек С. — ҚарМТУ студенті (ОПИ — 14 — 2 тобы),
Толеубекова А. Б. — ҚарМТУ студенті (ОПИ — 14 — 2 тобы) Ғылыми жетекші — аға оқытушы Нығметова Н.Т.
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ: СЕБЕБІ, МАҚСАТЫ, ТАРИХИ МАҢЫЗЫ
Алаш қозғалысы — XX ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысы.
Қозғалыстың себептері:
Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі;
қазақ жерінің орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялануы;
ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі;
салықтар мен алымдардың кобеюі;
қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы;
дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы [1].
Бірінші бүкілқазақтық съезд 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өтті. Оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария облыстары мен Бөкей ордасынан, сонымен қатар Ферғана облысының қазақтар мекендеген аудандарының өкілдері қатынасты. Съезге қатынасушылар саны аса көп болмағанына қарамастан, оның күн тәртібіне сол кездегі Қазақстаның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси өміріне тікелей қатынасы бар аса маңызды 14 мәселе енгізілді.
Х. Досмұхамбетовтың төрағалығымен, Ахмет Байтұрсыновтың, Ә.Көтібаровтың, Міржақып Дулатовтың және Асылбек Сейітовтың хатшылығымен өткен бірінші жалпықазақтық съезд делегаттары осы 14 мәселенің ішінде өздерінің басты назарын ұлттық автономия, жер, құрылтай съезіне дайындық және қазақтың саяси партиясынын құру проблемаларына аударды.
Бірінші жалпықазақтық съезд өзінің күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі – қазақ саяси партиясын құру мәселесін талқылау барысында іс жүзінде осы партияны ұйымдастыруға арналған Құрылтай жиналысына айналды.
Алаш партиясының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін мемлекеттік жүйе құру, яғни оның ұлттық мемлекеттікке құқы бар екендігін метрополияға мойындату, ал түбінде дербес мемлекеттікке қол жеткізу, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып қазақ қоғамы жаңа өмір сұранысына сай өзгерту (модернизация), демократиялық принциптерді қадір тұтумен бір мезгілде, әсіресе, білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды.
Алашорда Кеңес өкіметін мойындамай, 1918 жылы жазда басталған азамат соғысы жағдайында оған қарсы ашық күреске шыққан күштермен (атаман Дутов басқарған Орынбор казачествосымен, адмирал Колчак басқарған Сібір үкіметімен, Орал казачествосымен, т. б.) одақтасты.
Жауласушы күштердің (Қазақстандағы) ара салмағы 1919 жылдың басынан Кеңес өкіметі мен Қызыл Армия жағына ауысуы Алашорданың жағдайын қиындатып жіберді. Сондықтан 1919 жылы көктемде Алашорда, бір жағынан Колчак үкіметімен байланысты түгелдей үзбей отырып, екінші жағынан, Кеңес өкіметімен байланысын жандандыруға мәжгүр болды. Бұл жолы Алаш басшылығы (1918 жылы көктемдегі жағдаймен салыстырғанда) Кеңес өкіметімен байланыс орнату бүкіл Алашорда атынан емес, оның торғайлық тобының атынан жүргізілген жөн деп шешеді [2].
1919 жылы шілденің 10-ы күні В. И. Ленин «Қырғыз (қазақ — Н. К.) өлкесін басқаратын революциялық комитет жөніндегі уақытша ережеге» қол қойды. Казревкомның мүшелігіне алғашында А. Байтұрсынов, С. Меңдешев, С. Пестковский (төраға) енгізіліп, кейін әр кезде оның құрамында Б. Қаратаев, М. Тұңғаншин, Б. Каралдин, Т. Седельников Т. Әлібеков, т. б. болды.
1917 — 1920 жылдар аралығында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай және олардың сенімді серіктері Кеңес өкіметіне сөзбен де, қараумен де қарсы шықса, 20-жылдары ұлттың демократиялық қазақ зиялыларының Ахмет Байтұрсынұлы бастаған серкелері тоталитарлық жүйеге қарсы рухани майданда бетпе-бет келді.
Енді сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе көш басында Ахмет Байтұрсынұлы бар бұрынғы Алаш қозғалысының жетекшілерін, белсенді мүшелері мен жақтастарын «Кеңес өкіметіне жау», «буржуазияшыл ұлтшылдар», «Террорлық әрекеттерді дайындаушылар» деген айыптар тағып, 1928 жылдан бастап түрмелерге жапты, 1930 және 1932 жылы екі сот процесінің үкімімен олар ұзақ мерзімдерге концлагерьлерге айдалды, басқа өлкелерге жер аударылды. Одан елге оралғандар 1937-1938 жылдары «үлкен террордың» құрбандары болды. Ахмет Байтұрсынұлы да алғашында ОГПУ, кейін НКВД жендеттерінің құрығына ілігіп, 1929 жылы тұтқындалып, 1930 жылы он жыл мерзімге концлагерьге кесіліп, ол жаза Солтүстік өлкеге (Архангельск облысына) жер аударылуға өзгертілді [3].
Одан 1934 жылы қазан айында елге оралған Ахаң үш жыл өткен соң 1937 жылы сегізінші қазан күні қайта ұсталды «халық жауы» деген жалған жазамен ату жазасына кесілді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. «Алаш үні» 2003 ж. № 1.
2. «Алаш үні» 2003 ж. №4,5,3.
3. Өміржанов Алматы, 2009, Азат қозғалысы және XX ғасыр басындағы Алаш партиясы арасындағы саяси құқықтық үндестік.