Пробация офицерінің атқаратын функциялары

Пробация офицерінің атқаратын функциялары. Пробация қызметінде психологтің рөлі.
Пробация – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі.
Пробацияның мақсаты:
1) күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзету;
2) сотталған адамды әлеуметке қосу (ресоциализация процесі);
3) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.
Пробацияның міндеттері болып табылады:
1) пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету;
2) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың заңмен айқындалған түрлерін орындау;
3) бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталғандарға, шартты түрде сотталғандарға, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға бақылау жасауды жүзеге асыру;
4) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталған адамды босатуға дайындауға қатысу.
Пробация түрлеріне мыналар жатады:
• 1) сотқа дейінгі пробация – күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеуге бағытталған, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы;
• 2) үкімдік пробация – бас бостандығын шектеуге сотталған, сондай-ақ шартты түрде сотталған адамдарға қатысты пробациялық бақылау белгілеу мен оны жүзеге асыру және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы;
• 3) пенитенциарлық пробация – қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген адамдарды әлеуметке қосу жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы;
• 4) пенитенциарлықтан кейінгі пробация – қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінен босатылған адамдарға қатысты пробациялық бақылау белгілеу мен оны жүзеге асыру және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызмет пен шаралар жиынтығы.
Пробация қызметі:
1) өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдардың есебін жүргізеді;
2) өзіне қатысты пробация қолданылатын адамның тұрғылықты жерін, оның денсаулық жағдайын, білім деңгейін және жұмыспен қамтылуын, сондай-ақ оған әлеуметтік-құқықтық көмек ұсынудың көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды;
3) пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын жасайды;
4) әлеуметтік-құқықтық көмек алуды ұсыну және одан бас тарту тәртібін түсіндіреді, оны алуға жәрдемдеседі;
5) күдіктіге, айыпталушыға қатысты сотқа дейінгі баяндаманы дайындауды жүзеге асырады;
6) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолданылған адамдарға өздеріне сот жүктеген міндеттерді орындау тәртібін және оларды орындамаудың салдарларын түсіндіреді;
7) өздеріне қатысты пробациялық бақылау белгіленген адамдарға оның жүзеге асырылу және тоқтатылу тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ пробациялық бақылау шарттарын сақтамаудың салдарларын түсіндіреді;
8) пробациялық бақылауды жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, заңды тұлғалардан өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтер, анықтамалар, мінездемелер, өзге де ақпарат сұратады;
10) кәмелетке толмағандар мен отбасы құқықтарын қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтердің сапасына мониторинг жүргізуге қатысады;

Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарды әлеуметке қосу, әлеуметтік бейімдеу және оңалту шаралары
1) мына мәселелер бойынша әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету:
• медициналық көмек алу;
• орта білім алу;
• кәсіпті меңгеру (кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру);
• жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
• психологиялық көмекті қамтамасыз ету;
• Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдерді алу;
2) мыналарды:
• әлеуметтік-психологиялық және психологиялық консультация беруді;
• әлеуметтік патронажды;
• тараптардың өзара келісуі жағдайында отбасылық және өзге де әлеуметтік-жағымды байланыстарды қалпына келтіруге көмектесуді қамтитын әлеуметтік байланыстарды қолдау жүйесін қалпына келтіру және қалыптастыру;
3) мыналарды:
• келу орнымен қамтамасыз етуді;
• оңалту іс-шараларын ұйымдастыруды;
• мәдени іс-шараларға қатысуға тартуды;
4) әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша консультациялар ұсынуды қамтитын әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу арқылы қамтамасыз етіледі.
Пробация психологінің атқаратын функциялары:
Психодиагностикалық-жеке тұлғаның жеке психологиялық қасиеттерін, олардың қылмыстық маңызды қасиеттерін, қылмыстық мінез-құлықтың қалыптасу себептерін, психикалық ауытқулардың болуын анықтау (стресске төзімділік, нейротизмнің жалпы деңгейі, жеке ерекшеліктері мен сипаттамалары, психоэмоционалды жағдайын диагносттау);
Психологиялық коррекция-қазіргі заманғы психотехнологияларды қолдана отырып, ТМ шыққан тұлғаның реәлеуметтендіру мақсатында әлеуметтік мінез-құлқын өзгерту, психокоррекциялық әсер етудің негізгі мақсаты-әртүрлі психологиялық қиындықтар бойынша психологиялық көмек көрсету, агрессивтілік, қорқыныштар, мазасыздық деңгейін төмендету, өз-өзіне сенімділікті дамыту, және заңға бағынатын өмір салтына көзқарас қалыптастыру.
Психологиялық кеңес беру — белсенді өмірлік ұстанымды дамыту, қоғамға, еңбекке құрметпен қарауды қалыптастыру, құқыққа бағынатын мінез-құлықты ынталандыру; жағымды ұжымдық өзара іс-әрекет дағдыларын қалыптастыру мақсатында жеке әлеуметтік-психологиялық консультация беруді неғұрлым кеңінен қолдану қажет. Сонымен қатар күдіктінің, айыпталушының отбасы мүшелеріне де психологиялық қолдау көрсету.
Психологиялық ағартушылық — пробация офицерлерінің психологиялық сауаттылығын және біліктілігін жоғарлату мақсатында арнайы дәрістер оқу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *