«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» — ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ ШЕШІМІ РЕТІНДЕ

Қыдырбай Н.Б. – ҚарМТУ студенті (БТ-16-1 тобы) Ғылыми жетекші: фс.ғ.к., доцент Сагатова А. С.

«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» — ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ ШЕШІМІ РЕТІНДЕ

Ерте ғасырлардан бері қазақ халқы табиғатпен ерекше қарымқатынаста болғандығы баршамызға мәлім. Себебі бабаларымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі қоршаған ортамен астасып жатса керек. Соған ризашылықта болған бабаларымыз табиғат дүниесін әрқашан қадір тұтып, онымен үйлесімділік қатынаста күй кешкен. Осы табиғатпен жарасымдылық біртіндеп адамдар арасындағы сыйластық қарым-қатынасына өтсе керек. Табиғаттың амалдарын жітік меңгеріп, онымен тумысымыздан біте қайнасқан көшпенді қазақ халқы оны барынша қастерлеп, қорғап келген. Табиғаттың шексіздік сипаты ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігіне орайлас таным-түсінікте келер ұрпақпен өзінің рухани жалғастығын тапқан еді. Ғалам көрінісінің ғажайып жұмбақ-сырларын, заңдылықтарын жан-жақты игеру жолында ақыл-ой, парасат, білім ұғымдары жаңа белестерге көтеріліп, рухани құтхананың қайнар бастауының сенімді серігі, рухани демеушісі болған. Адам рухы жалпы дүние болмысының, жаратылыс құбылыстарының төл қасиеттерімен арақатынаста үндестік, үйлесімділік тапқан. Жарасымдылық немесе үйлесімділік, үндестік – бұл табиғат дүниесі мен адам баласының өзара бітеқайнасқан, бірегей бірлестігінен туған рухани байланысы. Адам мен табиғат ұштастығы өрісі танылған, рухани әсерлігі тереңінен сезілген белгілі бір мақсат-мүддеге, нақтылы даму заңдылықтарына сүйенген еркіндік қатынасы өрісінде болды. Адамзат баласы мен қоршаған орта, табиғат арасындағы ерекше байланыс бар екендігін түсіне білген және ол туралы жырлап, табиғатты суреттеу арқылы оған деген махаббатын көрсеткен ақын жыраулардың шығармалары осыған дәлел бола алады.
Соңғы кездері экологиялық проблемалар барша адамзат баласын ойландыратын үлкен өзекті мәселе болып табылады. Себебі, әлем бойынша бұл экологиялық дағдарыс барлық дерлік мемлекеттерде кездеседі. Осы мәселенің аса қарқынмен таралған аймақтарының біріне Қазақстан жерін жатқызуға да болады. Көшпелі мал шаруашылығымен айналыса отырып, табиғатты қорғап, қастерлеп келген қазақ халқы XXғасырда экоапатқа ұшырады. Қазақстанның көптеген аймақтарында экологиялық проблемалардың таралуы болашақ ұрпақ қамын ойлау керек екендігіне белгі болды десек қателеспейміз. Арал суының тартылуы, Семей полигоны, зымырандардың жаппай ұшырылуы салдарынан Қызылорда, Байқоңыр аймақтарындағы ауаның химиялық ластануы,бұрын сонды болмаған ауру, сырқаттардың пайда болуы елді болашақ туралы ойландырды. Сонымен қоса, өндірістік орындардың жаппай ашылуы, олардың көбісінің экологиялық талаптарға сай келмеуі салдарынан ауа ластануы, екінші ретті өңдеудің елімізде жітік дамымауы нәтижесінде зиянды қалдықтардың шамадан тыс болуы елімізді экологиялық проблемалы мемлекет ретінде көрсетіп келді. Аталған мәселерден басқа, күнделікті өмірде кездесетін табиғатты ластау көріністері мемлекет басшыларын және қарапайым халықты ойландыра бастады.
Елімізде өнеркәсіптің дамуы, табиғи ресурстардың тапшылығы және халықты қажай бастаған экологиялық проблемалар экологиялық мәселерге өзге тұсынан қарауға және «Жасыл» экономикаға көшуге итермеледі. «Жасыл» экономика сөзі соңғы кездері халық аузында жиі айтылатын сөздердің бірі және оны әркім әртүрлі түсінеді. Біреулер үшін ол табиғатқа көмектесу үшін атқарылатын шаралар болса, екіншілер үшін экологиялық таза өнімдер көзі болып табылады. Ал, «Жасыл» эконмиканың негізгі мақсаты — ол табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әлауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл» экономика бізді қазіргі таңда сарқылуға ұшыраған ресурстарды, яғни пайдалы қазбаларды үнемді пайдалануға шақырады. 2013 жылдың 1 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы «жасыл экономикаға» өту Тұжырымдамасы жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Сонымен қоса, ЭКСПО -2017 ең басты бағдарламаларының бірі — осы «Жасыл» экономика болып келетіндігін айта кетсек болады. Біздің бұл жәрмеңкеде барлық әлемге көрсететін ең басты идеямыз — ол барша адамзат баласын табиғатпен бірге болуға, оның ресурстарын үнемдеуге және болашақ қамын ойлауға шақыру деп түсінемін. Стратегияның басты қарастырылатын салалары — ол таза экологиялық технологиялар және жаңғыртылған энергетика болып табылады. «Жасыл» экономика ең алдымен инновация, демек ол болашақта да тұрмыс-тіршілікте өз көрінісін табуы қажет. Бұл стратегияның еліміздің экономикалық дамуында ерекше орын алатындығын ескере отырып, әрбір қазақстандық оның қазіргі таңдағы кең ауқымда таралуына, күнделікті өмір тәртібімізге айналуына үлес қосуы қажет. Яғни, атай кететін болсақ олар суды барынша үнемдеу, электроэнергия және жылу энергетикасын үнемдеу шаралары болып табылады. «Жасыл» экономиканы таңдап болашаққа қадам жасау қазақ халқының көптеген қателіктер салдарынан экологиялық поблемаларға ұшырауына қарамастан, ата-бабамыздан қалған түсінікті жоғалтпай, табиғатпен байланысымызды үзбегендігіміздің нақты дәлел болып табылады. Еліміздің экологиялық дағдарыстың шешімі ретінде «Жасыл» экономиканы таңдауы — болашақ ұрпақ қамын ойлап жасалған ең абзал шешімдердің бірі болып табылатындығына сенімдімін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *