Жасушаның қалпына келуі
Ағза онтогенезінде көптеген дене жасушалары табиғи не патологиялық жағдайларға байланысты ескіреді не бұзылады. Олар жасушалардың бөлінуі нәтижесінде үнемі қалпына келіп отырады. Себебі онсыз кез- келген ағза біртұтас жүйе ретінде тіршілік ете алмайды. Оны регенерация деп атайды. Сонымен, регенерация деп ағзаның жарақаттанған не жойылған ұлпалары мен мүшелерінің қалпына келуін айтамыз. Оның физиологиялық регенерация және репаративтік регенерация деген екі түрі белгілі.
Физиологиялық регенерация дегеніміз қалыпты тіршілік жағдайларында ескірген не бұзылған құрылымдарының өліп — қалып не түлеп түсіп отыруы және олардың қалпына келуі. Мысалы, шаян тәрізділер мен жәндіктердің қуыршақтары өздерінің қатты хитин қабатын тастап, түлеп өседі. Сол сияқты, жыландар да жылына бір рет түлеп отырады, құстардың қауырсындары түсіп, оның орнына жаңа қауырсындар пайда болады. Сүт қоректілер мен адам терісінің эпитерий жасушылырының түлеп түсуі, ішектердің сілемейлі қабығының жасушаларының түлеуі т.б. осыған мысал бола алады. Қанның қызыл түйіршіктері – эритроциттер күніне бір пайыз мөлшерінде ауысып отырады. Шаштың, тырнақтың өсуі, үй жануарларының түктерінің түлеуі т.б. физиологиялық регенерацияға мысал бола алады.
Репаративтік регенерация дегеніміз әртүрлі патологиялық жағдайлардыа жойылған не жарақаттанған мүшелердің қалпына келуі болып табылады. Репаративтік регенерация әртүрлі жануарларда түрліше деңгейде байқалады. Қарапайым ағзалардың (ішек- қуыстылар, құрттар) кез- келген жасушаларынан жаңа дара өсіп дами алады. Шаян тәрізділер жойылған қол, — аяқтарын, мұртшаларын, көздерін қалпына келтіре алады. Қосмекенділер жарақаттанған қол- аяқтарын, құйрығын және кейбір мүшелерін қалпына келтіреді. Сүтқоректілер мен адамдардың күрделі мүшелері толық қалпына келе алмайды, дегенмен бұл оларда репаративтік регенерациялану болмайды деген сөз емес.
Сүтқоректілер мен адамдардың әртүрлі ұлпалары түрліше дәрежеде қалпына келеді, мысалы тері, сілемейлі қабық эпителийі жоғары дәрежеде регенерацияланса, дәнекер ұлпалар біршама төменгі дәрежеде, ал шеміршек және нерв ұлпасы нашар регенерацияланады.
Регенерация процесі тіршіліктің әртүрлі құрылым деңгейлерінде байқалады – жүйелік, мүшелік, ұлпалық, жасушалық және жасушаішілік. Олардың бәрінің негізі болып жасушаішілік құрылымдардың жаңаруы (регенерациялануы) саналады. Жасушаішілік регенерацияның мынадай түрлері белгілі: молекулалық регенерация; органоидішілік регенерация; органоидтік регенерация- органоидтардың санының көбеюі (цитоплазманың гиперплазиясы).
Жасушаішілік құрылымдардың қалпына келуі және олардың гиперплазиясы сүтқоректілер мен адамның барлық мүшелерінің регенерациялануының ең негізгі әмбебап формасы болып саналады. Ол жасушаның маңызды бір бөлігі өліп қалған жағдайда қалған органоидтардың көбеюі арқылы қалпына келуі (шынайы жасушаішілік регенерация) не жасуша түгел өліп қалған жағдайда көрші жасушаның органоидтар санының көбеюі арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Регенерацияның негізгі көзі ағзаның екі түрлі пікір айтылып жүр:
Резерв жасушалар теориясы – маманданған ұлпалар мен мүшелерде жіктелмеген (дифференциаланбаған) камбий жасушалары болады (ствол жасушалары, жасушалар бастамасы). Олардың актив бөлінуінің және жіктелінуінің нәтижесінде мүшенің жарақаттанған не жойылған бөлігі қалпына келеді және толық қызметі қалыптасады. Маманданған ұлпалар мен мүшелерде жіктелмеген (дифференциаланбаған) жасушалар болмайды, ал регенерация көзі болып патологиялық процесс жағдайларында мүшенің жоғары дәрежеде жіктелген жасушаларының қайтадан көбею қасиетіне ие болып бөлінуі, жіктелуі саналады.
Регенерация нәтижесі әртүрлі болуы мүмкін: 1) регенерация нәтижесінде жойылған не жарақаттанған мүше не ұлпа толық қалпына келеді, оны типтік регенерация немесе гомоморфоз деп атайды. 2) Регенерация нәтижесінде жойылған мүшеден өзгеше бір мүше не бұрынғы мүше толық емес, жартылай қалыптасуы мүмкін. Оны гетероморфоз деп атайды. 3) кейде сүтқоректілер мен адамдарда регенерация нәтижесінде жарақаттанған мүше бетінде оған жат дәнекер ұлпа пайда болады да, әрі қарай ол тыртық болып бітіседі. Оны типтік емес регенерация деп атайды.
Жойылған мүшелер бірнеше жолдармен қалпына келе алады: эпиморфоз, морфоллаксиз, эндоморфоз.
Эпиморфоз — жойылған мүшенің жарасының бетіне жаңа мүшенің өсіп шығуы. Ол үшін жойылған мүшенің шамалы болса да қалдық ұлпалары сақталуы шарт, оны культя деп атайды. Алғаш ескі мүше ұлпасының (культя) жасушалары актив бөлінеді, содан кейін жіктеледі, ақырында ескі мүше пішініне, көлеміне сәйкес бұрынғы мүше қалыптасады.
Морфоллаксис – жойылған мүше ұлпаларының (культя) жасушалары бөлінбей қайта құрылып, өзгеріп тұтас мүшеге айналады, бірақ ол бұрынғы мүшеге қарағанда кішкентай болады немесе басқа бір мүше қалыптасады.
Эндоморфоз – немесе регенерациялық гипертрофия деп мүшелер ішінде жүретін толық емес регенерацияны айтамыз. Бұл жолмен қалпына келгенде жаңа жасушалар пайда болмай, сақталған жасушалар ұлғайып өсіп мүшенің бұрынғы көлемін қалыптастырады.
Егер ағзаның ескірген не бұзылған құрылымдары табиғи жолмен (регенерация) қалпына келмесе, басқа сау мүшені не ұлпаны қондыру (трансплантация) қажет болады – мұны ұлпалар мен мүшелердің трансплантациясы деп атайды.
Ағзалардың ұлпалары мен мүшелерін қондыру туралы аңыздар ерте замандардан – ежелгі грек, христиан аңыздарынан белгілі. Мысалы, Косьма және Дамион туралы аңыздар.
Біздің заманымыздың ІІ ғасырда Қытай емшісі Хуа Ту адамдардың зақымдалған мүшелерін алып тастап, орнына сау мүшелерді қондырған деген деректер бар.
Ұлпалар мен мүшелердің трансплантациясы ғылыми түрде ХІХ ғасырда итальяндық Д.Баронко (1804) неміс К.Бюнгер (1823) тәжірибелерінің нәтижесінде дами бастады. Трансплантацияның дамуында Н.И.Пироговтың (1835) еңбегінің маңызы зор.
Ресейде 1840 жылы Ж. Штраух, 1867 жылы Н.Фей көздің қасаң қабығын трансплантациялаған. 1865 жылы В. Антоневич тістерді, 1892 жылы К. И. Сапожко сілемейлі қабықшаны қондыруға тәжірибе жасаған. 1897 жылы В.Г.Григорьев ұлпаларды қондырудан (трансплантация) мүшелерді қондыруға көшкен: ол аналық безді бір адамнан екіншісіне қондыруға операция жасаған.
Қазіргі кезде ұлпалар мен мүшелерді қондыру көптеген елдерде жүргізілуде. 1980-1990 жылдары әлемде бүйректі қондыратын 301 орталық болып 25 мың операция жасалынған. Жүректі қондыратын 64 орталықта 500- ге жуық операциялар жасалынған.
Қазақстанда мүшелерді трансплантациялау операциялары академик М. Әлиевтің есімімен байланысты. М. Әлиевтің басшылығымен ХХ ғасырдың 80-90 жылдары бауырға, ұйқыбезіне, т.б. мүшелерге операция жасалынған. 2002-2003 жылдары Қазақстан дәрігерлері трансплантация саласында жаңа жетістіктерге қол жеткізді, себебі, ұлпалар мен мүшелерді қондырудан жасушалық трансплантацияға көшті. Мысалы, 2002 жылы М.Әлиевтің басшылығымен бауырға, 2003 жылы әлемде бірінші болып М.Әлиев, Ж. Досқалиевтар қалқанша безге шприцпен эмбриондық жасушаларды енгізу арқылы сәтті операциялар жасады. Қазіргі кезде Қазақстанда бауыры ауыратын адамдарға эмбриондық гепотоциттерді енгізу арқылы жылына 200-300 сәтті операциялар жасалынды. Бұл әдістің болашағы мол.
Трансплантологияда мүшесі алынатын ағзаны – донор, ал сол мүшнеі қондыратын ағзаны – рецепиент, қондырушы мүшені – трансплантант деп атайды. Оны үшке: аутотранплантация, аллотрансплантация және ксенотрансплантация деп бөледі. Аутотранплантация деп бір ағза мүшесін сол ағзаның екінші бір жеріне қондыруды айтамыз. Аллотрансплантация дегеніміз бір түрге жататын ағза мүшесін екінші бір ағзаға қондыру. Ксенотрансплантация деп донор және рецепиент әртүрлі түрлерге жататын болса айтамыз.
Трансплантологияның көптеген белгілі проблемаларына: сәттілігі және дер кезінде донор табу, тағы басқалар жатады. Оның нәтижесі барлық уақытта сәтті бола бермейді, себебі, көпшілік жағдайларда трансплантант пен рецепиент арасында иммундық үйлесімділік болмайды. Яғни, донор мүше мен рецепиент ұлпалары арасында гистоүйлесімділік болмаса, рецепиент ағзасында донор мүшесінің ұлпаларына қарсы бағытталған антидене түзіледі де соңғысын кері қайтарып, трансплантацияны болдырмайды. Ал егер, рецепиент пен трансплантант арасында гистоүйлесімдік болса, онда трансплантация нәтижесі сәтті болады. Бұл тұрғыдан алғанда аутотрансплантация ең сәтті, ал аллотрансплантация әсіресе, ксенотрансплантация сәтсіздеу болып келеді.
Аталған проблемаларды шешу үшін көптеген әдістер қолданылады — иммунодепрессанттарды қолдану, эмбриональдық құрылымдарды пайдалану, ағза мүшелерін клондау т.б.
Қажетті донор мүшелерін дер кезінде табу екінші негізгі проблема болып табылады. Оны мүшелер мен ұлпалар банкін құру, жасанды мүшелерді құрастыру, ағза мүшелерін клондау арқылы шешуге болады. Қазіргі кезде тері, қан банкілері құрылған және адамның барлық мүшелерінің жасанды баламалары құрастырылған. Дегенмен, трансплантологияның болашағы ағза мүшелерін клондаумен байланысты.